«Берік отбасы-есірткіден алыс»

«Берік отбасы-есірткіден алыс»
жеке
блог

«Қызылорда ОІІД  ЕҚҚІҚБ тарапынан

 жарияланған сайысына»

 

                                         «Берік отбасы-есірткіден алыс»                                                                            

       «Отан –  отбасынан басталады». Отбасы – біздің басты құндылығымыз. Қоғамның адам танымастай өзгеруі туралы ұғым санаңа қорқыныш ұялатады. Расында, бүгінде отбасы құндылықтарын дәріптемейтін болдық. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің». Кез келген баланың болашағының жарқын болуы да,  басталмай жатып тұйықталуы да оның отбасынан алған  тәрбиесіне байланысты. Бірлігі жоқ, берекесіз отбасында өскен балалар өздеріне сырттан қолдау іздеп жүріп,  түрлі топтарға кезігіп, теріс жолға түседі.Солардың бірі – есірткі. Иә, есірткі! Құлаққа қандай жағымсыз сөз десеңізші. Есірткі қанша адамның түбіне жетіп, бақытты өмірін баянсыз еткен улы зат болса да, оның алдын алу неліктен қиынға соғып тұр?

      Себебі, қазіргі таңда есірткінің зиянын біле тұра, оған қарсы шығуға дәрмені жетпейтін жастар көбейді. Тек жастар ғана емес, ересек кісілер де балаларына үлгі болудың орнына, өз ұрпағын улап жатыр. Есірткі ешқашан жақсылық әкелмейді. Оның адам денсаулығына тигізер зияны көп екенін тарқатып айтпаса да, белгілі. Жалпы, есірткі деп жансыздандыру ерекшелігіне ие болатын заттарды айтамыз. Өйткені, оның құрамында адамды мастандыратын, ашуландыратын, тыныштандыратын, сергітетін қосындылар бар. Ғалымдардың зерттеуінше нашақорлықтың құрығына көбіне жасөспірімдер түседі екен. Содан соң олар есірткі сатып алуға қажет үлкен көлемді қаражатты оңай жолмен, яғни, ұрлықпен табуды көздейді.

      «Ұры-қарының серігі». Қай қоғамда да заңсыз ақша табуға ұмтылғандар түбінде жазасыз қалмайды. Сөйтіп, жасөспірімдер нашақорға айналып, есірткінің құлақкесті құлы болып шығады. Есірткіні қолданғаннан кейін бұзақылық жасау, қорлық көрсету тағы басқа жамандықтарға барады. Менің ойымша жасөспірімдердің бұлай өзгеруіне ең бірінші қоғам, екінші олардың жақындары кінәлі.  Уақыт шіркін тоқтаусыз өтіп жатыр.  Әр адам сол уақыт көшінен қалмау үшін күйбең тіршіліктің соңында жүр. Ал, баласын бағып, оның келешегін кемел еткісі келген ата-ана таң атқаннан, кешке дейін жұмыста жүреді де,  үйдегі баласын  тәрбиелеуге уақыт таба алмайды. Бұл жерде бала тек,  ата-ана тәрбиесінен  ғана шет  қалмайды, сол ата-ананың мейірімінен де кенде қалады. Сондықтан ата – аналар кәмелетке толмаған, оңы мен солын ажырата алмайтын балаларының қайда жүргенін жіті бақылап, олардың жүріс–тұрысын мұқият қадағалау керек. Бала тәрбиесіне, біріншіден, өз ата–анасы жауапты, бұл –  барлық ата–аналарға ортақ іс.

   Сөзімді қорытындылай келе: «Отбасы – ошақ қасы, әр адамның ыстық ұясы». Менің отбасым – нағыз берік отбасы. Еліміздің ертеңі болар жастарымызды есірткісіз болашаққа жетелейік!

 Қызылорда облысы

Жалағаш ауданы

Тұраровтар отбасы

#УПНДПКЗО