Аспантаудың асқары
жеке
блог

Аспантаудың асқары

  Ақын – халықпен бірге өмір сүріп, солардың басындағы қиындықты, айта алмай жүрген назды, ащы шындықты анық айтар, көңіл түкпіріндегі көлеңкесіне өлеңімен сәуле шашар, әділдіктің ақ туын желбіретіп, биікке көтерер бірден-бір жан. Мұқағалидың көзін ашып көргені, есін біліп ойлағаны, жүрегімен сезгені, қалам алып жазғаны халқы, оның өмірі мен жағдайы болды. Болашаққа деген сенімінің арқасында ақын әр қиындықтың артынан бақытқа толы күннің шығарына, поэзияға, әдебиетке арқа сүйеді. Әр шығармасына жүрегінің бір бөлшегін қосты.

  Шығармаларындағы көрегендігі – ақынның негізгі ерекшелігі. Болашаққа сеніммен қарай білген ақын жаны өз өмірін жыр жолдарына айналдырған. Көзі тірісінде жарық көрген он бір кітабының ішіндегі «Өмір – дастанының» алғашқысын ауруханада жатқанда алады. Сонда ақыннан алынған қолтаңбада 27 мамыр деп белгіленген. Алайда, ол күнге әлі бірнеше уақыт бар еді. «Өзімнің есебімше» өлеңінде:

            Өзімнің есебімде,

            Мен биыл дәл қырықтың бесеуінде.

            Кім біледі...

            Ендігі қалған өмір,

            Неше жылға жетерін,

            Неше күнге

            Ұмыт болып есебің де, өсегің де,

            Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде,

            Қырықтың бесеуінде, -

деп жазғанындай дәл қырық беске қараған шағында мына жалғанның есігін жауып, мәңгі сапарға аттанды.

 Баланың сырын жақсы білетін – Ана! Ақын анасының бір сөзінде: «Менің ұлымның ақындығы сағыныш атты сезімнен бастау алған деп ойлаймын», - деген екен. Қателеспегені айдан анық. Жүректің қылын шертер жырларында әдемі әуезділік пен терең сыр жатыр.

  Нұрғиса Тілендиев көзі тірісінде былай деп еске алыпты: «Ілгері бір жылдарда Мұқағали екеуіміз ақынның туған жерінде жайлауда болғанымыз бар. Сол жолы сары қымыз ішумен болды. Өзі білетін жер-су аттарын айтып, туған жерін, ағайын-туыстарын таныстырды. Жұрт айтатындай бөгде «ерлік» кқрсеткен жоқ. Аз күн болса да жақсы демалып қайттық. Сол жолы бір малшы ағасы тамақ үстінде бізге әзіл тастаған еді. «Екі бірдей тамаша талант иесі жайлау төрінде отыр. Бірі – атақты композитор, бірі – мықты ақын. Неге мына жасыл жайлау туралы ән шығармасқа? Нағыз Сарыжайлау дегеніміз мына жатқан Шалкөденің кең төсі емес пе?» - деп қалған. Сол сөз менің көкейімде көптен жүретін.

...Мұқағали жанымда болған айға жуық уақыттың сәтті бір күнінде өмірге ән келді. Ал ақын інім лезде оның сөзін егілдіріп, төгілдіріп, құлпыртып тудыра салды. Сөйтіп «Саржайлау» әні шықты».

  Бұл дегеніміз – туған жерге деген ыстық ықылас пен шынайы үйлесімнің орын табуы. Дәл осы тұстан поэзиясындағы қарапайымдылық, адалдық, достықты жырлауы бастау алады. Ақындықтан – адамдыққа ұмтылады. Өлеңдері уақыт өткен сайын өзіне шексіз дос-сырлас тауып, Хантәңіріндей асқақтап, жыр сүйер қауымның жүрегінен биік орын алды. Адам баласының жан дүниесіне терең бойлап, ішкі сезімін, сырларынан психологиялық жай-күйінен хабар беретін сезімталдығынан алстамады.

  Ақын жан дүниесі пасық, өзіне де, өзгеге де опа бермей жүргендердің қылықтарына реніш білдіріп, ақылын айтады. «Өмір күнделігіндегі» жазбасы осы ойымды дәлелдей түседі: «Сүйікті балаларым менің! Ақылсыз болмаңдар! Өмір толы қауіп, абай болыңдар! Өмірдің әрбір құбылысына байыппен, ақылмен қараңдар! Жөні жоқ мейірбан, жұмсақ болмаңдар. Өмір барда жауыздық та барү. Мейірбандықпен, жұмсақтықпен жауыздықты жеңуге болмайды... Бір сөзбен айтқанда, сүйе де, жек көре де біліңдер, бірақ әрқашан адам қалыптарыңда өздеріңді қорғай біліңдер! Балаларым менің! Балаларым менің! Егер сендер мені түсінсеңдер ғой мені...» (25 мамыр, 1974 жыл).

            Қалай?!

            Қалай?!

            Қалқам, маған не дедің?!

            Мен өзімді зерттей алмай келемін.

            Өзім жайлы жалғыз ғана дерегім -

Өзгелерге түсініксіз өлеңім, - деген жыр жолдарынан туындыларына деген өзіндік көзқарасты байқаймыз. Фариза Оңғарсынова ақын шығармашылығы туралы мынадай пікірде: «Мұқағали – біздің заманымыздың поэзия дүниесіндегі құбылыс. Мұқағали поэзиясы – азаматтық пен адамгершіліктің симфониясы. Мұқағали жырлары – тіршіліктің тамырындай өміршең, мәңгі жырлар». Сонымен қатар: «Атырауға барсаң да, Арқа мен Алтайға барсаң да алдыңнан Мұқағали шығады. Мұнайшы да Мұқағали әнін салады, балықшы да, малшы да Мұқағали жырларымен айта алмай жүрген ойларын жұртқа естіртеді... Тарбағатай мен Атырауда, Баянауыл мен Қазығұртта жүрсең де, қазақ атаулы желісіне үйірілген құлындай Мұқағали жырымен табысып, шұрқырасып жатқаны. Нағыз өнер құдіреті деген осы. Мұндай ақыны болған халық – бақытты халық».

  Ақынның өлмес қнері, қанатты поэзиясы қазақ халқының сезімін байытып, кісілігін биіктетіп, парасатын кемелдендіре түсті. Біртуар дара ақын Мұқағали Мақатаевтың қаламынан туған қанатты жырлар халқымен мәңгі жасай бермек!