Қыз бақыты

Қыз бақыты

Мейіржан Ерханқызы "Жас ұстаз - 2015" байқауында өнер көрсетіп, мұғалімдер арасында бас жүлдені жеңіп алды. Ол аталған байқауда өзінің әртістік шеберлігін танытып, қыз баланың өмірі туралы монолог оқыған болатын. Назарларыңызға монолог үзіндісін ұсынамыз. 

Аспанда ұшқан құсқа ұзақ қарап сүйсінемін. Бірде жоғары, бірде төмен қалықтап ұшып, өзінің тамағын тауып жеуге, балапанын асырауға әрекет етеді. Әрбір тіршілік иесі өз өмірінің ізбасары мен жалғасы болғанын қалайды емес пе?

Қыз баланың жақсы ер жігітке тұрмысқа шығуы, ер жігіттің жақсы жар табуы мәңгілік шынайы жеңіспен пара-пар. Бірде анашымнан жақсы, сенімді өмірлік жарды қалай табуға болады деп сұрағанымда: Қызым, Жаратқан шын мәнінде пендесінің маңдайына өзіне тиесілі тағдырын жазып қойған. Имандыға иманды, зұлымға зұлым, жалқауға жалқау жар кез болады. Сен ең алдымен өзіңді дамытуға тырыс. Күйеу іздеме, өзіңді ізде, өзіңе не керек екенін түсін, сонда жақсы күйеудің өзі сені іздеп табады, - деген еді. Мен осы сөзді жадымда ұстап, көңіліме тоқыдым.

Адамның адам болып қалыптасуы үш нәрседен: жақсы ата-анадан, жақсы құрбы-құрдастан, жақсы ұстаздан деп Ұлы Абай бекер айтпаған болса керек, сірә. Бұл жағынан келгенде менің жолым болған секілді.

Өз ұясынан тастап, өзге жерге келін болып түсу, үйренісу оңай емес, әрине. Үйлену дегеніміз – жауапкершілігіңді екі есе арттырып, өз құқығыңды екі есеге азайту деген сөз. Үйленген еркектің 5 ісі артады, тұрмысқа шыққан келіннің мың жұмысы артады деген сөз бар емес пе?

Мен таңдаған ұстаздық мамандық – менің жанымның шын қалауы. Ұстаздық жолы қиын да қызық жол, бірақ мен қиындықтан қашпаймын, себебі адам тек қиындықта ғана шыңдалатынын білемін.

Мен алғашқы еңбек жолымды кішкентай ғана көл жағасында орналасқан мектептен бастадым. Алғашында, маған расында да қиын болды. Жаңа ортаға бейімделу, мұғалім атына лайықты болу.

Кейде өзімді тым шарасыз сезінген сәттерде өзімді ақындардың поэзиясынан табамын, өлең арқылы өзімді жұбатамын. Бірақ, оқу орнын жаңа бітіріп келген жас маманға жанашыр аға буын өкілдер мұнда да табылды. Сол кісілердің арқасында көп нәрсені үйрендім, жетекшім Сәбира апайдың сілтеген бағыты арқылы өз мамандығымның көтерер жүгі де ауыр екенін ұғынып келемін.

Мен жаспын, жас болсам да өмірдің адам баласына бір рет қана берілетінін білемін! Сондықтан да әр таңымның атқанына, әр күнімнің батқанына қуанамын, қуанамын да тәубе деймін!

Қыз баланың бақыты – жар атануында, ана атануында. Міне, бүгін мен де ана атануға талпынған кезеңдемін. Тұла бойымда бір тіршіліктің бар екенін, оның өсіп келе жатқанын сезінемін. Енді, біз үшеу боламыз! Бұл - тағдырдың берген үлкен сыйы, Жаратқанның ертеңгі күнге аманаты. Кеудемдегі тіршілік иесіне менің аналық махаббатым, өзімді ана екенімді сезінген сәтте-ақ оянды. Мен онымен үнсіз сырласамын, сөйлесемін, оның қандай болып өсетінін де ойша елестетіп, қиялдаймын. Жанымның жарты бөлшегі екенін шын мәнінде ұғынамын! Ең алдымен дүниеге аман есен келіп алсыншы, тек сол күнге жеткізсін!

Әрбір арудың арманы келін атану емес пе? Алғаш келін болып түскенде «сәлем бердік» деп амандасу үшін қысылатынмын, дауысым өте баяу шығатын. Ауыл өмірі мен үшін қызық та қиын. Қым қуыт қайнап жатқан қала өмірінен, тып тыныш ауыл өміріне үйренісу әуелгі кезде қиындық туғызды. Әсіресе, «ат тергеу» дәстүрі бойынша қайныларым мен қайынбикелеріме ат қою, оларды өз есімдерімен атап қоя беретінмін.

Бірде үйдегі пешке балық астық. Үлкен енем, әжеміз: «Атыөшкір, атыөшкірді әкелші!» - деді. Әжеміз қатал кісі болатын. Үлкен енемнің сұсты қабағынан сескеніп, сұрауға бата алмағандығымнан бөлмелерді кезіп жүре беріппін! Сол сәтте ол не нәрсе деп сұрасамшы?!

Тағы бірде, нан илеуге тура келді. Кешқұрым қамырды илеп, ұйқыға кеттім. Таңертең «Ойбай, қамыр көк аязданып, мұз болып қалыпты» деген тағы да әжемнің дауысын естідім. Несін айтайын, қамырға ашытқы салуды ұмытып кетіппін! Көк аяз қамырды көргенімде қатты ұялдым!

Мен өз таңдауым үшін өкінбеймін! Себебі, бақыт әр адамның өз қолында, әр адамның жүрегінде лүпіл қағады. Ол жер талғамайды. Бақыт үшін күресу керек. Қазір бәрі жақсы, ауыл өміріне біртіндеп үйреніп келе жатырмын. Жолдасым да қолынан келгенінше жәрдемдесіп келеді. Тек қана Тәңірімнен екеумізге бір ғұмыр бере көр деп тілеймін! Ал, басымнан өткен қызық та қиыншылықтарға қарамастан, өзімнің нағыз ауылдың заманауи келіні болатыныма шын жүрегіммен сенемін!

Жолдаған: Мейіржан Ерханқызы

Сурет: Любовь Харламова,Бижигит Каиржанов, Балтабек Кожанов  

Қ. Бүйенбай