Жан сырым

Жан сырым
жеке
блог

    Есейген сайын мен үшін өмір күрделеніп бара жатқандай. Достықтың да, махаббаттың да, оқу мен тоқудың да мәнісін қазір басқаша қабылдаймын. Осыдан жарты жыл бұрын өз-өзімді жоғалтып алдым деп пост жазған едім. Неге екенін білмеймін ішімдегі алай-дүлейдің бәрін осы Массагетке жазамын. Мен үшін бұл жер - менің электронды күнделігім. Қиналып, құлазысам да, қуанып, шаттансам да осы жерге жазып қоямын. Өйткені, мұда сенің сөзіңді ешкім бөлмейді. Қараса қарады, қарамаса ешкімге зорлық жоқ. Есесіне, іштегіні шығарып, жеңілдеп қаласың... 

   Қазір ойым өте шашыраңқы. Ананың басын бір шалып, мынаның басын бір шалып бірдеме жазып отырмын, әйтеуір. Ешкімге пайда әкелмесін білемін. Тек, жазайыншы. Кейде мен үшін әлемнің бар қиындығын қалам мен қағаз ғана шешетіндей. Төбем көкке жетердей қуансам не болмаса өмірден түңілердей күй кешсем, жазамын. Жан жарамды емдейтін осы жазу ғана. Жан сырымды ақтарғым келеді. Алайда, оны тыңдар адам бар ма? Бәрінің басында бір-бір "қайғы". Сөздің шыны керек, кейде ішімдегінің бәрін айтып-айтып ақтарылғым келеді. (Бір ұстазым айтқан еді. "Сөздің шыны керек" деген сөзді өтірік айтып отырған адам қолданады деп. Алайда, менің шындығым – осы.) Бірақ..... Маған көп адам басыңдағы қиыншылығы мен сырларын айтып көп ашылады. Тыңдаймын. Шамам жеткенше, өз тарапымнан бір "кеңестер" айтқан болам. Қолдан келгенше көмектесем. Бірақ өзім жан баласына сырымды аша алмайтыныма таң қаламын. Бәлкім, әрдайым тыңдаушының рөлінде болғандықтан ба...білмедім, әйтеуір, сондай күйде жүрем. 

   Сосын....тағы бір нәрсе. Адамдардың бетпердемен жүретініне ызам келеді. Кейде, жыным келеді. Шын мәнісінде қандайсың, неге сондай болып жүрмеске?! Иә, өмір – үлкен театр. Ал, біз – әртіспіз. Бірақ, сонда да. Көп кітап оқымайсың ба, онда өзіңді кітап құмарлардың жаныңда "оқымысты" қылып көрсетудің қажеті жоқ. Сен басқа салада таланатты шығарсың. Неге сонымен көзге түспеске? Қысқасы, өзің көтере алмайтын шоқпарды беліне байлама. Философ болып отырған түгім жоқ. Тек, ішімде маза бермей жүрген соң, күнделігіме жазып қояйын дедім.

   Сосын тағы бір нәрсе айтайын ба? аааййй....жазайын ба? Адам өзін-өзі сынаудан қорықпау керек екен. Өзіңді барлық жағынан сынып көр. Ол да тәжірибе. Қазіргі қыздардың бір "синдромы" бар. Түнде ұйқы бермей жүрген жігітке хат жазу мәселесі. Ол бірінші болып жазбады ма, сен жаза сал. Иә, жаза сал. Онда тұрған не бар? Бұл да бір қалыптасқан жүйені бұзу деп білемін. Өмір деген түп-түзу сызықтан ғана тұрса, мұншалықты қызық болмас па еді кім білсін? Сосын қорқынышты жеңу де – тағы бір жаңа нәрсе. Алайда, ол қолымнан келмей жүр. Нәтиже болса, бұйырған күні ол туралы да жазармын. (Мұның ешкімге қызық емес екенін білемін, әрине. Бірақ, өзге адамдардың сырынан басқасын ішімде сақтағым келмейді).

    Ешкім ешкімге міндетті емес. Осы сөзді есіме алсам, кәдімгідей жеңілдеп қаламын. Әуелі, ешкімнен ештеңке күтіп әуре болмаймын. Әйтпесе, біреуге бірдемемізді өткізіп қойғандай, бұлқан-талқан болатын сәттеріміз де болады. Сол үшін, Сіз маған ештеңке үшін қарыздар емессіз. Сіздің тарапыңыздан ешнәрсе де күтпеймін. Егерде мен біреудің жылулығын, жақсылығын сезінсем, менің тарапымнан міндетті түрде қайтарым болады. Ал, менің тарапымнан жақсылық жасалса, оған жауапты ешқашан күтпеймін. 

     Мен кейде өзімді түсінбей кетемін. Не қалайтынымды ұқпай қалатын кездерім болады. Өз қалауыма күлкім келетін сәттерім де болады. Кейбіреуін жазайын ба..? Мен кинодағыдай романтикалық махаббатты қалаймын. Мен кинодағыдай мығым достықты қалаймын. Мен әдеби кітаптардағы басты кейіпкердің қайсарлығын қалаймын. Меңтай мен Жібектің нәзіктігін қалаймын. Кей сәттерде Робинзон Крузодай елсіз аралдағы жалғыздықты қалаймын. Енді кейде езу жидырмай күлдіретін нағыз достардың ортасын қалаймын. Нағыз күлкінің, ескірмес естеліктердің болғанын қалаймын. Осылардың бәріне қол жеткізу өзіме ғана байланысты ма? әлде сыртқы факторлардың әсер етуі керек пе? Сіздер жауап жазыңыздаршы.

   Мен ұзақ жазбаларды ұнатпаймын. Достарыма да іш пыстыратындай, ұзақ қылып жазбаңдаршы деп айтып жүремін. Осы жолы менікі олардан асып түскен тәрізді. Есесіне, осы ұзақ жазба арқылы ішімді жеңілдеттім. Өзім армандаған образым осымен аяқталды.

   Енді әдеттегідей "тыңдаушы" статусындамын.