Дүркіреп өткен ғұмыр

Дүркіреп өткен ғұмыр
жеке
блог

Бүгінгі қаламым құрметті де, қадірлі ұстазым – Дүйсебай Дүрәлі туралы тербелмек. Осыдан 1 жыл бұрын ағамыздан айырылып қалған едік. Жарқ еткен жүзін бір көре алмасақта, сабақ берген уақыттағы монитордың арғы жағындағы нұрлы бейнесі, әлі көз алдымызда.

Өзінің ғұмырын қазақ әскерінің рухын оятуға, спорт журналистикасының дамуына арнаған. Қызмет еткен жылдарында қазақ тілінің тазалығының сақталуына  елеулі үлес қосты. Сылқылдап тұрған жас жігіт жасынан, ел ағасы атанғанша спорт десе ішкен асын жерге қоятын. Өз қаражатымен спорт пен қазақ тілін қатар дамыту мақсатында, «Қазақ спорты» газетін шығарды. Ол газет әлі күнге дейін шығуда, алайда ағаның көзі кеткелі тұрақтап қалғаны да өтірік емес.

Оған қоса, «Қорғаныс министрлігінде» қызметте жүргенде, әскердегі сарбаздардың патриоттық сезімдерін ояту басты қағидасы еді. Өйткені, ағамыздың ойынша, еліне деген сүйіспеншілігі мен өр рухы болмаса, ол адамнан пайда жоқ дейтін еді.Шекара қызметінде де қазақ тілінің беделін арттырып, қазақша сөйлеуге үгіттеп жүретін. Ол қызметте еңбек өтілі аяқталып, зейнетке шыққасын шәкірт тәрбиелеудегі ұстаздық жолына қайта келді. Қазақстандағы ең алғашқы кәсіби спорт журналистерін оқытудың білім бағдарламасын жасап, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУде «Спорт журналистика» тобын ашуға бар күшін салды. Жасына қарамастан, қабылдау комиссиясының мүшесі болып, студенттерге жаңа ашылған білім бағдарламасы туралы ақпараттар беріп, спортты дамытуға шақырды.

Арманы орындалып, 2020 жылы алғашқы топ ашылды. Сол топта кураторлық ете отырып, бар білгенін бүгей-шүгесіне дейін оқытуға тырысты. Қазіргі кезде, бір қабырғамыз құлағандай күйдеміз.Бірақ, ағамыздың аманатын арқалап келе жатқан бір емес 8 бірдей шәкірттері бар. Үмітті ақтауға барымызды саламыз.Көзі тірісінде бұл қуаныштарға куә бола алмасада, бізге тілектес екеніне сенеміз. Жақсының аты өлмейді...

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті

Таңатқызы Шуақ