Шетелдегі шырғалаң...
жеке
блог

Шетелдегі шырғалаң...

2012 жылы қаламызда тұңғыш рет «Сэджонг корей тілі орталығы» ашылды. Оқуда септігі тиер деп сол тіл курсына мен де жазылдым.

Әр жыл сайын аталған орталықта үздіктерді анықтау үшін олимпиада өткізіліп, жеңімпаз Оңтүстік Кореяның астанасы – Сеулге 1 аптаға сапар шегу мүмкіндігіне ие болады. Алғаш түскен жылы мен де сол олимпиадаға қатысып, жеңіп шықпақ түгілі, үздік үштіктен де көріне алмадым)) «Жарайды, әлі-ақ бағым жанып, арманым орындалар» деп өз өзімді жұбатсам да, іштегі өкініш маза бермеді. Нар тәуекел деп келесі жылы тағы да бағымды сынадым. Бұл жолы айым оңынан туып жолдаманы ұтып алдым. Қуанышымда шек жоқ. Бәрі керемет. Ұшаққа отырып Сеулге жол тартар сәтті асыға күтіп жүрдім.

2014 жыл қазанның алтысы. Мен аңсаған күн де келіп жетті-ау. Бар жүгімді буып-түйім алғам. Барлық туыстарыма, достарыма сүйінші хабарды әлдеқашан айтып тастағам. Бәріміз тағатсыздана түнгі 1-ді күттік. Әуежайға да біраз уақыт бұрын келіп алғамыз. Ұшаққа отырғызу басталғанда, мәз болып электронды билетімізді ауыстырмақ ниетпен кассаға барсааақ, кассадағы қыздың «Визаң қайда?!» демесі бар ма)) Жүрегім селк ете қалды. «Виза жоқ, демек билет берілмейді, елден ұшып шыға алмайсыңдар» дейді. Біз аң-таң, мұғалімдерімізден бұл туралы алдын ала сұрағанымызда екі ел арасындағы виза мәселесі шешілген, оның қажеті жоқ деген соң, біз де бейқам жүре беріппіз ғой. Негізінде Корейліктер Қазақстанға визасыз келе алады, ал біз бара алмайды  екенбіз сөйтсек. Ертеңгісін арнайы жоспарланған бағдарлама бойынша біз Сеулде болуымыз керек, билеттің ақшасы төленіп қойған.. Әуежай абыр-дабыр. Астанадан баратын екі қызда виза бар да, Талдықорғаннан баратын менде және Ақтөбеден баратын екі қызда виза жоқ. Әуежайдағылар бізді жібермейміз дейді, біз кетеміз дейміз.Содан қойшы, әуежай қызметкерлерімен болған талай айтыстан кейін әйтеуір өз дегеніміз болып, визасыз Қазақстаннан ұштық та кеттік) 

Сеулге ол жақтың уақыты бойынша таңертеңгі 9-10дарда жеттік, ойлағанымыздай әуежайда тағы да сол әңгіме қайталанды. Бейне бір қылмыскерлердей Инчхон әуежайының бөлімшесінде неше сағат отырдық. Біздікілерге хабарласайын десек Қазақстанда әлі таңғы 6,бәрібір ешбір мекеме жұмысын бастамаған. Ақырында әуелі Аллаһтың, сосынАқтөбелік Айжан  деген пысық қыз бен Қазақстанның Кореядағы елшілігінің арқасында уақытша виза жасатып, әзер дегенде қонақүйге бет алдық қой.

7 қазан күні Сэджонг Институты басшысының қатысуымен бағдарламаның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Сол күннен бастап-ақ Сеулдің көрікті жерлеріне саяхат басталып кетті. Күнде Кенбоккун, Дондемун, Сувон, Кореяның ұлттық музейі, Сэджонг орталығы сияқты мемлекеттік маңызы бар жерлерге барып Корея жайлы танымыз кеңейе түсті.

Дондемун

Бір аптадан кейін бағдарлама аяқталып, әр елден келген делегаттардың алғашқы лебі Отандарына қайта бастады. Біздің ұшақ ертеңгі күні болатын.  Құр қол қайтпай, жақындарыма базарлық алып қайтайын деп Астаналық екі қызбен Намдемун базарына баратын болып шештік. Баруын бардым ғой сол қыздармен, алайда қайтар жағы мүлдем басқа әңгіме)) Олар арықарай басқа жақтарды барып көреміз деді, ал мен қонақүйге барып демалғым келді, сөйтіп Намдемуннан екі жаққа кеттік. 

Намдемун

Базарды аралап жүріп, қалай кеш түсіп кеткенін байқамай қалыппын. Тездетіп барып метроға отырдым да қонақүйге бет алдым. Ол жақтың метросын Алматының метросымен салыстыруға мүлдем келмейді енді)) Бізде отырасыз да, бір бағытта кете бересіз ғой, ал ол жақта мінесіз, бір жерден түсіп жолдың басқа жағына барып, көтеріліп, қайта түсіп ары-бері шауып жүріп басқасына отырасыз, картасын қарасаңыз бір шимай дерсіз) Әйтеуір келер жолымды жаттап алыппын метромен маған керек станцияға дейін дұрыс келдім. Метродан түстім, бірақ қай автобусқа отыратынымды білмеймін. Жөн сұрайын десем, бірі білмеймін дейді, бірі мүлдем қашып кетеді. Әрине ол қалыпты жағдай. Кеш қарайған шақта кім кімге жөн айтар дейсіз. Енді қайттім... Амал жоқ, алдында осы жерден қонақүйге дейін жаяу барған едік қой деп тікесінен жүре бердім. Қап, қай тұстан бұрылатынымды ұмытып қалыппын. Жылағым келіп кетті, телефон соғайын десем бірлігім жоқ, оның үстіне ол жақтың тарифі басқа, тіпті кімге хабарласарымды да білмеймін. Бір орта жастағы әйел кісіден жол сұрап едім, «Сен оданда қай жерден келе жатырсың сол жаққа бар да, сол жердегілерден сұра» деді. Расымен келе жатқан жерден жан-жағыма қарасам бірен саран адам ғана, тура жол бойымен келе жатырмын өзім. Дереу кері қайттым. Жаңағы жерге келіп жол сақшысына мән жайды айттым. Ол мені таксиге отырғызып жіберді, сөйтіп қонақүйді көргенде өз үйімді көргендей күй кештім. Келе сала Аллаһқа шүкіршілігімді айтып, аман-есен келгеніме қуандым. 

Ақымақ басым-ай, метродан түскен шағымда таксиге отыра салсам ештеңе жоқ қой сонда)) Бірақ ондай жағдайда осыншама естеліктер де болмас еді ғой, ә))

Қазір осының бәрін жүзіме күлкі үйіріле есіме аламын, алайда сол кездегі қорқыныш сезімі жай сөзбен айтып жеткізерліктей нәрсе емес...