Үйді сағынуға болмайды...
жеке
блог

Үйді сағынуға болмайды...

Жыл сайын жаңа жылды асыға күтуші едім. Қанша жаста болсам да, Аяз атаға хат жазып, өз-өзімнен мәз болатынмын. Ал биыл ол да жоқ...

Жаңа жылдық атмосфера сезілмей, бір түрлі болып жүрдім. Тек жаныма медеу болғаны үйге кетуге арналған пойыз билеті. Күн сайын билетіме қарасам, көз алдыма отбасы мүшелері елестетіп кетеді. Жо-жоқ, мені мына алып шаһарға ешкім де сүйреп әкелмеді. Өз аяғыммен арман қуып Алматыға келдім. Ал не өңді? Өзім де білмеймін. Бірақ, уақытша ғана қақтығыс төңкерістер екені өзіме ғана мәлім шығар.

Көзді ашып-жұмғанша төрт айдан астам уақыт өте шықты. Сондай бейкүнә көрінген Алматы маған көп нәрсені үйретті. Сүріндірді, жылатты алайда, мықты болуды ұғындырды. Мейлі, мүлде оқуыма болар еді. Бірақ, бәрі де ата-анамның көз қуанышы үшін ғой. Әйтпесе, текке де бермес дүниелердің көп екенін байқадым. Тектілігімді сақтап, тәрбиелігімді көрсетіп, көп жерде көз жұмдым, ал кей уақытта шыдай алмай, ақ пен қараны ажыратуға іс-әрекет еттім. Осылай біріне-бірі ұқсамай күндерім өтіп жатты...

Интернатта тұрып оқығандықтан, үйден жырақта жүруге ертеден-ақ мойын ұсынып кеткен қыз едім. Сонда да «үй» деген сөздің жөні бөлек қой. Сол уақыт ең тәтті кездер болды. Бір қара нанды бөлісіп жеп, бір үйдің балаларындай интернатта тұрдық. Содан қанат қағып, жан-жаққа ұшып кеттік. Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалімім  бізге жиі-жиі «енді үйді сағынуға болмайды» деп айтушы еді. Онда ұшып-қонып жүрген біздер осы сөздердің астарын ұқпадық. Ал қазір сөздің астарындағы мазмұн-маңыздылықты түсіне бастадым. Шынымен де, үйді сағынуға болмайды...

P.S. 1-курстың 1-семестрін аяқтап,  Көкшетауыма бардым-ау. Отбасыммен қауышып, мәз-мейрам болдым. Бірақ, өз үйінде өзің "қонақ" болу деген қызық екен...