«Тал бесіктен жар бесікке дейін»

«Тал бесіктен жар бесікке дейін»
жеке
блог

        Әрбір ұлттық мәдениет бос кеңістікте емес, адамдандырылған қоршаған ортада әрекет етеді. Мәдени кеңістік оқшау, мәңгіге берілген енші емес. Ол тарихи ағынның өрісі болып табылады. Мәдени кеңістіктің маңызды қасиеті — оның тылсымдық сипаты. Мысалы, «ата қоныс» ұғымы көпшелілер үшін қасиетті, ол өз жерінің тұтастығының кепілі және көршілес жатқан мекендерге де қол сұғуға болмайтындығын мойындайды. Қауымдық қатынас мекендер егемендігінен туады. Ата қоныстың әрбір жағрафиялық белгілері халық санасында киелі жерлер деп есептелінеді, яғни қоршаған орта киелі таулардан, өзен- көлдерден, аңғарлар мен төбелерден, аруақтар жататын молалардан  тұрады. Олардың қасиеттілігі аңыз-әпсаналарда, жырлар мен көсемсөздерде болашақ ұрпақтарға мұра бейнесінде салт-дәстүр екпінінде болашақ біздерге қалдырылған.Сол өткен кездің мәдениетіне қарай отыра қазақ халқының тың болмысын суреттеп алуға болады.

          Қазақтың дәстүрлі мәдениеті табиғат пен адамның етене тығыз байланысты болғандығын және олардың бір – бірінен ажырамас күйде өмір сүргендігін куәлайды. Мұның негізінде көшпелілер өздерін табиғаттың тікелей жалғасы, өзін табиғатың перзенті ретінде сезінуі жатыр. Игерілмеген қуаң дала мен шөлейтті тек көшпелі ғана меңгере алды. Қазақтар көк шөпті жұлмаған, шыбықты сындырмаған. Өйткені жас өмірдің бәрі бақыттың бастамасы, барлық тірліктің қайнар көзі болып саналған. Көк жұлсаң көктей орыласың, қарғыс атады деп ырымдалады. Қазақ баласы бастауды, бұлақты ластамайды. Барлық тіршіліктің көзі сол бұлақ, сол бастау деп біледі. Қазақ халқы беталды жер шұқып, жер қазбайды. Бұндайды теріс қылық деп санайды, оны өліммен, ажалмен байланыстырып, жаман ырымға балайды. Көшпелі қазақ қоғамында табиғат тек сыйыну, ләззаттану, сенудің объектісі болып қана қоймай, сонымен қоса ол өз қоғамында әлеуметтік мәдени реттеуші қызметін атқарады. Көшпелілер табиғатты тірі, әрі ақылды деп санаған. Табиғатты қастерлеу, қорғау қазақ халқының мәдени дәстүрі болып табылады. Көшпелі өмір сүрген қазақ елі табиғат сырын терең ұғынған, табиғатты игерудегі білімі жан – жақты болған. Қазақтардың сеніп келген діні – тәңіршілдік табиғатты құрмет тұтудан,оған сыйынудан туындаған. Бұл діндегі басты құдай – Көк тәңірі, көк дегеніміз тіршілікті, өмірдің бастауын білдіреді. Қазақ елі үшін қоршаған орта деген ұғым өте маңызды, мағыналы. Ол өскен орта қасиетті де, қастерлі.Көшпелі мәдениет әлемде өз орнын таба білген. Адам шексіз кеңістікте өзімен — өзі және табиғатпен жеке қалып, сұхбаттасқан, сырласқан. Өзінің табиғатпен шынайы жақындығын сезінген. Көшпелілік шаруашылық тылсым табиғат жөніндегі даналылықты талап етті, табиғат құбылыстарына болжам жасау, оларға алдын – ала бейімделу көшпелілерде жақсы дамыған. Номадтардың өзін қоршаған ортаны жақсартуға күш салғанын, жақсартудың жолын ойластырғанын тарихи дәстүрлерінен көруге болады. Осыған қатысты олардың жайылым мен өрісті жылдың төрт мезгіліне бөліп пайдалануы, яғни ауыстырып отыруы, жерді үздіксіз пайдалану оның құнарлылығын жоятындығын білуі. Қазақтың дәстүрлі мәдениеті тазалық ұғымының тікелей мазмұнына сәйкес келеді . Енді көшпенділердің тұрмысына келетін болсақ, олар үнемі тұрағын ауыстырып тұрған, бір жерде ұзақ тұрып, табиғатқа зиян келтірмеген. Тағы да айта кету керек, тіпті жерді пайдалануды төрт мезгілге бөлген, яғни табиғаттың өзін – өзі қалпына келтіруге мүмкіндік берген. Киіз үй ары – бері көшкенге өте тиімді болды, әрі ол тазалық сақтаудың таптырмас құралы болды. Киіз үй тек баспана болып қана қойған жоқ, сонымен қатар халықтың салтының, дәстүрінің таңбасы, белгісінің қызметін атқарды. Киіз үй қатал үскірік аяздан, шілденің аптап ыстығынан қорғады. Тез жинап, тез тұрғызуға ыңғайлы болды. Шаңырақтың төбесінен жабылатын түндіктің жартылай ашық тұруы біріншіден түтін шығу үшін, жарық түсу үшін, таза ауа кіру үшін болса, екіншіден, шаңырақ шексіз аспанның белгісі, мәңгілікке апаратын жол сияқты. Шаңырақтың өзі күнге, ал уық, керегелері болса оның сәулелеріне ұқсайды. Атақты саяхатшы А. Вамберидің «Сенің халқың неге көшпенді өмір сүреді?» деген сұрағына қарапайым қазақ әйелі «Біз сендер сияқты жалқау емеспіз. Сондықтан күн ұзаққа бір жерде отыра алмаймыз. Адам қарекет ету керек, ойлап қараңызшы күн, ай, жұлдыздар, су, жануарлар, құстар, балықтар — барлығы қозғалыста, тек ғана жер мен өлгендер бір орында болады» деп жауап берген екен. Қысқа да мәнді жауап. Бұдан көшпенділер өмірінің мәні барлық тіршілік сияқты қозғалыста екенін және табиғатпен етене байланысып жатқанын көреміз.Сонымен бірге қазақтар аққу, қарлығаш сияқты құстарды қасиетті санап, оларға тисуге, атуға тыйым салған. Бұдан ата-бабаларымыздың табиғатты құрметтеп, қастерлегенін, аялағанын байқауға болады.
Табиғатқа байланысты «бір тал кессең, он тал ек», «су ішетін құдығыңа түкірме», «бұлақ көрсең көзін аш», «көкті жұлма» және т.б. көптеген мақалдар көп. Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінде суды қорғау парыз деп есептелген. Су – бүкіл тіршіліктің көзі. Ол болмаса астық шығымдылығы, өсімдік әлемі де болмайды. Адамдар су көздерін ғана тірі организмге балап қоймай, сонымен қатар оған әр түрлі жан иелерінің, су перілерінің, су иесі Сүлейменнің өмір сүретіндігіне сенген. Бақсылар жырында :
«Су басында Сүлеймен.
Сізден де медет тілеймін.
Су ішінде су пері,
Сұмырайға ұқсаған қу пері» деген тіркестер жиі кездеседі
«Судың да сұрауы бар» деп, халық оны тіршіліктің бастауы, тазалықтың рәмізі ретінде санаған. «Бастау су алса, бақыт су алады», «құлазыған шөл – жетім, құс қонбаған көл – жетім, сортаңға құйған сел – жетім», «ағын су – өмір, тоқтау су – өлім» деген нақыл сөздер оған куә. Бұдан бөлек,көшпелі қазақтар ырымдарды көп ұстанған,бүгінгі күнге қазақ ырымдарының ғасырлар көшінде әбден сана сүзгісінен өтіп, ешқандай күмән туғызбайтын, наным-сенімге әбден берік ұялаған түрлері ғана жеткенге ұқсайды.Оған мына ырымдар дәлел, Қазақта «Күйеу аяқ» дейтін ырым бар. Жігіт қалыңдығын өз үйіне түсіргеннен кейін қызын ұзата барған енесін қошаметпен қайта жеткізіп салады. Сонда ата-енесі күйеу балаға мал атайды. «Күйеу аяқ» дегені сол. Бұл күйеудің аяғы жеңіл болсын, көңілі ашық боп қайтсын дегені.Қазақта «жарыс қазан» деген ырым бар. Бір әйел толғатып жатқанда, басқа үйдің әйелдері қазанға жеңіл-желпі тамақ салып, оны оны босанатын әйел бала тапқанша пісіріп үлгеру үшін жарысады. Қазақ ұйғарымында туатын бала «жарыс қазанға» қатынасып, пісетін тамақтан бұрын жарық дүниеге келуге ұмтылады.Көрші-қолаңнан біреу алыс жолға аттанғанда ауылдағылар жолаушының тоқымын қағады. Бұл – тоқым қағар деп аталады. Жолаушы аттандырған үйдің иесі дастархан жайып, жиналған жұртты сыйлайды. Жұрт жолаушыға ақ тілеу айтады.

          Жалпы қорытындылай айтқанда,қазақ халқының ғасырлар бойы ұлттық салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы талбесіктен жер бесікке дейін, яғни адам туған күннен қартайған шағына дейінгі аралықта белгілі бір жүйеге түскен құбылыс,сол арқылы қазақ халқының тұстастай бір болмысын көреміз.Үлкенді-кішілі ізеттілік,ағалы-інілі бауырмашылық,адамның табиғатқа деген махаббаты,оны қорғауы,ұлттық бойға сіңген құндылықтар нәтижесінде туындаған сан-мыңдаған ырымдар және солардың берер ілімі ұшан теңіз.Келешек ұрпаққа аманат етілер осы мәдениеттіміз арқылы өзіміздіде өзгеніде тәрибиелеуімізге әбден болады,қызды сыйлауға.ананы құрметтеуге,әкені пір тұтуға,ағайын тумамен сыйластыққа жетелейтін,бірлікке шақыратын асар,тоқымқағар,есік ашар,түйемұрындық сынды дәстүрлер жиегінде қаншама құнды тәрбие жатыр емеспе?!Тіпті,қазіргі кезде де қазақтың дәстүрлі мәдениетіндегі табиғатты қорғауға бағытталған ырымдар, нанымдар, салт – жоралар өзінің маңызын жоғалтқан жоқ. Қалыптасып отырған күрделі мәселені шешу мақсатында жас ұрпаққа тәрбие беруде мақал-мәтелдерді, нақыл сөздерді қолдану тәрбие беру үдерісін барынша тиімді етпек.