ОҚУ ҮДЕРІСІНІҢ НЕГІЗГІ ПАРАМЕТРЛЕРІН БАҒАЛАУ

АЛДАШЕВА КАМАР САГИНГАЛИЕВНА

ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

ЖАЛПЫ ТІЛ БІЛІМІ ЖӘНЕ ЕУРОПА ТІЛДЕРІ КАФЕДРАСЫНЫҢ ДОЦЕНТІ, PHD докторы

Білім беру жүйесін дамыту және жетілдіру – елімізде жүзеге асырылып келе жатқан мемлекеттік саясаттың маңызды тармағы. Қазақстандағы білім беруді дамытуды және жетілдіруді қатамасыз ететін стратегиялық мақсаттар мен міндеттер, іс-шаралар кешені мемлекеттік бағдарламалар мен заңнамалық құжаттарда нақты белгіленген. Жоғары білім беру жүйесінің ағымдағы жай-күйі талданданған заңнамалық құжат – Қазақстан Республикасындағы білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында білім беру жүйесін және білім беру ұйымдарын бағалау жүзеге асырылуы тиіс шұғыл шаралардың қатарында көрсетілген. Бұндай маңызды іс-шараны жүзеге асырудың алғышарты – бағалаудың тетіктерін белгілеу.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы – жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын және ғылыми-зерттеу қызметін жүзеге асыратын жоғары оқу орны [1]. Жоғары оқу орындарында оқу үдерісі – оқу-тәрбие қызметін ұйымдастыру жүйесі; мақсатқа бағытталған оқыту мен үйретудің өзара органикалық бірлігі мен өзара байланысы. ЖОО-да оқу үдерісін ұйымдастыру «Білім берудің тиісті деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын», оқу бағдарламаларының, пәннің оқу-әдістемелік кешенінің талаптары мен негізгі өлшемдерін басшылыққа алады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – халықаралық ғылым мен білім кеңістігіндегі әлемдік көшбасшы университеттердің бірі. 2020 жылы университет Quacquarelli Symonds (QS) жаһандық рейтингісінде 165-ші орынға көтерілді. Қазіргі таңда жоғары оқу орнының даму стратегиясында «әлемдік экономиканың интеграциялық үрдістеріндегі жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуде білім сапасы аса маңызды рөл атқаратыны» аталған және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қолға алған «классикалық университеттен зерттеу университетіне көшу» жобасында білім-ғылымды, инновациялық өндіріс пен бизнесті кіріктіру» арқылы даму көзделген [2].
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім сапасын жетілдіру, жаңа оқу жоспарын қалыптастыру мақсаттарында инновациялық білім беру бағдарламалары әзірленіп, әлемнің ең озық университеттерінің тәжірибелеріне талдау жасалды. Қазіргі таңда техникалық, әлеуметтік-гуманитарлық бағыттар бойынша оқу жоспарының жаңа жобалары әзірленді. Бұл жобалар әлемдік стандарттарға және еліміздегі еңбек нарығының талаптары мен ғылымның даму үрдісіне сәйкес әзірленген. Университетті дамытудың бағыттары бойынша ең басты мақсаттардың бірі – білім берудің сапасын үздіксіз жетілдіру [2].

Білім беру сапасын бағалаудың басты нысаналарының бірі – оқу үдерісі. Тұтастай алғанда, 2017 жылдың қаңтарынан бастап жоғары оқу орындарын мемлекеттік аттестациялау халықаралық аккредиттеумен алмастырылған [3]. Халықаралық аккредиттеу талаптарының орындалуын қамтамасыз ету – кез келген жоғары оқу орнының даму стратегиясында басым бағыт ретінде танылады. Жоғары білім беру жүйесінің қызметін бағалау – әртарапты, көпқұрылымды кешенді талдау. Соның бір тармағы – оқу үдерісіне негізгі параметрлері бойынша сараптамалық бағалау жүргізу.
Сараптамалық бағалау – сарапшының дербес пікіріне немесе сараптамашылар тобының ұжымдық пікіріне негізделіп алынған бағалау үдерісі [4]. Сараптамалық бағалаудың мақсаты – шешім қабылдау немесе таңдау жасау. Оқу үдерісін негізгі параметрлері бойынша сараптамалық бағалауды жүзеге асыру үшін педагогикалық практикада кең таралған әрі қолжетімді зерттеу әдісі – педагогикалық бақылау әдісі қолданылды. Педагогикалық бақылау – шынайы ортада педагогикалық үдерісті тікелей қабылдау, тану. Тұтастай алғанда, бақылау арқылы бағалау зерттеушіден фактілерді тіркеудің дәлдігін, педагогикалық талдаудың объективтілігін талап етеді. Педагогикалық зерттеуде бақылау нақты бір мақсатқа қолжеткізуге бағытталады. Педагогикалық бақылау арқылы сараптамалық бағалаудың нәтижесінде оқу үдерісінің ағымдағы жай-күйі, проблемалары мен артықшылықтары талданып, әдістемелік ұсыныстар беріледі. Сараптама нәтижесіндегі әдістемелік ұсыныстар, тұтастай алғанда, жоғары оқу орнындағы, оның ішінде зерттеу нысаны ретінде алынған бөлім (факультет / мамандық / пән) бойынша оқу үдерісінің тиімділігін арттыруға ықпал етуі тиіс.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология және әлем тілдері факультеті жанындағы Әдістемелік кеңестің 2020-2021 оқу жылы бойынша жұмыс жоспарында белгіленген «Оқу-әдістемелік қызметті нормативті қамтамасыз етудің негізгі үдерістерін регламенттеу және бақылау; білім беру үдерісінің сапасын мониторингтен өткізу» тармағы бойынша іс-шараларды жүзеге асыру аясында «Оқу үдерісінің негізгі параметрлеріне сараптамалық бағалау» пилоттық жобасы қолға алынды. Жобаның жалпы тұжырымдамасы төмендегідей параметрлермен анықталды:
Жоба тақырыбы: Оқу үдерісінің негізгі параметрлерін сараптамалық бағалау. 
Жобаның мақсаты: Оқу үдерісінің негізгі параметрлерін сараптамалық бағалаудың инструменттерін, тетіктерін, әдістері мен нәтижелерін тексеру және апробациялау.
Пилоттық жобаның – зерттеудің өзектілігі негізгі үш аспектіде анықталды:
1) Оқу үдерісінің мазмұнында ғылым салаларындағы жаңалықтар мен жетістіктерді көрсететін алдыңғы қатарлы ғылыми теориялардың қамтылу деңгейін анықтау өзекті, себебі білім мазмұны – дидактикалық міндеттерді шешу үшін қолданылатын педагогикалық жүйенің маңызды элементі. Білім мазмұнына қойылатын негізгі талаптар білім берудің мемлекеттік стандарттары мен пәннің оқу бағдарламасында бекітілген. Білім мазмұны студенттердің болашақта білікті маман ретінде экономикалық, шығармашылық, әлеуметтік мақсаттарға қол жеткізуде кәсіби қызметінің тиімділігін қамтамасыз ететін, арнайы іріктелген және заңнамалық құжаттарда бекітілген білім жүйесі ретінде анықталады.
2) Оқу үдерісінің нақты кәсіби құзыреттерді қалыптастыруға практикалық жақтан бағытталуын анықтау өзекті, себебі кәсіби құзыретті қалыптастыру жоғары мектептегі кез келген оқу үдерісінің негізгі мақсаты болып табылады. Осымен байланысты оқу үдерісі студенттің болашақ кәсіби қызметі туралы жалпы түсінігін қалыптастыратын ғылыми білімнің саласын зерделеуге бағытталуы тиіс, бұл тар шеңбердегі мамандандырылған мәселелерді қарастыруға жол ашады. Оқу үдерісінің теориялық бөлігінде жалпы мәдени, кәсіби және арнайы құзыреттерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін білім қамтылуы тиіс.
3) Оқу үдерісін жоспарлаудың және жүзеге асырудың зерттеу технологияларын және белсенді әдістерді қолданудың деңгейін анықтау өзекті, себебі жаңа педагогикалық технологияларды тиімді қолдану оқу үдерісінің мақсатына қолжеткізуге тікелей мүмкіндік береді. Заманауи білім беру кеңістігінде педагогикалық технологияларды іріктеудің негізгі межесі – оқу үдерісіндегі субъектілердің тең құқықты болуы және студенттердің белсенді рөлі.
Заманауи білім беру жүйесінде интербелсенді әдістерді қолдануға басымдық беріледі, себебі бұл студенттердің өзбетінше танымдық әрекетін және шығармашылық белсенділігін жандандырады, сондай-ақ оқытушының рөлі ақпарат беруден үйлестіруші, кеңесші, оқу үдерісін ұйымдастырушыға өзгереді. Оқыту оқытушы (оқыту) мен студенттің (оқу) өзара байланысты қызметін ұйымдастыруға мақсатты түрде бағытталғандықтан, оқу үдерісіндегі әрбір компоненттің мақсатын ажыратып алу маңызды.

Оқу үдерісінің негізгі параметрлерін сараптамалық бағалаудың пилоттық жобасын жүзеге асыру нәтижесінде сандық талдаулармен қатар, оқу үдерісін ұйымдастырудың тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар ұсыныстар жасалды.
Зерттеу нәтижесінде сабақты өткізудің төмендегідей формаларының басым екендігі анықталды:
–             оқытушының монологы (дәріс оқу кезінде);
–             әңгімелесу, диалог, талқылау (дәріс және семинар сабақтарында);
–             презентация, сандық инструменттер, аудио-бейнежазбалар.
Сабақты өткізудің әралуан формаларын тоғыстыру – оқу үдерісін ұйымдастырудың тиімділігін қамтамасыз ететін негізгі бағыттардың бірі. Теориялық сабақтарда оқытушының монологы басым болғандықтан, студенттермен әңгімелесу, талқылау арқылы диалог құрудың үлесін ұлғайту қажет. Ал практикалық сабақтарда оқытушы жаңа тақырыпты талқылағанмен, студенттердің барлығы талқылауға қатыспайды. Осымен байланысты студенттер арасында мини-конференциялар, коллоквиумдар ұйымдастыру олардың баяндама жасауына, пән бойынша лексикалық қорын кеңейтуге, оқу әдебиеттерін және интернет ресурстарды пайдалану арқылы өзбетінше жұмыс істеу белсенділіктерін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл үшін факультет ішінде әр семестрде екі рет коференциялық апта ұйымдастыруға болады. Студенттер баяндама үшін СӨЖ бойынша ұсынылатын тақырыптардан таңдау жасауына немесе тереңірек зерттеуді қажет ететін тақырыптарды өзбетінше ұсынуына болады. Коференциялық аптаны ұйымдастыру оқу үдерісінің негізгі параметрлерін жетілдіруге бағытталған ауқымды іс-шара болғандықтан, оны жүзеге асыру жан-жақты ізденісті қажет етеді.
Тұтастай алғанда, оқу үдерісінің негізгі параметрлерін сараптамалық бағалаудың нәтижесінде сарапшылар тарапынан берілген ұсыныстарды былайша топтастыруға болады:  
—            заманауи кәсіби маман даярлаудың тұжырымдамасын әзірлеу;
—            оқу үдерісін интенсификациялау; 
—            оқытудың пассив формасынан актив формасына өту;
—            оқытудың технологиялық тәсілдерін қалыптастыру; 
—            тұлғаның шығармашылық дамуына және өзін өзі дамытуына басымдық беру; 
—            білім мазмұнының фундаменталды және кәсіби тұтастығын сақтау және тереңдету;   
—            оқыту мен ғылыми қызметтің интеграциясына мән беру. Оқыту мен ғылымның интеграциясына екі тәсіл арқылы қолжеткізуге болады: білім алушыларды ғылыми зерттеулерге тікелей қатыстыру және оқытушылық құрамның ғылыми проблемаларды шешуге қатысуы. Осылайша білім алушыларға ғылым қолжетімді болады, бұл кәсіби маманды даярлаудың тиімділігін қамтамасыз етеді;
—            оқытуды сандық инструменттер арқылы техникаландыру немесе компьютерлендіру;
—            білім беруді ақпараттандыру, электронды ресурстарды кеңінен пайдалану;
—            дәріс барысында оқытушы мен студенттер арасында пікірталас ұйымдастыруға басымдық беру, бұл студенттің назарын аудартып, пәнге деген қызығушылығын арттырады;
—            сабақты жүргізудің түрлі формаларын тоғыстыру;
—            пәннің бейімделген оқу-әдістемелік материалдар кешенін жасау;
—            студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастыруды оқулықтар мен электронды ресурстарды пайдалану арқылы одан әрі жетілдіру;
—            конференциялық апталықты силлабустың күнтізбелік жоспарына қосу;
—            студенттерді оқу үдерісіне уәждейтін факторларды арттыру, сабақтарды қызығушылық тудыратындай формаларын жетілдіру, үй тапсырмаларын түрлендіру.
Қорыта келгенде, ұсынылып отырған оқу үдерісінің негізгі параметрлерін сараптамалық бағалауды жетілдіруге арналған пилоттық жоба жоғары оқу орнында білім берудің артықшылықтары мен кемшіліктерін, басымдықтарын объективті түрде зерделеуге мүмкіндік береді. Пилоттық жобаның тұжырымдамасы алғаш рет әзірленіп, эмпирикалық тұрғыдан тұңғыш рет қолданылды. Бағалау межелері мен сандық-сапалық талдауларды алдағы уақытта толықтырып, жетілдіре түсу – оқу үдерісінің негізгі параметрлерін регламенттеудің және бақылаудың, білім беру үдерісінің сапасын мониторингтен өткізудің тиімділігін қамтамасыз етеді.



Бөлісу: