Нәпсі.

Адамның үлкен жауы нәпсісі шын,
Наданның кібірлігі – кей қылығы.
Пендеге беріледі жақсы ісі үшін,
Алланың нығметі мен игілігі.

Өмірдің тәкаппарлық кесірі анық,
Көңілдің адалдығы кірлемесін
Кішілік -кісіліктің несібі алып,
Ісі нық оралады бүлдеге шын.

*** *** ***

Ежелде,
Өткен заман ғасырларда,
Кезеңде, жаугершілік тасырларда.
Еңсегей өр тұлғалы батыр бопты.
Уайым жоқ елде мұндай асыл барда.

Ел екен бір Аллаға бағынған кіл,
Жер екен әсемдікпен танылған бұл.
Жаратқан жар боп өзі жамағатқа,
Болаттан берік батыр ағылған мың.

Кеңдікте кемел сана болған ба шын?!
Елдікте ерлік даңқы қорғанға сын.
Бірлікте жауды жеңген өр батырлар,
Тірлікте нәпсісіне қорланбасын.

Кесір боп батырға бұл атақ барлық,
Есір көп шатылды бас шатаққа нық.
Ойына өзін мінсіз көретіндей,
Бойына ұялады тәкаппарлық.

Басынан көзге дейін түскен бөрік,
Мақтанды өз кескінін үстем көріп.
Ұлысқа ұлы болған даланы кең,
Уыста ұстағандай күшпен берік.

Батырдың менмендігі дұшпандығы,
Ақылдың сабыр деген қысталды үні.
Дараның кібірліктен сөнді үміті,
Даланың ерге деген құштарлығы.

Ағыстан аға білген сын қымбатты.
Алыстан болжай білген шын зұлматты,
Бағы ұшқан зынданда отыр батыр үнсіз,
Данышпан шындық қарт кеп бір тіл қатты:

Жарығың таяп қапты сөнуге шын,
Алыбым өз нәпсіңе ерудесің.
Сүйетін бір Алланың ақиқатын,
Ниетің жамандыққа өрілгесін.

Ақылсыз адам шіркін озбақ кімді?
Батырсыз қай ел жығар қозғап шыңды.
Жеңгенмен елге шапқан жауыңды нық,
Дендеген жеңе алмапсың өз нәпсіңді!

Иман-қой, ақыл-қойшы, нәпсі бөрі,
Иманды баға білсең жақсы бәрі.
Нәпсіні жөнге салар мына сенде,
Дәл қазір ақыл атты тапшы дәрі.

Бұлдырап сағым болып қарт данышпан,
-Құндырақ иманың,- деп айтты алыстан.
Шындық-ақ тым кеш келген иманның да,
Шын бірақ пайдасы жоқ қалтарыстан.

*** *** *** *** *** ***

Иманым – бойымдағы алтын бағым,
Сабырмен нәпсімді нық алқымдадым.
Ақылым кенім менің,
– Үшеу барда,
Адаммын, қарапайым қалпымдамын!

Амалың сауабыңа, баққа сауға,
Ақиретте өз жаныңа жақтасарға.
Жақсының жақсылығын нәсіп етіп,
Нәпсінің жетегінен сақташы Алла!

©  Бексұлтан БАСЫҚАРА.



Бөлісу: