Менің Шерлок Холмспен бірге із кескенім туралы ...

Менің Шерлок Холмспен бірге із кескенім туралы ...
жеке
блог

Қайбір күні жұмыста отырып, сәл бос уақытымды пайдаланайын деп интернеттен кітап қарай бастадым. Биылғы жылғы жоспар бойынша " 1 жылда 50 кітап" оқылуы керек. Содан не керек әдебиет кітаптарын ақтара бастадым. Оның ішінде әлемдік классиканың аудармалары да шығып жатты. 

Көңілім қалаған кітабымды таба алмаған соң, ашылған терезелерді жапқалы жатыр едім, алдымнан Артур Конан Дойл және Агата Кристи деген жазуы бар электронды кітап атып шықты. Көзіме оттай басылып, шоқтай маздай бастаған соң шыдай алмай, аштым. Бұл авторларды өте көп естігеніммен,  Артур ағай мен Агата апайлардан ұят қой иә, бірақ әңгімелерін оқымаппын. Тіпті Шерлок Холмсты оқығандар не үшін қиялға беріліп, жоқ жерден кір іздеп жүреді?" деп ойлап жүруші едім.

Сөйтсееем, нағыз "миға шабуыл жасау" деген осында жатыр екен ғой.))) 

Басын бастап оқығаннан Бейкер Стриттен бірақ шықтым. Құдды Шерлок пен оның досы дәрігер Ватсонмен бірге із кесіп жүргендеймін. Бір сәт мына дүниеден жырақтап, сонааау 19-20 ғасырға топ ете қалдым. Автордың әңгімені бейнелеуі сонша, сол замандағы қала келбеті, ғимараттар мен көше қиылыстары бәрі көз алдымда. 10D көзілдірігін киіп алғандай! Сонымен не керек, бір сәт Шерлок ағаймен із кестім. 

Шағын жарнама: "Мен Шерлок Холмс десе, көз алдыма басында шляпісі бар, қолында таяқ, көзінде кішкентай дөңгелек көзілдірігі мен аузына қыстырған темекі түтікшесі бар адам елестейтін. Сөйтсем, шамалы басқашалау екен."

Алғашқы із кесу "Жиреншаштылар қауымдастығынан" басталды. Жағдайын айтып отырған жирен шашты Мистер Джабез Уилсонның әңгімесін естіп отырып дәрігер Ватсон екеуміз бір-бірімізге таңырқаған жүзбен қарап отырдық. Бірақ анадай жерде мұқият тыңдап тұрған Шерлок ағай біз сияқты ойламайды. Бір нәрсені анықтамақ болып сұрақтарын жаудыртып жатыр. (Қызық болса өзіңіз оқырсыз))) Алайда, Джабез ата кеткен соң Ватсон дәрігер екеуміз "Не айтар екен?" деп досымызға қарадық. Жағдай анау айтқандай болмашы көрінгенмен, түбі тұнып тұрған детектив екенін онша сезіне қоймаппыз. Сөйтсек, жаңағы кейіпкердің көмекшісі мен "жиреншаштыларды ғана" жұмысқа алатын Дункан Росста екен гәптің бәрі. Интрига ма? Әңгіме ұзақ болғандықтан қысқаша осылай ғана баяндай аламын.

Сонымен не керек, әдеттегіше Шерлок ағайға 50 минуттық тыныштық керек болды. Бөлме тып-тыныш. Ағай креслосында аузына темекі шегетін түтікшесін бұрқыратып, ойға шомды. Біраз уақыттан соң ерекше көңіл күймен бізге қарады да, кешке кездесуге келістік. Жол бойы әлгі жирен шашты атайдың үйіне соғып, көмекшісін бір көріп алдық та, ары қарай бір жерге бардық. Бір кезде Холмс көкеміз бізге түнгі 10-да Ситидегі ірі банкке тығылған өте үлкен сомадағы ақша ұрланбақшы. Соның алдын аламыз дегенді айтты. Ол оны қалай білді ме? Манағы 50 минуттың ішінде ол бәрін ой елегінен өткізіп, жолда көрген көмекшіні, банктің бастығы мен полицейдің әңгімелерінен бірде бір детальін тастамай, ұсақ-түйегіне дейін ет өткізгіштен фарш шығарғандай, бүкіл болатын оқиғаны осылайша дәл тапты. Әңгіменің соңы хэппи ендпен аяқталды. Біздің аузымыз ашылып, дәрігер Ватсон досының кезекті шедевріне қос қолдап қол соқты. Және бұл оқиға міндетті түрде оның әңгімелер жинағына түсетінін де айтты. Ал мен әлі де аң-таңмын. Осыны байқаған Шерлок ағай арқамнан қағып, алда талай қызықты із кесулер болатынын ескертті ))) 

Осы оқиғадан соң, көп ұзамай тағы екі оқиға орын алды. Оның бірі "Үш студент" жайлы болса, енді бірі "Жырық ерін" туралы болды. Дәл осы екінші оқиғадан соң мен көшеде отыратын "қайыршыға" күмәнмен қарайтын болдым. "Мүмкін ол да әлгі оқиғадағы экс әртіс секілді бетіне грим жағып алып, оңай ақша тапқысы келіп отырған шығар" деген ой келетін болды. Мүмкін ғой?

Хош, осы кездейсоқ саяхаттан соң өзіме әзер келдім. Жұмыстан шыққан соң, Көкшенің тар көшелерімен емес, құдды Бейкер стрит арқылы әлгі жер асты темір жолымен Олдергетке жетіп, одан әрі Сакс-Кобург скверде жүргендеймін. Мен жүріп өтетін көшелердің бірі осы скверге ұқсастау. Кобург сквер -  аристократиялық стильге ұқсағысы келіп, бірақ ұқсамай қалған шағын ғана шала ұйқылы алаң секілді болса, менікі биік ғимараттары аз, бір-екі пальма ағашы мен Лениннің ескерткіші тұрған алаң - менің үйіме бастар жол. 

Жалпысында, оқиға өте қызық. Бірақ мен жазудан шаршамасам да, сіздер оқудан жалығып кете ме деп барынша қысқа қайырғаным осы болды. 

Келесі жолы тағы біраз әңгімесін оқып, жаңа оқиғамызбен дәрігер Ватсон ағамыз екеуміз айтып береміз. Әзірге, сау! 

(Блогты жазудағы екінші мақсат бір жақсы адамға айтып беру болды, ол туралы кейін)