Қашқарды ашқан Колумб

Даңқты саяхатшы Марко Поло мен Диезуит Гоестен кейін XVI ғасыр ол жерді еш ғалымның аяғы басып, көзі көрмеген. Бұл жерлер Еуропаға жұмбақ болатын. Баруға ниет қылған Батыс Еуропа ғалымдарының көпшілігі бақытсыздыққа ұшырап отырған. Мәселен, Шоқаннан бір жыл ғана бұрын Қашқарияға барған атақты географ Адольф Шлагинтгейт Қашқария әкімі Уәлихан төренің қолынан қаза табады.

Міне, осындай қауіпті сапарға 1858 жылы 28 маусымда Шоқан шықты. Ол Қапал қаласының маңындағы Қарамола тауынан бастап, Ыстықкөл арқылы, қырғыз халқының байтақ жерін аралай отырып, 1 қазанда Қашқар қаласына барып кіреді. Бұл сапарында Шоқан күнделік дәптер жүргізіп отырған. Бұған ол өзінің жолшыбай көрген-білгендерін, атап айтқанда, Орталық Тянь-Шаньның, Ыстықкөл бассейнінің, Нарын, Арпа, Атбас, Шатыркөл және Тарим өзенінің географиялық жағдайын, табиғат байлықтарын, ауа райын, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін жазады. Шоқанның бұл күнделік дәптері СССР Ғылым академиясының архивінде осы күнге дейін сақтаулы.

Шоқан Қашқарияда жарты жыл тұрып, Шығыс Түркістан қалаларын, әсіресе, Қашқар қаласын жетік зерттейді. Одан әрі саяхатты жүргізуге сәті келмей, кері қайтады. Сол сапарында бұл елдің саяси қайраткерлері, ғалымдары, қалың бұқарасымен аралас-құралас болып, осы күнге дейін жұмбақ, жат саналған елмен танысып достасып, қымбат мағлұматтар алып, ғылымды байыта түседі. 1859 жылдың сәуірінде ол Отанына оралады. Орыс ғалымдары оның бұл сапарын нағыз ғылыми ерлік деп бағалап, Шоқанды Қашқарияны тұңғыш зерттеуші ғалым деп таныды. Ш.Ш.Уәлиханов Қашқариядан аса бай ғылыми материалмен келді. Мәселен, ол сирек кездесетін шығыс қолжазбаларын, тау жыныстары мен өсімдіктер коллекцияларын, ежелгі мәдениет ескерткіштері мен ісмерлік өнерінің көптеген нұсқаларын әкелді. Әсіресе, оның Шығыс Түркістан тұрғындарының түрі мен тұрмысын бейнелейтін суреттері ерекше орын алады.

Ш.Уәлихановтың Қашқарияға жасаған саяхатының басты жемісі оның «Алты шаһардың немесе Қытайдың Нан-лу өлкесінің шығысындағы алты қаласының жағдайы туралы» деген еңбегі болып табылады. Бұл еңбек өзінің материалының молдығы, талдауының ғылыми тереңдігі жөнінен тек Отандық қана емес, сонымен бірге бүкіл Дүниежүзінің ғылымына қосылған үлкен қазына болып табылады. Бұл сапар және жаңағы еңбек Шоқанды «Қашқария Колумбысы» деп атауға толық негіз береді.

Автор: Әлкей Марғұлан