Сырласу

Жұбаныш қып сырластым жырақтағы айды,

Жүрегімнен кетпеді бірақ-та қайғы.

Жазға сеніп жазушы ем жыр толассыз,

Әттең, мезгілдер тұрақтамайды..!

 

©Құрбангүл Ағабек

 

 (Құрбангүл әпкеме)


 Ееее әпкетай..

 Жалынына жазымның көнбей тыңмын!

 Жалынсыз-ақ жанымды емдейтінмін.

 Бүгін жазға сенуді доғарыпсыз,

 Мен баяғыдан, бәріне сенбейтінмін.

 

Жалт етер үмітімнің шамы жанбай,

Төрт мезгілдің кеудемде табы бардай..

Күзден қандай бақытты күтіп жүрсіз?!

 Мен жазымды жүргенде сағына алмай.

 

Жазғандай боп жанымның жырмен емін,

 Иілерін бұл айдың білген едім.

 Жаз келіп, аяғыма жығылғанмен,

 Жаным ашып, орныңнан тұр демедім.

 

 Шарпып отпен жанымды бойламақ күн,

 Тәтті дертпен жүрекке жайламақ кім?!

 Жылуымен жылытар деуші едім,

 Ыстығы күйдірерін ойламаппын..

 

 Құлдыраған шығар-ау, баған бүгін,

 Бірақ сізге әсте жоқ тағар міңім.

 Сізге жаздың ыстығы өтіп кетсе,

 Маған өтті өзімнің жамандығым.

 

 Кіршіксіз ең алдында ар мен күздің,

 Жүрегіңіз жылай ма әлден сіздің?!

 Жылат десең жылатам, әпке, бірақ

 Жұбатуға келгенде дәрменсізбін.

 

 Біз осы өзгелерден ерекпіз бе?!

 Қалдырайық хат-хабар, дерек күзге.

 Білесіз бе?! Жазға сеніп жүру үшін..

 Қайтадан ғашық болу керек бізге..!

 

 Сөйтейікші..

Ақгүл Айдарбекова



Бөлісу: