Метрода нәресте дүниеге келді

Мәскеу метросында нәресте дүниеге келді, - деп хабарлайды Massaget.kz dni.ru сайтына сілтеме бере отырып.

Порталдың мәліметінше, метрода жүкті әйелдің толғағы кенеттен басталған. Бақылаушылар болашақ ананы демалу бөлмесіне апарып, жедел жәрдем шақырған, алайда ол дәрігерлер жеткенше босанып қалады.

"Әйелді метрополитен қызметкерлері босандырып алды. Өмірге қыз бала келді. Бұл әйелдің үшінші перзенті екені белгілі болып отыр. Қызы өмірге келіп жатқан сәтте әкесі есік сыртында полицейлермен бірге күтіп тұрды",— делінген жарияланымда.

Дәрігерлер метро станциясына нәресте туылғаннан кейін 20 минут өткенде жетіпті. Анасы мен баласын перзентханаға алып кеткен дәрігерлер екеуінің де жағдайының жақсы екенін хабарлады.

Айта кетейік, осыған ұқсас оқиға өткен жылдың желтоқсан айында Новосібірде болған. Ол кезде әйел троллейбустың ішінде босанған. Оны қоғамдық көліктің жүргізушісі мен өтіп бара жатқан адам босандырып алыпты. 

Дереккөзі: kaz.tengrinews.kz