Абайдың бірлік туралы ойлары

Абайдың бірлік туралы ойлары
жеке
блог

Абай есімінің өзі елімізге, халқымызға деген мақтаныш сезімін тудырады. Себебі, ол –  қазақ халқының ең жақсы қасиеттерін бойына сіңірген шексіз қазақ даласының ұлы, бүкіл адамзат тарихында ерекше орын алатын қайраткер. Ұлы ағартушының кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасы – баға жетпес рухани қазына. Біздің ойымызша, Абай мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, насихаттау қажет. Себебі хакім Абайдың шығармалары өзектілігін қазіргі кезде де жоғалтқан жоқ.

Абай – қазақ халқы мен оның мәдениетін бейнелейтін тұлға. Осы орайда Қазақстан Республикасы Президенті Қ. Тоқаев «Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттау керек», - деп баса айтты. Президент өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында «Абай өзінің қара сөздерінде адамзат баласына ортақ мұраларды дәріптей отырып, рухани биікке құлаш сермеп, алысқа қанат қаққанын көрсетеді. Оның қара сөздерінің арқауы – кісілік, мәдениет, ізгілік. Хакім Абайдың қара сөздеріне балама еңбек іздесек, француз ойшылы Монтеньнің жазбалары ойға оралады. Десек те, Монтень өз болмысы мен адам тұлғасы жөнінде көбірек ой толғаса, Абай қара сөздерінің басты миссиясы – ойлану, өзгеге ой салу, мақсатты ұстанымға айналдыру. Демек, ұлы ойшылдың қара сөздері – аса құнды еңбек», - деп жазды.
Абайдың қара сөздеріндегі ойлары, ақыл-кеңестері әрқашан да өзекті. Ұлы ақын жас ұрпақты білім алуға, ғылымдарды, түрлі мамандық-кәсіптерді меңгеруге, өз халқының игілігі үшін адал еңбек етуге шақырды. Абай: «Тек адам біліммен өмір сүреді, тек жас біліммен қозғалады, тек білім — жүректің нұры», - деп жастардың білім алуына ерекше мән береді.    

Абай төл туындысында философиялық сауал қойып, өзі сол сауалға жауап беруге тырысады, немесе өзімен өзі кеңесіп, ой-пікірін білдіреді. Абайдың қара сөздерінен заманымыздың көптеген көкейтесті сауалдарына жауап табамыз.  

Хакім Абай алтыншы қара сөзінде «Өнер алды-бірлік, ырыс алды-тірлік» деген қазақтың мақалы туралы философиялық ой өрбітеді. Ұлы ақын қазақтың «бірлік пен тірлікті» қалай түсінетінін көрсеткен. Абай қазақтың бірлік туралы ойын былай жеткізеді: «Қазақ ойлайды: бірлік - ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді». Шындығында осылай ма? Абай осы жерде «бірлік» сөзінің мағынасын өзі ашып береді: «Жоқ, бірлік - ақылға бірлік, малға бірлік емес». Абай түсінігінде бәрін, яғни төрт түлік малды, дәулетті, асты ортаға салу бірлік емес. Абай тұсындағы қазақтар малы, дүниесі бар, дәулетті ағайынды жағалап, соның дүние-мүлкін пайдаланып, маңдай терін төкпей, ағайын-туыстың арқасында күн көруді бірлік деп түсінеді. Бұл еңбек етпейтін қазақтың ойы. Абай өмір сүрген кезде де, қазіргі уақытта да көптеген адамдардың ойында ағайындарымның малы бар, мені аштан өлтірмейді, далада қалдырмайды, солардың арқасында күнімді көремін деген түсінік қалыптасқан. Ондай болса, «Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы», - дейді Абай. Сонда ағайын емес, сырттан келген бөтендер де бірлік қыла береді екен. Абай осы жерде малға емес, ақылға бірлік болған жерде қазақтар тату, жарасымды, берекелі ел болады дейді. «Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін құдайдан тілейді, әйтпесе құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді». Бірлік малға сатылмауы тиіс, егер бірлік малға сатылса, адам өз ырзық-несібесін құдайдан сұрамайды, ағайыннан сұрап, араздасып, жақындарын жаулай бастайды. Бірлігін сатып, құдайын ұмытады. Арызқойлық пен жалақорлық, іштарлық, күншілдік, араздық, жалқаулық секілді жаман қасиеттер бірлікті ыдыратады. Ақылға бірлік қылған, ағайындарым көмектеседі деген ойдан аулақ болып, жалқаулыққа, еріншектікке жол бермей, өзара араз болмай, күнделікті тіршілікте қалайда әрекет жасап, өз еңбегінің жемісін жеген адам тек еңбегіне қарай табысқа жетеді. Абай ел болып, ілгері басып даму үшін, ең алдымен, бірлік керек дейді. Бірлік – ел тұтастығының кепілі. Абай өз заманында халықтың халық болып қалыптасуының бірден-бір шарты бірлікте екенін атап өткен. Абай алтыншы қара сөзінде көтерген бірлік мәселесі бүгінгі күнде де өз маңыздылығын жойған жоқ. 

Абай шығармашылығы терең философиялық мәнге толы. Абай Отанға, өз халқына деген сүйіспеншілік, еңбексүйгіштік, адалдық, достық, ғылым-білім іздеу ең ізгі қасиеттер деп санады. Абай білім, еңбек, халықтың рухани бірлігі сияқты жалпы адамзаттық идеалдар туралы ой толғады. Сондықтан Абай шығармашылығы уақыт сынынан өтіп, қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін одан да құнды бола түсті.

 

Әдебиеттер тізімі:

1. Абай. Қара сөз. Книга слов. Book of words. Алматы, RS; Халықаралық Абай Клубы, 2015.- 503 б.

2. https://egemen.kz/article/217247-abay-dgane-xxi-ghasyrdaghy-qazaqstan

3. http://abai.kaznu.kz

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінің профессоры Данат Жанатайұлы Жанатаев

Филология және әлем тілдері факультетінің «Аударма ісі» мамандығының 1-курс магистранттары Карабаева Баян, Көшербай Асылай, Мұхтарқызы Айгерім, Тастанбекова Айкүміс