Әлеуметтік желі жақынды алыстатты

Әлеуметтік желі жақынды алыстатты
жеке
блог

Көп адамдар әлеуметтік желілер олардың жеке және қоғамдағы өмірлеріне кері әсер етеді деп ойлайды. Сіздің ойыңыз қандай?

Біздің заманымыздағы әр адамның жеке өмірі тікелей әлеуметтік желілермен байланысты екені сөзсіз. Адамдар арасындағы қарым-қатынас күннен күнге виртуалды байланысқа ауысуда. Бетпе- бет сөйлесіп қарым- қатынас орнатудың толығымен орнын баса алмағандығымен, менің ойымша, әлеуметтік желілердің адам өміріне тигізетін пайдасы көп.

ХХІ ғасыр жұмысбасты адамдардың заманы екені белгілі. Яғни, күнделікті жақындарымен кездесуге, қоғаммен байланыс орнату үшін басқа да адамдармен араласуға уақыттары бола бермейді. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер әлемде болып жатқан жаңалықтар мен тенденциялардан қалмауға көмектеседі. Сол себепті, әлеуметтік желілер адам өмірін едәуір жеңілдетеді және қоғамдағы орнын бекітуге көмектеседі деп ойлаймын.

Тағы бір мәселеге тоқталып кететін болсақ, әлеуметтік желілер қазірде біраз адамдардың тұрақты табыс көзіне айналды. Ғаламтор дамыған заманда әлеуметтік желілермен тікелей байланысты мамандықтар пайда болды (SMM). Барлық дерлік кәсіпкерлер мен компаниялар жарнаманы оқырмандары көп блогерлерге тапсырыс беретін болды. Бұл жарнамаға тапсырыс беруші үшін де, оқырмандар үшін де, осы арқылы табыс тауып отырған блогерлер үшін де ыңғайлы, тиімді әрі пайдалы.

Қорыта айтатын болсақ, әлеуметтік желілердің біздің өмірімізде алатын орны біз ойлағаннан да маңызды. Кері әсерлері де бар екенін мойындамау дұрыс емес, бірақ бүгінде әлеуметтік желілер адам өмірін едәуір жеңілдетіп отыр. Әр адам бұл қосымшаларды өз мөлшерімен және тәуелділікке ұшырамай қолданса, әлеуметтік желілердің жеке адамға да, қоғамға да тек пайдасы тиеді.