"ТАНЫС" таппай жүрсіз бе? Онда...

        Қазір біреу биікке көтерілсе, жұмысқа орналасса не болмаса бір жетістікке жетсе, «ой, сол өз еңбегімен жетті дейсің бе? Анау бір көкесі отырғызған  шығар», «бастық ағасы бар еді ғой, сол да көмектескен. Бізге оған жету қайда?» деп өзімізше соның сыртынан тон пішіп, «таныс бар жерде- шанс бар» деген жалған гипотезаны алға тартатынымыз бар.

      Ал сіз соған сенесіз бе? Таныссыз табысқа кенелуге бола ма? Бірге жауап іздейік!

       1)      Теорияда көп оқып, тәжірибеде көп еңбектеніңіз. Нағыз білімді адам өзін қай жерде болса да көрсете алады. «Бұл елде танысың болмаса, болашағың жоқ» дейтіндерге көбірек кітап оқып, еңбектену керектігін айтамын. Кінәні өзгеден іздеу- әлсіздердің әлегі» дейді Б.Бұқарбай «Күміс кітабында».

       2)     Атағы бар ағасына арқа сүйейтіндерді көрсеңіз, керісінше ешкімнің көмегінсіз-ақ жетістікке жетуге болатынын дәлелдеңіз. Оның сыртынан ғайбат айтып, өзіңізді одан төмен санасаңыз-сәттілік те сізден сырт айналып кетуі мүмкін.

        3)     Біреуге ұнамай қалудан қорықпаңыз.  Неміс философы Шопенгауэр: «Бір адамның өз әзірлігі қанша толық болса, басқаларға жалынуы сонша азаяды, айналасына арқа сүйемейді, әлдекімге тәуелді болмайды. Сондықтан парасаты асқан адам ешқашан жұртқа ұнамайды» дейді. Сондықтан әрдайым ізденіс үстінде болыңыз. Өзіндік эгоңызды қалыптастырыңыз.

       4)    Сенімді серік етіңіз. Сіз өзіңізге сенгенде ғана, өзгелердің сеніміне кіре аласыз. 

       5)    Алдыңызға жүйелі мақсат қоя біліңіз. Құр қиялға ерік бермеңіз. Ешқашан ғайыптан ештеңе болмайды. Өз армандарыңды жүзеге асыратын сиқыршы ол- ӨЗІҢІЗ. 

 

             Көрдіңіз бе? Бәрі де өз қолыңызда. Ендеше, танысы барлардың ғана шансы бар деген жалған жорамалдың абсурдты дүние екеніне көз жеткізген шығарсыз.

Ал сіз әлі таныс таппай жүрсіз бе? Онда... 



Бөлісу: