Біздің мақсатымыз

Біздің мақсатымыз
жеке
блог

 «Мың тоғыз жүз» деп басталатын жылдары қазақ елі орыстың езгісінде болды. Орыстың орнатқан опасыз саясатының әсерінен қазақ елі өз еркімен өмір сүруден қалды. Осындай кезеңдерде тіпті ауыздан шыққан сөз үшін де түсінік беру міндет боп саналатын. Қарапайым халық билікке қарсы ештеңе айта алмады. Айтқан адамды атты, не қудалады. Осындай кезеңде баспасөз қызметкерлері де жазар дүниесін аңдап жазып, басар қадамын абайлап басатын. Ол кезеңде қара халықтың халін емес, қара басының қамын ойлаған жандар көп еді.

Бірақ Міржақып Дулатов қорыққаннан аңдап сөйлейтін адамдар қатарында болған жоқ. Халықтың басына түскен қайғыны түсініп, айтатын сөзін бүкпесіз айтты. Сондықтан шығар М. Дулатовтың есімі тарихта мәңгі қалды. Оның жазған мақаласы үшін жабылып қалған газеттер де болды. Оның бірі «Серке» газеті.

Бұл газетте жарияланған «Біздің мақсатымыз» атты М.Дулатовтың мақаласы қазаққа түскен ауыртпалықты айта білген мақала еді. Мақаладан орыстардың жасап отырған лас істерін өлтіре сынаған ащы шындық көрінді. Аштық пен жоқтыққа ұшыраған қазақ халқының мұңын айта білген ащы дауыс естілді. Мыңдаған халықтың айтар сөзін бір ғана мақалаға сидырды. Сол уақыттарда «айту керек» деген маңызды нәрсені Міржақып Дулатов айта алды.

 Мақалада халықты дінінен айрыра бастаған үкіметтің саясатын сынады, пайда әкелмеген салықты айта отырып, орыстардың ісін әшкереледі. Мақаланың негізгі бағыты халықтың көзін ашып, ояту еді.

Биліктің опасыз қылығын сол кезеңде ешкім де ашып айта алған жоқ. Дулатов айтты, шындық шымбайларына батқан үкімет не істеді? Әрине, халық қарсы шығып кетпестен бұрын газеттің ғұмырын тоқтатып үлгерді. Қуанышқа орай, бұл мақаланы автор бүркеншік атпен жариялаған. Билік өкілдерді мақала авторын таба алмай, сондықтан адамның емес газеттің ғұмырын тоқтатқан.

Мақаланың авторы М. Дулатов екенін білсе, М. Дулатов сол мезетте-ақ билік өкілдерінің қолынан қаза табар ма еді, кім білер?! Асыл азамат содан кейін де ел мұңын айтап қаншама дүние жазды. Қазақтың ауыр халін айтамын деп ақын түрмеге қамалды, ақыр аяғы түрмеде жүріп қаза тапты. М. Дулатов еліне деген адалдық жолында жанын пида етті.

Қәзір жазушылар көп болғанымен, мұндай жазушылар жоқтың қасы. Жаза алғанымен қазіргі күнде елі үшін жанын бере алатын азаматтар кездесе ме? М. Дулатовтай асыл азаматтар қазір де көп болса саясат соншалықты ластанбайтын еді.

Ендігі біздің мақсат – Міржақып Дулатовтың елеулі еңбегін бағалап, одан үлгі алу. Оның халқы үшін тар жолда толарсақтан саз кешкен қиындықтарын ескеріп, келесі ұрпаққа тәуелсіздік осы кісілердің арқасында келгенін түсіндіру.