9 мамыр. Тылдағы ерен еңбек

Өрен жас халқының қамын ойлауы үшін, оның президент немесе министр болуы міндетті емес. Бар болғаны жүрегінің түбінде патриот болуы тиіс. Соғыс жылдары майданда сарбаздарымыз қасық қаны қалғанша күрессе, тылдағы еңбектің де дәл сондай күші бар еді.

Ұлы Отан соғысы жылдары алдыңғы шептегі жауынгерлерге тылдағы еңбеккерлер көмектесіп отырған еді. Колхоздар мен совхоздар майданға азық-түлікпен қатар мал мен қажет техниканы жіберіп отырған. Бір жылдың ішінде республика ауыл шаруашылығынан 4 111 трактор, 30 318 жылқы, 1 184 жүк машинасын майданға жіберген. Көп жылқы жөнелтілгендіктен, сұрапыл соғыс жылдары егін салу жұмыстарының тең жартысын ірі қара атқарды. Елдің қамын ойлаған жұмысшылар өз еріктерімен жұмыс күндерін таңғы сағат 5:00-ден бастап, түнгі сағат 22:00-ге дейін ұзартқан. Майданға бармай елде қалған әр азамат 2-3 адамның жұмысын атқарды десек те болады. Әйелдер де қарап жатпай, бала тәрбиесін шетке ысырып, білек сыбана жұмыс істеген.

Ұлы Отан соғысы қарсаңында Шығыс Қазақстан аймағында 150-ден астам өнеркәсіп орындары, оның ішінде Лениногор қорғасын, Ертіс мыс балқыту зауыты, Соколь, Зырян кен орындары, Лениногор, Зырян кен байыту фабрикалары сынды металлургия өндірісінің ірі нысандары жұмыс істеген.

Сұрапыл соғыс өнеркәсіп орын жұмысшылары мен қарапайым халықты өз тәртібіне жылдам үйретті. Елімізге, болашақ ұрпақ өміріне қауіп төніп тұрғандықтан, тылдағы еңбектің маңызы арта түсті. Семейде ет-консерві комбинаты, жүн өңдеу, тері комбинаттары сынды өнеркәсіп орындары іске қосылды.

Еліміздің батыс бөлігі кәсіпорындар салуға ең тиімді аймақ болып саналды. Осылайша 1941 жылдың күзінен бастап аталған аймаққа өндіріс орындары салына бастады.

Харковьтен «Украин Большевичкасы», Семейден тері зауыты, Киев, Азов сынды аяқ киім фабрикалары, Донбастан тігін фабрикалары аталған аймаққа көшірілді. Осылардың барлығы жылдам іске қосылып, майданды қажетті заттарымен қамтамасыз етіп отырды. Өскемен қаласында ГЭС-нің құрылысы жалғасып, Семейде жаңадан комбикорм зауыты салынды. 1941 жылдың қараша айынан бастап ірі шұға комбинаты салына бастады.

Совхоздар мен колхоздардың еңбек күшіне сұраныс өте жоғары болды. Себебі соғыстың екінші жылында әр адамға орташа есеппен 6 га жерді өңдеу, 14 бас мал күту міндеті жүктелген болатын. Шығыс Қазақстан жұмысшылары 21,5 млн. пұт астық, 36,6 тонна ет, 25,2 мың тонна май, 98 мың тоннадай сүтті майданға жібереді.

Сурет: Рахим Койлыбаев