Сүйдім мен сені...

Сүйдім мен сені...
жеке
блог

Долы дауылдай ешкім түсінбес күй білген 
Балауыздайын өз оты өзек күйдірген
Сезімім бура бұлттардай тынбай бұрқырап,
Тұрса да таудай биіктікпенен сүйдім мен.

Күзгі жел ұлып билеген шақта атырапта ай
Сүйдім мен сені дірілдеп тұрған жапырақтай
Сүйдім мен сені жалғанның жалпақ жерінде 
Жалғыз қалдырмай жүргенің үшін... жадыратқай!

Көзімнен мұңым төгілмесін деп сүйдім мен 
Терезем алды толса ғой дедім үй гүлмен 
Қайғырғаныңда қайғыңды алсам тең бөліп,
Тек сенің күлкің қатар естілсе күлкіммен.

Сағыныш табы сезілмесін деп ернімнен 
Сыңси ұшпасын шағала біткен көлімнен
Табалар жандар сыртымнан тасын атқанда,
Сен жайлы ойлар сауытым болар дедім мен.

Менмендігімді алдыңда құмдай үгітіп
Сүйдім мен сені барымды мүлде ұмытып
Ұнаттым дедім ұлпадай жүзім жымиып,
Батпағандай боп дүниенің батпан мұңы түк.

Үнсіздігіңді жігерсіздікке балар көп
Өлеңді жұттым кесірім тиір қалар деп
Сүйдім мен сені қанатымды әппақ қаққанда,
Жаңбырлы күні есіне мені алар деп.

Мазам қашқанда күйкі өмір сілтеп найзасын -
Дұшпаным күнде асырған болды айласын 
Жүрек лүпілім қайталап жатыр атыңды
Жүрегім сен деп жапырақтарын жайғасын.

Жұлдыз Бейсек.