Неге кітап оқыған кино көргеннен қызығырақ?

Неге кітап оқыған кино көргеннен қызығырақ?
жеке
блог
Көптеген адамдар қазіргі күнде кітап оқығанға қарағанда кино көре салғанды, романды толығымен оқып шыққанша оның желісінде түсірілген қысқа, не толық метражды фильмді көре салуды таңдайды. Қазіргі заман тенденциясы осы деп қарасақ, бұл қылық ақылға қонымды көрінеді, алайда, кітап оқитын адамдардың ойы ұшқыр, қиялы жүйрік келетінін көбісі біле бермейді. Оның құпиясы неде екен?
Кино көргенде адам алдына дайындап берген сюжет, көріністер ғана көрерменге ұсынылады. Бәрі дайын, ештеңені қиялдаудың керегі жоқ. Ал кітап оқыған несімен қызық?

Алдында ғана Гарри Поттер кітабын оқып отырғанда, жатар алдында он шақты бетін көз жүгіртіп оқи салайын деп ем, түнгі сағат екіге дейін қалың кітаптың ортасына қалай жеткенімді өзім байқамай қалыппын. Есіл дертім: "Гарри мен оның достарына енді не болады? Көк көзді, көзілдірік таққан бала Гарридің түрі қандай екен? Оқуда үздік, аса еңбекқор, жауапкершілігі жоғары Гермиона ше? Олардың мектебі Хогвартстың іші кітапта суреттелген әрбір деталімен алып қарағанда қалай болады екен?" деген сұрақтар. Соның арқасында мен бәрін көз алдыма елестетіп, оқиғаны өз миымда өрбітім, қиялдың нәрімен сусындап жүрдім.

Кітапты толық оқып шыққан соң ғана фильмді көрген болатынмын. Сөз жоқ, фильмді керемет алған. Голливудтың әрбір жұмысы адамды бей-жай қалдырмасы анық, бірақ кітапты оқып шыққан адам ретінде көрген фильмге іштей күйіндім. Өзімнің жадымда қалған ерекше сәттердің кейбіреуі көрсетілмегенін, кітап оқығанда алған эмоцияларды фильмнен ала алмағаным мені қынжылтты. Әрине, екі сағаттық фильмге қалың кітаптағы барлық сәтті сыйдыру мүмкін емес, бірақ сөзімнің түйіні, кітап оқығанда кино көргенге қарағанда айтарлықтай айырымы бар сезімдер кештім.

Кітапты оқыған адамдардың әңгімелескенін көргенде, бұлар шынымен бір кітап оқыған ба деп қаласың. Бірдей кітап оқығанмен, әркім оны әрқалай елестетіп, соңында әртүрлі күй кешіртені айдан анық.

Кейде фильм көргенде бір кейіпкерге еліктеп, бірақ бір жері ұнамай қалғанда одан көңіліміз қалып жатытыны болады. Мысалға айтар болсақ, актердың рөлді толық аша алмауы, кейіпкерге мүлдем сәйкес келмеуі, және тағы басқа. Ондай сәттер кітап оқыған кезде мүлдем кездеспейді деуге болады, себебі өз қиялында адам бәрін өзіне ұнайтындай етіп жасайды.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, кино көру - заманауи адамның өмірінің ажырамас бөлігі, алайда дәстүрлі кітап оқуды да тастамаған жөн. Кітап оқу арқылы адам тек өз қиялын дамытып қана қоймай, белгілі бір жағдайға қатысты өз пікірін, көзқарасын қалыптастыра алады. Маңызды жерлеріне тоқтап, өзіне керегін ала алады. Кітап - қай заман болмасын, адамның тұлғалық дамуының басты шарттарының бірі болып табылады.


Қысқаша ақпарат

Кітап оқудың пайдасы:

  1. Қиялды дамыту
  2. Мәселеге жан-жақты талдау жасай алу
  3. Өзіндік көзқарас қалыптастыру

Ал сіз ше? Бұл тізімге тағы не қосар едіңіз? Пікіріңізбен бөлісіңіз!