Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттың ұлы ұстазы

Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттың ұлы ұстазы
жеке
блог

Саяси қоғам қайраткер, ақын, жазушы Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл ғылымының, ағартушылық саласының бастауында тұрған ғалым. Ақын аты аталса, бірден есімізге қазақ халқының жанашыр адамы, тұтас буынның төлбасы, демократтық бағытты жалғастырушы адам екені түседі. Бірақ екінің бірі білмейтін музыкалық қабілеті де бар. Ол домбыра, скрипка, фортепиано аспаптарында еркін ойнай білген. Кезіндегі кеңестік цензура кесірінен Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдері халық әні деп айтылып жүр.

«Жақсының хаты өлмейді» дегендей, атамыздың әрбір шығармасы, елеулі еңбегі біздің ұлттық қазынамызға айналды.

Адамдық диқаншысы қырға шықтым,
Көлі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,
Көңілін көтеруге құл халықтың,- деген өлеңнен қара халықты ояту, адам санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету жолдарын іздеген Ахмет Байтұрсынұлын байқаймыз. Осындай Алаш зияткерінің мұрасы, еңбектері, өсиеттері құл халықтың көзін ашпақ керек.  Алаш арысының алған әрбір ісіне мұқият қарап, ғылыми түрде зерттеу жасалды. Ұлт ұстазының әр салада қалдырған мұрасы әлі күнге дейін өзекті екенін білеміз. Мәселен, қазақ тілін танып білуде Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» мен «Тіл құралы» еңбектерінің маңызы зор. «Тіл құралы» кітабының сөз басында: «Тіл – құрал» деген аты қандай жат көрінсе, ішкі мазмұны да әуелгі кезде сондай жат көрінер, өйткені қазақта бұрын болмаған жаңа зат. Осы сөзді дәлелдегендей Ахмет Байтұрсынұлы ұлттық ғылыми терминология қалыптастыруының қайнар бастауында тұр. Қазіргі уақытта қолданып жүрген сөз таптары, бастауыш, баяндауыш, жай сөйлем, құрмалас сөйлем деген сияқты сан алуан лингвистикалық атаулардың барлығын қолданысқа Ахмет Байтұрсынұлы енгізді. Өзі айтқандай: «…қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын зерттеуге кірістім, одан кейін қазақ әліпбиі мен емлесін ретке салып, жеңілдету жолында жұмыс істедім, үшіншіден, қазақтың жазба тілін бөтен тілдерден келген қажетсіз сөздерден арылтуға, синтаксистік құрылысын өзге тілдердің жат әсерінен тазартуға әрекеттендім; төртіншіден, қазақ прозасын жасанды кітаби сипаттан арылтып, халықтық сөйлеу тәжірибесіне ыңғайластыру үшін ғылыми терминдерді қалыптастырумен айналыстым». Грамматикасының кереметтігін көруге де болады. Кей адамдар мысалға есімдіктерді: барлықтары, көбісі деп айтып жүрсе, Ахмет Байтұрсынұлы барлық, көбі деп пайдаланды. Бұл жерде норма сақталғанын байқаймыз. «...Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды... халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті» деп жазған екен Сәкен Сейфуллин. Шынында, қазақ балаларын сауатын ашуға талмай еңбек етті. Солардың бірі кедергісіз білім мен өнер үйренуі үшін құрылған «Азамат» қайырымдылық қорын құру.

«Балалар,
Оқуға бар.
Жатпа қарап.
Жуынып, киініңдер шапшаңырақ!» деген ұстаныммен жастардың білім алуына үлкен мүмкіндік ашып берді. Ахмет Байтұрсынұлы - ұлы тұлға! Қазақ тілінің атасы. Араб таңбаларын қазақ фонетикасына икемдеп, 24 әріптен тұратын қазақ әліпбиін ұйымдастырды. Осы әліпбиді пайдаланып, балаларға сауат ашу құралы ретінде әліппені жазды. «Қайтсем де қазақ үшін пайдамды тигізсем» деген ниетін білгендей, Ахметтің еңбегін сол замандағы көзі ашық, көкірегі ояу зиялы қауым өкілдері қолдады.

Тағы асыл мұраларының бірі – «Маса» жинағы. Ызыңдап, үстінде ұйықтағанның айнала ұшып - еріншек, жалқау адамдардың ұйқыдағы күйден оянуына жұмыс жасайды. Жалпы, «Маса» жинағының мақсаты- оқуға, білімге, рухани құндылыққа шақыру, еңбек етуге үндеу, адамдық қасиетті қорғау. Оятуға септігін тигізгені- қазақтың ескі өмірін дәріптеу, отар болған елдегі кемшілікті көрсету, елді мәдениеттендіру мақсаты болды.

Қорыта айтатын болсақ, «Адамға тіл, құлақ, қол қалай керек болса, бастауыш мектептегі білім де солай керек. Осы заманда хат білмеген адамның күйі, тілі я құлағы, я қолы жоқ адамның күйімен бірдей; мұнан бұлай хат білудің, сауаттанудың бағасын асқақататуымыз керек.» Ахмет Байтұрсынұлының пайымында білімді, сауатты болу деп ұқты. Сол себептен қазақтың тіл білімінің негізін қалап, тілдік ерекшеліктерді сақтай отырып, оқулық дайындады. Лингвистикалық атауларының сәтті шыққанын бүгінгі күнге дейін қолданып келе жатқандығы деп білеміз. Тілдік әр категорияның классификациясыннан бастап, барлық терминдеріне дейін қазіргі мектеп оқулықтарында Ахмет Байтұрсынұлының ізі бар.

Сагидолда Аяжан Ерланқызы

№86 мектеп гимназиясының мұғалімі