Қазақтың екінші Әміресі

Негізінен танымды қалыптастыратын талғам. Талғам өспесе, санды сапаға ауыстырмаса болмайды. Адамның талғамы байыған сайын көркем дүниені кеңірек тани түседі. Таным мен талғам егіз дүние. Әңгіменің барлығы түптеп келгенде осы екеуіне келіп тіреледі. Негізгі әңгімем кеше ғана Қытай елін, тіпті бүкіл әлем жұртшылығын тамылжыған даусымен аузына қаратқан «Хасакіді шібән (Қазақтың қанаты)» Димаш Құдайберген жайында еді. 

Бұрындары Димашты жақсы тыңдап жүрдім десем өтіріктеу болар. Витебскдегі «Славян базары – 2015» байқауынан бас жүлдені жеңіп алған кезінде бір елең етіп қалған ек. Бірақ...Бірақ... Димаштың Қытайдағы ән шырқауы миллиардтаған қалың жұртшылықтың назарын аударды. Содан кейін қалай фанаты болғанымды байқамай қалдым.. Бір күнде миллиондап көрілім жинады. Шыны керек, бүкіл қазақ жұртшылығының тұла бойы шымырлап, жанарларына жас алғаны белгілі. Басқаны қайдам, өзім Димаштың әнінің әсерінен бірнеше күн айыға алмадым... Құдды бір, бұрын жинаған бар асылым, асыл деп жүрген құндылықтарымның барлығы шашылып қалғандай «біртүрлі» күй кештім. Бұл не сонда? Бұл қалай болғаны? Өзімді өзім түсінбей кеттім...қайта-қайта тыңдайм, қанбай қайтадан қосам. Сонсоң интернетті ақтарып Димаш туралы видеолардың барлығын қарап зерттеп шықтым өзімше. 

Димаштың 3 артықшылығы 

Бәріміз білетіндей һәм көргендей Димаштың музыкалық мүмкіндігі өте жоғары. Ол кез келген әнінде сол мүмкіндігін көрсеткісі келеді. Бәзбіреулер оның кемшілігі сол, кез келген әнге опера қосып жібереді деп жатады. Меніңше, бұл оның артықшылығы. Оған қарапайым әндерді айтуға болмайды. Мейлінше, кең тынысты, үніне сай әндерді айтқан дұрыс. Бірақ, біздің бұлбұлымыз ақылды жігіт қой, мұның бәрін өте жақсы біледі деп ойлаймын. Сонымен, оның 3 артықшылығы қандай? Сол жөнінде айтып көрелік. 

1) Ең бірінші артықшылығы – тәтті жымиысымен көрермендерді еріксіз баурап алуы. «SOS d’un terrien en détresse» әнін орындауға шыққанда жымиып күлгенін барлықтарыңыз көрдіңіздер. Оның сол жымиысы «қазір көресіңдер» деген ішкі сенімділік секілді әсер қалдырады. 

2) Екінші артықшылығы – өзін еркін сезінеді. Ішкі мәдениеті өте жоғары әнші. Әннің құдіретін жеткізе алады. Французша әнді орындағанда сөзін түсінбесек те, біз әннің жанын сезіне алдық. 

3) Үшінші артықшылығы – қазақша сөйлегені. Бұл пікіріммен біреу келісер, біреу келіспес. Абай атамыз айтқандай «өз сөзім өзімдікі» ғой. Миллиардтаған халықтың алдына шығып, қазақша сайрап тұр сабазымыз. «Мен өз ана тілімде сөйлеймін. Не істей аласың, қажет болса аударып ал» дегендей..) Тіпті, әншінің ана тілін түсінем деп бір топ қытайлық тыңдармандар қазақ тілі курсына жазылыпты дегенді бүкіл баспасөз жарыса жазды. Несі бар, қазақтың шұрайлы, оралымды, ырғақты тілін қаптаған қытай үйренем деп талпынса жаман ба? Бұл да бір артықшылығы деп білем. 

Ютубта Димаштың әнін тыңдап реакциясын, сезімін білдірген бірнеше видео пайда болды. Солардың бір-екеуін қарап көріңіздер. 

Мына бір қыздың таңғалғаны сонша, көз жасына ерік берді...

Ал, мына қыз әдепкі бір әншілердің бірі деп ойласа керек. Баға берем деген ол, қандай баға берерін білмей абдырап қалды..

"Поэзия жанның айқайынан ғана емес, сыбырынан да тұрады" дегенді естіп таңғалғаным бар еді бір ақыннан. Шынымен де, поэзия болсын, ән болсын, бәрі өнер ғой. Ал, нағыз өнер, сондай кіршіксіз, саф таза өнер болуы ләзім. Осындай тұп-тұнық дауыс пенделік болмысты өзгерте алатын күшке ие. Адам сұлулыққа құштар болған сайын, өзінің де жаны тазарып, талғамы биіктей түспек. Бәлкім Димаш әннің сыбырын да жеткізген болар... 

Димаштың биік өнері қазақ ән өнерінің рухани тазару шағының басы деп түсінейік. Ол бүгінде құны жоғалған ән өнерінің құнын ұғындырған секілді бізге. Осыдан соң халықтың таным көкжиегі кеңейіп, талғамы өседі деп ойлаймын және соған сенемін. "Елдің талғамы өспесе, әншінің айтқан әнінен не пайда?" деген сұрақ әрбіріміздің көкейімізде жүргені анық. Әнші өнер адамы болғандықтан халықты тәрбиелей алу керек. Себебі, бүкіл ел солардың аузына қарайды.

Айтпақшы, тақырыбыма қатысты бір сөз. Бұл асыра мақтау емес. Керісінше, оған разы болған елдің сенімі. Сол сенімнің үдесінен шығу үшін өзіне артылған үлкен жауапкершілікті сезініп, абыроймен алып шығатынына сенем өз басым. 

Осы бір блогымды соңына дейін оқып шықсаңыз, ол айтқан "SOS d'un terrien en détresse" әнін тағы бір тыңдауға кеңес берем))

Естеріңізге сала кетейік, Димаш дәл ертең, 28 қаңтарда Витастың әйгілі "Опера 2" әнін орындайды екен. Одан асырып айтатынына шүбәм жоқ. Қаншалықты орындайтынын көреміз бұйырса. Бүкіл қазақ елі тақымын тағы да қысатын күн болмақ. Димашымызға тек қана жеңіс тілейміз!!! Тіл-көзден аман болсын!!! Құдай жар болсын!!!



Бөлісу: