Жай ғана жазба

Блог дегенді онша жазып көрмеппін. Онша дегенім өтірік болар, мүлде жазып көрмеппін. Себебі, сырымды сыртқа жайғанды ұната бермеймін. Байқасам, бұл электронды күнделік екен. Бірақ, бәрібір өз "күнделігіңе" жетпейді ғой, иә? 

Сонымен, көптен бері бірдеңе жазу ойда жүрген еді. Әне жазам, міне жазам деп жүргенде мамыр келді. Шыныменде не жазам? Димаш туралы жазайын десем, жұрт одан да жалықты. Саясатқа бас ауыртқым келмейді. Өмір туралы айтайын десем, шлии ақылды болмайын дедім. Сонымен не керек, әуре-сарсаңға түстім. Ескерте кетейін, менің дәл осы блогымнан өзіме бірдеңе алайын демеңіз. Жай ғана өткінші көңіл күй ғана.

Соңғы күндері көп нәрсе ойландырып жүр. Абай айтады ғой, "айына немесе аптасына бір рет өзің есеп беріп тұр" деп. Мен сол есеп бермей кеттім-ау өзіме. Күн артынан күн зулап, уақыт зырғып өтіп жатыр әйтеуір. 4-курсым да бітіп қалыпты. Жақында мемлекеттік емтихан, ары қарай диплом...

"Диплом" десем жүрегім біртүрлі болады. Қызық-ай, диплом алатын уақыттың таяп қалғанын сезбей де қалыппын. Төрт жылым төрт-ақ күнде өте шыққандай құдды. Сонымен, төрт жылда не бітірдім? Нендей жетістікке жеттім? Ойласам, азды-көпті жететін дүниеге жетіппін. Ай, бірақ, көңіл шіркін оған қанағаттанбайды. Өткенді ойласам, өзімді жазғыра берем...

Негізі адам сондай әлсіз жаратылыс. Ісіңізде яки өміріңізде әлдеқандай сәтсіздік немесе құлдырау болса кінәні ешкімнен іздемеңіз. Барлығына кінәлі – өзім. Тек қана өзім! Соны білем. Бірталай мүмкіндіктер болды. Құр жіберіп алдым. Алайда, аз-мұз нақты шешімдер жасаппын. Оған да шүкір. 

Байқасам, адам есейген сайын проблемаға белшесінен бата түседі. Білмеймін, бәлкім соларды өзіміз ойлап тауып аламыз ба? Бітпейтін нәрсе көп. Сосын, сенім азаяды. Көп ешкімге сенім білдірмейді екенсің. Досың емес, жолдасың көп болады. Тек Абай айтқандай "өзіңе сен өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап", өзіңе ғана сенетін кезең келді бүгін. Шынымен сондай бір кер кезеңге тап келдім. 

Енді не істемек керек? Үлкен өмір тұр алда. "Шешінген судан тайынбас" дей ме? Нақты жоспарлар бар. Сөзден іске көшетін уақыт келген сияқты. Айтпақшы, (жарнама деп қабылдамаңыз) басым бос. Неғып өйтіәп жүргенім өзіме де түсініксіздеу. Құдайдың бір бұйырған қызы бар шығар деп үміт етіп жүрген болуым керек. Кездесіп қалар...

Сонымен өмір майданына дайын ба екем? Соны ойланып алайын...Ал, сіз дайынсыз ба немесе іске кірісіп кеттіңіз бе?



Бөлісу: