Ескіден қалған мұра
жеке
блог

Ескіден қалған мұра

Ерінбей оқып шығыңыздар, ағайын!

Негізі менің түп нағашыларым Шымкент қаласынан. Тегі – Қожа. 

Мына суретте нағашы апамның әкесі – Азизxан. Бұл кісіні көзі тірісінде көрмегенмін. Анам кезінде айтатын:

– Азизxан ата байсалды, сабырлы, оған қоса өлең жазуды ұнататын,– деп. 

Бірде үйде анам қағаздарды ақтарып жатып, түсі оңып кеткен дәптер тауып алды. Ішін ашып қараса, атамыздың өлең дәптері екен. Туған туысына, әр түрлі жағдайларға арнап жазған өлең шумақтары. Соның ішінде маған ұнағаны осы шумақтар. Оқығанымда денем тітіркеніп, ойланып қалдым...
----------------------------------
Тояр ма тіршілікке шіркін адам,
Таусылғанша дүниеден тапқан жазған,
Ұмытар өлгеннен соң жылап жылап,
ең жақын туысқан мен туған балаң.
Жиналып тамақ үшін оқып құран,
молдалар пітір жинап дәурен құрған.
Қайтады көміп сені мазаратқа,
Құтылғанша асығып жұрт жиналған.
Қыз кетер байға тиіп, ұл уйленер,
Туысқанды қатындар бөлек бөлер,
Қабіріңе кім барып іздеп сені,
Ескеріп гүлдер егіп, жасын төгер.
Көп жер көріп базарын базарладық, 
Танысып әртүрлі елмен түрлі халық.
Дүниенің мына бес күн базарында,
Көрмедім ешнәрсені қуанарлық.
Білмеймін діннің сөзін, көзім соқыр,
Тәркі дүние қылар ем дуаналық.
Тәуап қып әулиелер босағасын,
Жатар ем есігінде домаланып.
Құдай бір, Расул бар, хақ деген сөзді,
Мың қайтара қайталап жаттап ап,
Ойламай бұл дүниенің бақ, байлығын,
Өтер ем я Аллалап зікір салып.
Түспес ем жайнамаздан күні түні,
Дүниенің тірлігінен көңлім қалып,
Алтынды қойсаңдағы алдыма үйіп,
Бұрылып қарамас ем, көзім салып.
Оқыр ем күні-түні құранымды,
Сұрар ем бір Алладан иманымды,
Садақа мүсәпірге үлестіріп,
Шашар ем бұл дүниеден жиғанымды! 
Тұтар ем жыл он екі ай оразамды,
Намазбенен өткізер ем атар таңды,
Жолына бір Алланың садақа қып,
Қинар ем аямастан азиз жанды.
Не құран жоқ, не намаз, не ораза,
Білмеймін Аллам берер қандай жаза,
Арақ пенен ғайбатпенен өмір өтті,
жаратқан өзі есіркеп аямаса.
Адам да жоқ сырласып, ақылдасар,
Я оқытып бір діннен көзіңді ашар,
Кімге кеп жалынсам уйретші деп,
Мал қалды, жұмыс бар деп тұра қашар.
Замандас жоқ, сырлас жоқ көңіл шертер,
Қам көңілді қабаттап басты уайым,
Хәлімді сұрап бір жан жоқ көңлімді аулар,
Бұзылған жұртта қалған байғыздаймын!