Өмірдің өзі новелла

Мен осыдан тұп-тура 168 кун бұрын,яғни 6 ай бұрын кіндік қаным тамған жерім Шалқар қаласынан арман қуып Алматыға келдім. Алғаш зәулім шахарға 12 жасымда келіп, қаланың өміріне қатты қызықтым. Арада 5 жыл өтіп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түстім.

Өмірдің өзі қызық. 5 ай бойы шат шадыман күн кешіп,бір-ақ күнде қорқынышты сәтті бастан кешіру, үш ұйықтасам да түсіме кірмеген еді.

Оқиғаны әріден бастауды жөн көрдім. Осыдан 8 күн бұрын (1 ақпан) сабақтан шыққан соң, кешкі 16:15-те қысқы Универсиада-2017 ойынын көру үшін "Сұңқар" трамплиніне бағыт алдым. Бұрын-соңды барып көрмеген соң, әрең дегенде діттеген жерімді таптым. Жарысты 1 сағат бойы қаққан қазықтай бір орында отырып, әрі қарай суық жерде отыруды жөн көрмей, жатақханаға бет алдым.18-ден 15 минут кеткенде ағам хабарласып, менің бүгін вокзалға барып, пойыздан зат күтіп алуым керектігін айтып, жолсеріктің мені күтіп отырғанын зілді дауыспен айтты. Менің есім шығып, күнде адаспай тауып жүрген аялдаманы (Тимирязев көшесі) таба алмай, біраз сенделіп жүргенім менің де, ағамның да ашуына тиген-ді. Хабарласайын десем қыстың аязына шыдамай, бір темір тұлпардың құнына татитын ұялы телефонымның қуаты таусылып, бір сәтке жұмысын тоқтатты. Арада 2 сағат өткен соң, Алматы вокзалына ентігіп келгенімде, Ақтөбе-Алматы жүрдек пойызының Қапшағай мостына барып тұрақтағанын білдім. Бұрын-соңды атын да, затын да естімеген белгісіз жерге бару, оның үстіне тірі жан жоқ, қараңғы, бірен-сараң жерден нүкте болып жарық жанып тұрса, ол жерге жігіт, не болмаса жүрек жұтқан адам бармаса, анау-мынау адам бара бермейді екен.Мен тәуекелге бел буып, Қапшағай мостына қарай бет алдым. Бұрын қараңғы түскен уақытта далаға шықпағандықтан болар, әйтеуір бойымды қорқыныш сәт сайын билей берді. Тіпті, екі көзден мөлтілдеп жас аққан да, артымнан  ащы су ұрттап алған адам да қалмай қойған сәттер де болды. Әйтеуір не керек, пойызды тауып, ауылдан жіберген затымды ешкімге алдырмай, жұлдырмай, соңғы автобусқа үлгеріп, жатақханаға жеттім. Қасымдағы қыздарға басымнан 2-3 сағатта орын алған жағдаймен бөліскенімде, олар құдды бір қорқынышты киноға түскендейсің деп баға берді.

Сол оқиға басымнан өтіп жатқан сәтте тірі пендеден емес, бір Алла тағаладан көмек сұрадым. Сонда бір түсінгенім: аспанда Құдайдың бар екенін, бізді әркез жамандықтан қорғап жүретіндігін, одан бетер түсінгендеймін. Басқа түссе баспақшыл деген осы...



Бөлісу: