Мен таңдаған мамандық
жеке
блог

Мен таңдаған мамандық

Біз – дербес мемлекетпіз. Сонымен қатар Қазақстан аузын айға білеген, дамыған елдер қатарынан көрінуде. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіздіктің ақ кемесін ұстағалы, алашымыздың аспаны бір бұлттанған емес. Қазақстан ілгері жылжыған сайын жаңа мамандықтарға, ХХІ ғасырға сай білім иелеріне деген сұраныс күннен-күнге артуда. Н.Ә.Назарбаев: «Болашақ жастардың қолында» - деген ұстанымды алға тартып, жастарға көбірек көңіл бөлуде. Біз осындай елде тұрып, осы елдің азамат, азаматшасы болғанымыз үшін бақыттымыз. Ендеше, Қазақстанның жас ұланы ретінде мен де болашақ өз мамандығым жайында айтқым келеді.
Мамандық – қызметкерлердің кәсіп шегіндегі қызметінің нақты саласы. Мамандық таңдау – өміріміздің бір кірпішін дұрыс қалау. Үлкен өмірге қадам басқан сәттен-ақ көп дүниелерге таңдау жасауға тура келеді. Ата-аналарымыз сәби кезімізде біз үшін таңдау жасаған болса, есейе келе біз өз бетімізше шешім қабылдаймыз. Сәби күнімізде түрлі ойыншықтар таңдап әуре болсақ, мектеп қабырғасында таңдау пәнімізді, дос-құрбыларымызды, өзімізге сай ортамызды таңдаймыз, ал қазір, міне, мамандық таңдап, болашақты айқындайтын сәт те келіп жетті.
Мен – журналист болғым келеді. Себебі, мен кішкентай күнімнен жазуға, сөйлеуге өте жақын болып өстім. Ортаңғы сыныпта қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Ниязмағамбетова Зәмзәгүл және аяулы анамның қолдауларымен поэзияға деген маxаббатым оянды. Көкейдегі сұрақ: бұл мамандық мені несімен қызықтырады? Күнделікті газет-журналдардың, теледидардағы жаңалықтар мен арналарда беріліп жататын шоулар мені елеңдетпей қоймайды. Түрлі бағдарламаны қарап, ойыма келген жоспарымды түртіп қоямын. Мен асқақ арманыма жету жолында еш нәрседен тайынбаймын. Бұл мамандық үлкен қажырлықты, төзімділікті, еңбекқорлықты талап етеді. Әр үзім наның ізденіспен, күреспен келеді. Бірақ, әрбір адам өз болашағы үшін аянбай еңбек етуі керек. Болашақ бүгіннен бастау алады. Сондықтан алдағы өмірдің мағыналы өтуі үшін, өз қалауыңыздағы мамандықты дұрыс таңдай білу қажет. Сонда ғана әркім өз ісінің шебері болады. Қазіргі таңда мен таңдаған журналистика мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде оқып білім алып жүрмін. Ол үшін алдымен Жаратқан Иеме, содан соң ата-анама алғысым шексіз. Әрі қарай да тыңғылықты еңбек атқарып, елге жаңа тың дүние алып келгім келеді. Көбіне адамдар бұл мамандықты қиын деп жатады. Шындығына келгенде, әрбір мамандықтың өз қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Ешнәрсе оңай жолмен келмейді. Өмірдің өзі бұралаңы көп қиын жолдардан тұрады емес пе? Жетістіктерге жетіп, үлкен белестерді бағындыру үшін қажырлы еңбек етіп, тәуекел ете білу керек және ең бастысы – білім. Мен бұл мамандықты таңдау арқылы еліме елеулі еңбек етемін.