Алашымның айбынды арландары - «Astana Arlans»

Алашымның айбынды арландары - «Astana Arlans»

«Ұранды ердің - ұрпағы қайсар» деген аталы сөздің растығына бірнеше рет куә болғаным бар. Өткенге көз қиығын тастап, тарих тұңғиығына терең бойласақ, қазақ - ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен, «Абылайлап» ұрандап, «Алаш» деп жауға аттанған, ақылмен дауды бітістіріп, тау көтерген Толағайдай алып тұлғаларды тәрбиелеген халық екендігі хақ.

Бүгінде, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заманда, ел үшін, жер үшін талас тыйылды. Алайда, бүгінде біз білек күшінің мықтылығын анықтау үшін спорт сайыстары арқылы сынға түсеміз. Осы тұста кешегі батырлардың ізбасарлары - бүгінгі қазақ ұрпағының, бойынан тулап аққан қасиетті қанның арқасында қайсарлылығын жоғалтпағандығына кеудемізді кере мақтана аламыз.

Өзім талай ұлы тұлғаларымыз топырағында аунап өскен киелі Отырар өңірінде дүниеге келдім. Армансыз адам, қанатсыз құспен тең,- демекші, менің де асқақ армандарым болды. Бір қызығы, мен барлық арманымды Алматымен байланыстыратынмын. Жұрттан оза шауып оқыған білімімнің жемісін көріп, арайлы Алматыға мен де жеттім, арман қуып. Мектеп қабырғасынан коғамдық жұмыстарға белсене атсалысып, адамдармен ашыла сөйлесіп үйренген мен үшін, бөтен қала, бөтен жандарға үйренісу қиынға соққан жоқ. Университет қабырғасында жүріп, «Көмек» атты еріктілер ұйымына(орысша – Волонтер, қазақша – әмбебап адамдар) мүше болдым. Қай елде, қай жерде болсын, кез келген мәдени, спорттық, қоғамдық іс-шаралар еріктілердің еңбегін қажет етеді. Мен де, Алматы қаласында өткізіліп жатқан көптеген шаралардың басы қасында жүріп, көзімнің анық жеткені – қазақ азаматтарының ұранды ердің қайсар ұрпағы екендігі. Бұл сөзімнің айғағы ретінде, күні кеше еліміздің «Astana Arlans»  клубы мен Венесуэла елінің «Cacique Venezuela»  командалары арасында өткен бокстан WSB жобасындағы кездесуді тілге тиек етуге болады.

Денелеріне күйдіре сурет салған Венесуэла елінің боксшылары шаршы алаңға мұрындарын шүйіре шыққанда, біздің қазақ арландары асып-тасымай, байыпты, салмақты, ұстамды мінездерімен сайысқа келген бес қарсыластың да сағын сындыра, 5:0 есебімен ойсырата жеңіп, жеңісті қазақ елінің қанжығасына байлады. Кезінде жұдырық шеберлерінің жеңісін тек теледидар арқылы тамашалап жүрген мен үшін, тұңғыш рет рингтың дәл бұрышында тұрып, еліміздің қайсар ұлдарына «Astana Arlans» командасының жаңа президенті, кезінде бәріміз көгілдір экранның арғы жағында отырып жеңісін тамашалаған Серік Сапиев ағамызбен, және де жігіттерімізге қолдау білдіруге келген қалың қазақ елімен бірге тақымымызды қысып, жеңісті сәтті бірге тамашалау - балалық арманымның орындалуы болды. Сонымен қоса, менің қуана атап өткім келетін ерекше жәйт, жаттықтырушылардың да, «Astana Arlans» құрамасы жігіттерінің де басым көпшілігі дерлік қара домалақ қазақ азаматтары екендігі. Еліміздің намысын қорғап шыққан Мейірім Нұрсұлтанов бауырымыз қарсыласты екінші раундта-ақ нокаутқа жіберді. Шаршы алаңға жұдырығын түйе шыққан қара көз қандастарымызға, жанкүйерлердің «Аттан» деп ұран салуы, жаттықтырушылардың ана тіліміздің әдемі сөздерімен рухтандыруы да көк Туымыздың жоғары көтерілуіне септігін тигізгені анық. Халыққа толы спорт кешенінің ішінен, күллі қазақ азаматтарының қазақша сөйлеген дауыстары жарыса шыққанда құлағыңның құрышы қанып, жүрегіңнін түбінде еліңе деген сүйіспеншілігің артып, көңіліңнің пернесі әсем әуенге бөленгендей күй кешеді екенсің. Содан кейінгі, зеңгір көк аспанда, шуағын шашқан алтын күннің астында, шарықтай самғаған алып қыранның бейнесін қазағымның қошқармүйізі көркемдеп толықтырып тұрған туымыз биіктен желбірей көрінгенде, қазақ халқы да әрдайым осы Туымыздай биікте самғаса, биіктен көрінсе, биікке бойласа екен деген тілек тілейсің. Елін қорғар ер барда, ерін қолдар ел ешқашан жоғалмақ емес. Ендеше ұранды ердің қайсар ұрпағы, алашымның айбынды арландары көбейіп, сол асыл ұрпақты дүниеге әкелетін ақ жаулықты, абзал аналарымыз аман, еліміз тыныш, бауырымыз бүтін болғай!

Жолдаған: Гүлназ Жаңбырова

Сурет: massaget.kz

Оқи отырыңыз:

«Astana Arlans» V маусымды жеңіспен бастады

О. Сансызбай