Тимоти Брэдли Геннадий Головкинге лайықты қарсылас па?

Бокстан WBA (Super), IBO және WBC (Interim) нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы отандасымыз Геннадий Головкин америкалық боксшы Тимоти Брэдлидің келесі жекпе-жегі үшін лайықты қарсыластар тізімінде көш бастады.

«Bleacherreport» спорт басылымы таратқан мәлімет бойынша, 33 жастағы қазақстандық боксшы 31 жастағы АҚШ боксшысы үшін ең лайықты қарсылас атанып отыр. GGG бұл тізімде әйгілі Флойд Мейвезер (кішісі) мен Мэнни Пакьяоны артта қалдырған. Себебі, Геннадий Головкин мен Тимоти Брэдли жекпе-жегі жанкүйерлер үшін қызықты саналуда.

GGG мен америкалық боксшының спорттық мансабындағы өткізген жекпе-жектері шамалас. Ал нәтижелер көрсеткіші бойынша қазақстандық боксшының жетістігі жоғары. Тимоти Брэдли кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін 2004 жылы өткізген. Одан бергі аралықта 35 кездесу өткізіп, 32-сінде жеңіске жеткен. 12 кездесуін мезгілінен бұрын аяқтаған. 1 кездесуінде тең түссе, 1 жекпе-жегін Мэнни Пакьяоға қарсы өткізіп (Мэнни Пакьяоны бір рет жеңген), жеңілген. Ал 1 кездесуі жоспарланғанмен, өтпей қалған.

Тимоти Брэдли Генаның осыған дейінгі қарсыластары секілді түрлі басылым беттерінде жеңіске жететіні туралы жария салуда. Бірақ екі тарап әлі кездесу ұйымдастыру туралы келісімге келген жоқ. АҚШ боксшысы бапкерінің айтуынша, ол Головкинмен жақсы келісім болса жекпе-жекке шығуға келіседі. Ал ақпарат құралдары Тимоти Брэдли Геннадий Головкиннің жойқын соққыларына шыдай алмайды деп бағалап отыр.

Айта кетейік, Тимоти Бредли өткен демалыс күні отандасы Джесси Варгасты жеңіп, WBO тұжырымы бойынша жартылай орта салмақта уақытша әлем чемпионы атанған болатын.