Абай және мораль философиясы

         Адамзаттың Абайына айналған Абай Құнанбайұлының ойлары, мұралары жөнінде айтылар ой, жазылар сөз таусылмас, сірә! Абайдың жұмбағы екі ғасырға жуық уақыт өтсе де әлі шешілер емес. Мағжанның ең алғаш «хәкім» деп баға берген Абайдың бір ұлылығы осында жатыр.

         Оның эстетиклық ойлары, фәлсапасы, толғанысы, суретшілігі, сыршылдығы бәрі-бәрі өлеңдерінен, қара сөздерінен көрінеді. Осыған орай Абай фәлсапасының философиямен байланысын бағамдау әр ұрпақтың міндеті. Сол себепті бұл мақаламызда Абайдың мораль философиясына қатысын қал-қадырымызша анықтап көрдік.

         Жалпы мораль философиясында жақсылық пен жамандық, әділет пен әділетсіздік, мейірімділік пен қатігездік, адалдық пен қиянатшылдық секілді ұғымдар қарастырылады. Бұл ұғымдар, әрине, Абай шығармашылығында үлкен орын алады.

         Осы орайда гуманист ақын өз замандастарын адамгершілік биігінен көргісі келді. «Түзетпек едім заманды» деп өзі өмір сүрген қоғамдағы әрбір адамды, жастарды адамгершілікке, әділеттілікке, махаббатқа, жан құмарын қандырмаққа баулыды, тәрбиеледі. Осы ойын алғаш «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде шығыс ғалымы Ғұламаһи Дауаниге сілтеме жасай отырып көрсетеді.

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз.

деп нағыз, толық адам болудың алғышарттарын атын атап, түсін түстеп көрсетіп береді. Бес асыл іске талап, еңбек, терең ой, қанағат және рахымды жатқызып, осы бес нәрсенің етегінен ұстауымыз керек екенін, өмірлік ұстанымымызға айналдыру қажет екенін айтады. Міне, Абайдағы «адам болу» осы «Адам болам десеңіз» тезисінен желілеп тарқатылып отырады.

         Абайдағы әділет, ақыл және рахым сипаттары эманация арқылы берілетін тәңірлік дүниелер емес, адамның толық адам болып қалыптасу жолында еңбектенуі, талпынуы арқасында жететін кәсіби нәрселер. [1. 290] Бұл танымда Абайдың бәрін ақылдың өлшеміне салып барып, қорытқан ойлары жатыр.                               

   Сөз мәнісін білсеңіз,

            Ақыл – мизан, өлшеу қыл.

Бұл категориялардың бір-бірімен тығыз байланыстылығы Абайда философиялық кешенді жүйенің бар екендігін білдіреді. Егер осы үш сипаттың біреуі адам бойында кем болса, онда ол толық адам болмай, жарым адам болады.

         М.Әуезов Абайдағы адамшылық негіздерін талдай отырып, ондағы ақыл, әділет, рахым жайлы түбірлі гуманистік танымдарға ерекше мән бергендіктен, Абай «адамгершілікті, моральдық философияны барлық жайдан жоғары қояды» деген ой байламын келтіреді. Абай шығармаларындағы мораль философиясының негізі жайлы ақын танымында жүректің культін көтеру, оны адамшылық асыл қасиеттердің өзекті негізі ретінде қарастырады. Абайдың бір жұмбағы – жүректің көзін ашу.  Хәкімнің жүрек жайындағы ой толғауларының негізі мен желістері «Әуелде бір суық мұз ақыл зерек», «Кейде есер көңіл құрғырың», «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа», «Алла деген сөз жеңіл» сияқты өлеңдері мен «Менің сырым, жігіттер, емес оңай», «Жүректе көп қазына бар, бәрі қызық» деген аудармаларында қысқаша айтылып кеткен. Ал қарасөздерінде молырақ баяндалады.

         Абай шығармашылығында жүректің культін көтеріп мадақтағанда, сол мағынаға өз тарапынан айрықша гуманистік астар беріп, адамзат баласының бойында ұялаған ең асыл қасиеттер – мейірім, рахым, әділет, шафағат, ар-ұят атаулының қайнар көзі, құтты мекені ретінде қарауымен ерекшеленеді. Сол себептен де адамгершілік туралы осы ойларын өнер тілімен жүйелі түрде оқырман қауымға түсінікті етіп жеткізеді. Жүректің баламасы ретінде әділет, шафғат сөздерін пайдаланады. Абайдың танытуынша, шафағат та, әділет те  - жүрек ісі. Адамшылық жолында жүрек ісінің аталмыш екі қасиеті бірімен бірі ажырамас егіз құбылыс, құстың қос қанаты іспеттес бүтін дүниелер. Ол туралы 17-қара сөзі мен «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңінде тоқталып өткен.

         «Толық адам» кім деген сұраққа Абай:

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек, -

немесе,

Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек, -

деген тезистерінде жауап беріп өткен. Оның гуманистік дүниетанымынан туындап, бүкіл шығармаларында желілеп тарап жатқан осы толық адам туралы ой-толғаныстарының құяр арнасы: «Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан ғадалет, шафағат секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол жол – құданың жолы»,- деген сөзінде жатыр. Осы ой байламында Абай тарататын мораль философиясы мен адамгершіліктің негізгі желісі де жатыр. Осы наным тұрғысынан туындап отырған адам болудың ең басты тіректері ретінде ақылды, әділетті, рахымды ұсынатын Абай: «Бірақ сол жолға жүруді өзінше кім қалап қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді», - деп өз танымының негізі қайда жатқанын көрсетіп отыр. Осы тұрғыдан алып қарағанда М.Әуезов Абайдағы мораль философиясын «нравственная личность» мәселесімен бірге қарастырған. Соған орай: «Ол адамгершілікті, моральдық философияны барлық жайдан жоғары қойды», - дейтін себебі де осы.

         Абайдың ішкі нанымы, дүниетанымы, адамшылық жолындағы үгіті мен мораль философиясы жайлы танымы толық түрде «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде ашылған. Мұнда мораль философиясына соғатын үш сүю (иманигүл) деп аталатын ақын танымының мағынасы осы өлеңде түгелге жуық ашылған:

“Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті.

 

Осы үш сүю болады имани гүл,

Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ біл.

Ойлан дағы үшеуін таратып бақ,

Басты байла жолына, малың түгіл”

Бірінші сүю – күллі ғаламды махаббатымен жаратқан жаратушыны сүю. Екінші сүю – адамзатты бауырыңдай сүю. Оның ішіне қыбырлаған құмырсқасынан бастап жер әлемдегі ұлтына, нәсіліне қарамай бүкіл адамды сүю, құрметтеу. Ал үшінші сүю – Абайдың 38-қарасөзінде Алланың бойындағы 8 сипаттан құдірет пен ғылымды біріктіріп алатын ғақылға (ақылға) сүйене отырып ұстанатын ғәділетті (әділетті) сүю. Иманигүл – толық адам болудың темірқазығы.

         Уақыт өте келе мынау жаһандану заманында адамзаттың түбінде бас ұрары - Тұран даласынан түлеп ұшқан Абай мен Шәкәрім философиясы болатынына сеніміміз мол. Өйткені, суық ақылдың сойылын соққан Америка мен Еуропа адамгершілік шекарасының шегінен асып барады. Соңында түп иелерін тану үшін, өздерін тану үшін, адамгершілікке қайта оралу үшін Абайдың «Толық адам» ілімі мен Шәкәрімнің «Ар» іліміне жүгінетініне дауымыз жоқ.

         Қорыта айтқанда, Абай философиясы – ғылыми аппараты қалыптасқан ілімдік жүйе. Ол бодандықта жүріп азаттықты аңсаған алаштың философиясын жасады.

         Абай – XIX ғасырдағы қазақ философиясының авторы. Философ ретінде хәкім ізгіліктің, адамгершіліктің, білімнің, ғылымның маңыздылығын шығармаларында қадап айтып отырды.[2]

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1 Мырзахметов М. Абайтану. 1 т. – Астана: «Interactiv Kazakhstan», 2014. – 432 б. 

2 Амантай Д. Абай философиясы: шығу тегі, қалыптасуы және дамуы. Abaialemi.kz

                                                                                                                                                             

Аяулым АНЕРБАЙ

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, қазақ филологиясының магистранты,

Данат ЖАНАТАЕВ

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, доцент



Бөлісу: