Кәріс телехикаялары - жастардың санасын құртатын "у"
жеке
блог

Кәріс телехикаялары - жастардың санасын құртатын "у"

Кәріс телехикаялары - Корея Республикасының дамыған "k-pop" деп аталатын ағымының құрамдас бөлігі. Оның басты көрермендері - 13-20 жас аралығындағы қыз балалар. Енді өсіп, өмірдің бар қыр-сырларын танып жатқан жас бөбектің санасына кәрістің күнде кешіп жатқан мәселелері мен хикаяттары ауыр болады деп санаймын. Әрине, сол кинолардағы актерлердің бет-әлпеті тартымды болғандықтан, қыздардың көбісі телехикаяның құрсауында қалып қояды. Осы ретте, мен өзімнің басымнан кешкен оқиғаларды баяндағым келеді.

Кәріс телехикаяларын мен 8 жасымнан бастап қарадым. Ең бірініші, былайша айтқанда "сериалым" - "Мальчики краше цветов" телехикаясы. Сабақтан келгенде де, ұйықтар алдында да, қашан болса да сол сериалдарды көруге асық болып тұратынмын. Уақыт өте келе, өзімнің қарашығымның көру қабілеті біршама азайды. Оған қарамай-ақ сүйікті ісімді одан әрі жалғастырдым. 

Тағы да уақыт өтті. Мен 9 сыныпқа қадам бастым. Көптеген олимпиада мен жарыстар, байқаулар келіп жатты. Бір күні солардың біреуіне қатысып көрейін дедім. Ол байқауда тек қана мектептен алған білімімді емес, сонымен қатар шығармашылық қабілетім мен жан-жақтылық сынды қабілеттерімді да сынға алатын еді. Сонда мен өзімнің әлемде не болып жатқанынан, қандай өзгерістер болып жатқанын білмейтінімді түсіндім. Сол кезден бастап күн тәртібімді өзгертіп, кәріс телехикаяларын мейлінше қысқартуға кірістім. Осындай шешім қабылдағанымды байқап, ата-анам да маған әдеби кітаптарды оқуыма барынша жағдай жасады. Соның арқасында бүгінде мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен қалалық олимпиаданың бірінші орын жүлдегері болып отырмын. 

Бұл мәселенің бар жаман жақтарын қарастыра бермей, жақсысын да алып қарайық. Кәріс телехикаяларына деген қызығушылығым мені кәріс тілін үйренуге итермеледі. Үш жыл бойы кәріс тілін үйренген мен сол елде тұратын адамдармен сөйлесе алатындай деңгейге жеттім. 

Әрине, кәріс телехикаялары арқылы біз олардың мәдениетін, күнделікті өмірін біле аламыз. Бірақ, "әр заттың орны мен уақыты болады" дегендей, өміріміз бен виртуалды иллюзияны айыра білейік.