Бағдарлы болашақ- бақыттың кепілі. (жолдау аясында)
жеке
блог

Бағдарлы болашақ- бақыттың кепілі. (жолдау аясында)

                                   Өмір сүру үшін - өзгере білу керек.

Н.Ә.Назарбаев

         Кестелі сөз, кесек ойға толы болған ел басшысының мақаласы ағымдағы жылдың 12-сәуірінде дүйім жұртқа жарияланды.Мемлекет пен ұлттың жаңғыруына, жандануына негізделген бұл мақалада таяу он жылдықтың ұраны реализм мен прагматизм болуы керектігі нақты айтылған. Ғасырлардан қанға сіңген ұлттық болмысымызды сақтай отырып, кертартпа дүниелерден арылуға тиісті екенімізге, бұл-рухани жаңғыруымыздың бірден-бір жалғыз шарты екендігіне баса назар аударылып, айрықша аталып отыр.

          «Білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді». Өскелең ұрпақты білімге құштар етіп, біліктілікке баулу арқылы болашағымызды бағдарлаймыз. Дүниетанымы кең адам бәсекеге төтеп беруден таймақ емес.Президенттің ой толғауында білімге осылайша басымдылық берілген.

          Мақаламен толыққанды таныс болсаңыз, сіз үшін ойға аларлық, көкейіңізде талқыға түсерлік тұжырымдардың туындағаны айдан анық. Бұл мақалада менің ерекше назар аударып оқығаным – латын әліппесіне көшу, мәдени жаңғыру болды. Жаһанға тек қара алтынымызбен емес, мәдени – рухани байлығымызбен де танылуға тиістіміз.Жөн-ақ. Бұл – дегеніміз, Елбасы атап өткендей құзырлы биліктің, яғни осы жолда ел мүддесі үшін еңбек ететін үкіметтің қоян-қолтық қызмет атқаруы.

         Ұлттық құндылыққа баса мән берілгендіктен, оны келесі ұрпаққа жеткізу де аманат болып қалмақ. Ал, ол үшін ұлттық кодтың сақталуы үлкен рөл ойнайды. Бірінің басын шалсаң, екіншісі төбе көрсетеді. Ұлттық құндылық дегенде ұлттық код, оны айтқанда прагматизм тілге оралады. Ұлттық құндылығымызды, кодымызды сақтау үшін мәдени, тарихи құндылықтарымызды дамыта отырып, әлемнің жақсы қасиеттерін бойымызға сіңіруіміз қажет.

        Мен айтқан ұлттық кодтың негізін Президент туған жерге, оның табиғаты мен мәдениетіне, дамуына «іңкәрлікпен» ат салысу деп түсіндіреді. "Туған жерге туыңды тік" деп, ұлылар ұлағатына сүйенген Елбасы «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Біртіндеп «туған елге» ауысатындығын айтып, осы жолда патриотизмді дәріптеді. «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін?» Мақала барысында халық әнінің, халық сөзінің қасиетін ұғынуды үлгі еткен автор бүгініміз үшін, болашағымыз үшін кемел саясатты ұстанып отыр. Республикамыздың әр бұрышына жетіп, әр тұрғын таныс болса, мақалада айтылған мақсат-міндеттердің жүзеге асары хақ. Елдің егемендік жолына түсіп, дамыған елдермен иық тіресе көш бастауы, терезесі тең болуы-ширек ғасырда қолымыз жеткен ірі жеңіс.

       Ой – толғауды оқи отырып, ойыма келгені мынау болды. Сөзімнің қорытындысы: Ұлт көшбасшысының атап көрсеткен бұл шаралары еліміздің дамудың жаңа деңгейіне көтерілуі үшін үлкен септігін тигізер бастама боларына бек сенімдімін!