Сыйластық пен татулықтың негізі – алғыс айту күні

Сыйластық пен татулықтың негізі – алғыс айту күні
жеке
блог

Алғыс айту – іштегі жылулықты өзгелермен бөлісу. Алғыс айту – жаныңдағыларға шуақ шашып, жүздеріне күлкі ұялату. Қазақ жерін мекендеген түрлі ұлттарды біріктіріп, басын қосқан бұл мереке бүгінде жалпыхалықтық сипатқа ие.

Алғыс айту күнінің көктем мезгілінің алғашқы күнімен дәл келуі жайдан-жай емес. Көктем – ел жаңарып, жанданатын мезгіл. Менің топшылауымша, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасын нығайтып, сый-құрметі мен сыйластығын арттыру мақсатында 1-наурыз күні әдейі таңдап алынды. Бұл күн - жылы лебіздер мен ақжарма тілектерге толы күн.

Ең әуелі, 11 жыл бойы білім нәрімен сусындатып, бар жақсыны беруге тырысқан ұстаздар қауымына алғысым шексіз! Жарты әлемді жаулаған Александр Македонскийдің өзі ұстазы Аристотельдің алдында басын иіп, оған мәңгілік қарыздар екенін мойындаған. Осынау қиындығы мен қызығы қатар жүретін қазіргі қоғамдағы ең жауапты мамандықтың иесі болу оңай емес. Абай атындағы мектеп-гимназия-интернатының ұстаздарына заман талабына сай дамып, ылғи ізденісте жүретін жайдары мінезі мен еліміздегі білім саласының дамуына қосып жатқан үлесі үшін алғысымды білдіремін.

2022 жыл біздің мектебіміз үшін табысты жылдардың бірі болды. Биылғы қоян жылының да дәл сондай жеңісті де жемісті оқу жылы боп есте қаларына сенімдімін. Мектеп 2021 жылы ұлы ақын Абай Құнанбаевтың атын алды. Қазіргі таңда білім ордасында 350-ден астам оқушы білім алып жатыр. Дәл осындай гимназия мектебінде білім алып, Абай мектебінен түлеп ұшқалы жатқаныма қуаныштымын!

Жаймашуақ көктемнің алғашқы мерекесі алғыс айту күнімен барша Дариян ауылының тұрғындарын құттықтаймын! Ауылымыздың тыныштығын сақтап, елді тәртіпке шақырған полицей аға-әпкелеріме; түрлі ауру-сырқаумен күресіп, ақ халатына адал болған абзал жандарға; мәдениет пен өнердің дамуына едәуір үлес қосып жүрген өнер адамдарына; ұрпақ тәрбиесімен айналысқан ұстаздар қауымына және Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында тынбай еңбек етіп жүрген барша ауылдастарыма жылы лебізімді білдіре отыра, рахметімді айтамын! Бір-бірімізге деген сыйластығымыз бен достық ниетіміз мәңгілік болсын!