Батыс Қазақстанда үш жасар бала түн ортасында жалғыз серуендеді

Батыс Қазақстанда үш жасар бала түн ортасында жалғыз серуендеді
Фото: tn.kz

Батыс Қазақстан облысында түнгі сағат 2.00 шамасында үш жасар бала көшеде жүрген жерінен табылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңірлік сот түн ортасында көшеде жалғыз жүрген 3 жасар балаға қатысты істі қарады. Бүлдіршінді жас жұп тауып алған. Олар басында баланың ата-анасының қайда тұратынын өз беттерінше білгілері келген, дегенмен жауап ала алмаған олар полицияға хабарласады. Тәтіп сақшылары баланы әкетіп, кәмелеттік жасқа толмағандарды бейімдеу орталығына жібереді. Баланың ата-анасының аты-жөнін олар келесі күні анықтады.

"Бүлдіршіннің анасы азаматша Әшімова болып шықты, ол күйеуімен бірге ұйықтап қалғандарын, баланың шығып кеткенін байқамағанын айтты. Баланың жоғалғанын ата-анасы ертеңіне ғана білген", - деп жазылған хабарламада.

БҚО Кәмелеттік жасқа толмағандар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың шешімімен баланың анасы кінәлі деп танылды, оағн ескерту түріндегі жаза тағайындалды.

БҚО өңірлік сотының судьясы ата-ананың бейқамдығына қатты алаңдаушылық білдірді. 2015 жылы 7 айдың ішінде "Кәмелеттік жасқа толмағандардың заңды өкілсіз үйден тыс жүруіне" қатысты 467 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

М. Бисембаева