Анам меморандумның күшін жойды

Әрең, дегенде 19 жыл бойы талпынып Қазақстан ДСҰ-ға кіріп жатыр. Сол секілді әрең дегенде оқып шыққан 1 курс түгілі 2 курстағы оқу жылым аяқталды. Анам екеуіміздің арамызда қабылданған меморандум 2015 жылдың 1-тамызынан бастап аяқталады. Мүмкін мерзімдік межені ұзартармыз деген талап-тілектерімді «ҚызбелХОЛДИНГ» компаниясының төрайымы қанағаттандырмады. Яғни, анам!

Аталған мәселе төңірегінде төрайым облыстық Қазақстан-Қостанай телеарнасының тілшілеріне : «Қазақстан 19 жыл дегенде дүниежүзілік сауда ұйымына кіріп жатыр емес пе, ол да сәуірде 19-ға толып кетті, демек, жаңа инвесторлар мен серіктестер тауып бұдан кейінгі тіршілігін өзі қаматамасыз етуі қажет!» - деп мәлімдеген.

Арадағы келісім-шарттың тоқтатылатыны жөнінде бұған дейін де «Ауылдық акиматтан» інім қоңырау соғып хабарлаған болатын. Сондай-ақ соңғы тоқсандағы тауар айналымын ескере отырып, құрамы табиғи заттардан тұратын ең соңғы рет өнім экспорттап отырғандарын жеткізді.

Осы себептен өзіме инвестиция тарту жолдарын зерттеп, жаңа инвесторлар іздеуге мәжбүрмін. Тіпті ресми жұмыс орындарынан шақыру түсіп жатса қарсылық танытпас едім. Бизнес саласындағы мамандарды паналайтын уақыт енді келген сыңайлы...

 

Төменде соңғы айда келген тауар. Суретті түсірген: автор))

 



Бөлісу: