Үстел теннисінен кезекті жарыс

Үстел теннисінен кезекті жарыс
жеке
блог

Үстел теннисінен өткен кезекті жарыс

 

Спорттың адам өмірінде алатын орны зор екендігі бәріміз мәлім. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, өзі шыдамды болатыны белгілі. Ата - бабамыз “тәні саудың – жаны сау” - деп бекер айтпаған. Ұлы ойшыл Ибн Сина: «Спорттың қай түрімен айналысу адамның қабілетіне байланысты. Денсаулық пен өмірді дамыту үшін кем дегенде спорттың 33 түрінен жаттығу жасау керек» деген болатын.        

Қазіргі таңда үстел теннисі елімізде өте кең тараған ойындардың қатарына еніп отыр. Спорттық және қозғалыс ойындары ретінде материалдық шығынды, жаттығу кезінде және спорттық жарыстарда аса көп орынды да талап етпейді. Сонымен қатар ойын кезінде жоғары қозғалыс белсенділігімен ерекшелене отырып, адамның бойына жылдамдық, шапшаңдық пен ептілік, қимылды дұрыс басқарушылық, зейінділігін арттыру, көзбен мөлшерлеу, тез шешім қабылдап, ойлау сияқты қабілеттіліктерін қалыптастырады.

           Сондай-ақ үстел теннисі өте қызықты, жан-жақты және әр жастағы адамдар үшін қолжетерлік ойын. Қимыл-қозғалыстың тездігі, шабуылдың шапшаңдығы және техникалық қиыстырулардың кенеттілігімен өзіне қатты қызықтыратыны анық. Дағдылар мен қимыл-қозғалыстың әртүрлілігімен, түрлі физикалық қозғалыстың үйлесуіне және сапалы дамуына септігін тигізеді. Ойын кезінде ойыншы жалынды жігермен бірге дене қозғалысына қосымша күш береді.

 теннис

         Осындай ерекшелігімен көпшіліктің назарын өзіне аударып келе жатқан кезекті ойынды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Нұр Отан» партиясы «Бірлік» филиалының «Мәдениет» бірінші партиялық ұйымымен бірлесіп «Астана» Ұлттық сурет галереясы ұжымы екінші рет ұйымдастырып отыр. Спорт десе ішкен асын жерге қоятын, салауатты өмір салтын насихаттап, жастардың жұмыстан тыс уақытын тиімді пайдалануын дұрыс жолға қойған аталған ұжымның директоры Садуов Асылхан Жұмабайұлы осы жарысты ұйымдастыруға мұрындық болып отыр.  

         2016 жылы 23 желтоқсан күні Астана ұлттық сурет галереясында Ұлттық музей, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты, ҚРМСМ спорт жөніндегі спорттық резерв Комитеті және ұлттық штаттық командалар дирекциясы қызметкерлері мен спорт журналистері арасындағы үстел теннисінен екінші мәрте өткен жарыс өте тартысты өтті. Бұл бәсекелі жарысқа үстел теннисін серік етіп жүрген, жалпы саны 50-ден астам спортшылар жарыс көрігін қыздырды. Қыркүйек айында өткен алғашқы жарысқа қарағанда спортшылардың көптеп қатысуы, турнир деңгейінің артып келе жатқандығының белгісі екендігін ауыз толтырып айтуға болады. Жарыстың ашылу сөзін алған Асылхан Жұмабайұлы Садуов:

- Құрметті спортшылар, спорт сүйер қауым, бүгін міне, Астана ұлттық сурет галереясында мәдениет қызметкерлері мен спорт журналистері арасында үстел теннисінен екінші мәрте жарысты ұйымдастырып отырмыз. Бұл спорт түрін дамыту әрбір қазақстандық азаматтың борышы деп білемін. Сондай-ақ, болашақта бұл турнирді республикалық деңгейге дейін көтеруге күш саламыз. Сондықтан турнирге бақ сынап қатысып отырған спортшыларға жеңіс тілеймін, - деп лебізін білдірді.

Жарыстың ұйымдастырылу шарты бойынша спортшылар дайындық деңгейіне байланысты премьер лига және супер лига деп екі топқа бөлінді. Премьер лига тобында сайысқа түскен ойыншылар арасында қыз баланың өнер көрсетуі турнирдің қызыққа толы жаңалықтарының бірі болды. Галерея қызметкері Анафина Әйгерім төрт спортшыны қапы қалдырып, сайдың тасындай іріктелген ер азаматтардың қатарын сиретіп, жартылай финалға шықты. Нәтижесінде Әйгерім премьер лиганың жүлделі үшінші орынына ие болып әріптестерінің көңіл-күйін көтеріп тастады.

 теннис 2

Әйгерімнің жарқырай көрініп, ойнау мәнері мен техникалық шеберлігі қазақтан шыққан тұңғыш үстел теннисінің қарлығашы Әлия Серікбаеваны еске түсірді. Тынбай дайындалып, шеберлігін шыңдаса болашақта Әйгерімнің бұдан да биік жетістіктерді бағындыратынына сеніміміз мол. Ақтық айқасқа шыққан галерея қызметкерлері – Құсайынов Әлихан мен Жаппаров Бекеннің арасындағы ойында қос спортшы айшықты өнерімен есте қалды. Шеберліктері деңгейлес бір-бірін бұрыннан жақсы білетін екі сыралғы қарсылас ойыны сәл басымдылықпен Әлиханның пайдасына шешілді. Сөйтіп, жеңімпаз болып танылған ойыншы супер лиганың жолдамасын жеңіп алды. Екінші мәрте ұйымдастырылған супер лиганың кіл мықтылары сайысқан айшықты ойындары турнир деңгейінің жоғары болғандығын көрсетті. Мәдениет қызметкерлері арасында тұңғыш рет жарысқа спорт шеберлігіне үміткер ҚР Ұлттық музейінің қызметкері Рүстем Санжардың өнер көрсетуі үлкен резонанс тудырды. Санжар екінші ойынында Хабар 24 арнасының шебер ойыншысы Елдос Сапарғалимен кездесті. Екі ойыншы да қимыл қозғалыстарының жылдамдығы, шабуылдарының шапшаңдығымен ерекшеленді. Екі партияны да Санжар өз пайдасына шешті. Ең қызықты ойын жартылай финалда кездескен ҚР Ұлттық музей қызметкерлері – Сырым Хасенов пен Рүстем Санжар арасында болды. Жарысты бақылаушылардың пікірінше екі спортшының сайысы финалға бергісіз өтті. Сонымен қатар ойын кезінде жоғары қозғалыс белсенділігімен ерекшелене отырып, екі ойыншы үш партияға созылған сында жылдамдық пен шапшаңдықтың ерекше үлгісін көрсетті. Нәтижесінде қос мықтының арасындағы текетіресте сәл ғана басымдыққа ие болған Рүстем Санжардың пайдасына шешілді. Ақтық сынға шыққан Рүстем Санжар Әлібай Мейрамбекті екі партияда да еркін еңсерді. Қорытындысында Рүстем Санжар жарыстың жеңімпазы атанып, алтын алқаны иеленді. Бір қызығы бұл жарыста жастармен қатар Астана ұлттық сурет галереясының белді қызметкерлері, спортты жанына серік еткен Асқар Ғизатұлы Ғабдуллин мен Ақылбаев Ермағамбет ағаларымыздың қатысуы көпшілікті ерекше тәнті етті. Шеберлік деңгейлерінің сәл де болса көтерілгендігін дәлелдеп, көрермендердің көзайымына айналды.

 3

Турнир қорытындысы бойынша мына ойыншылар мақтау қағаздары және медальмен марапатталды:

Премьер лига (төменгі топта): 1-орын  Құсайынов Әлихан (Астана ұлттық сурет галереясы), 2-орын Жаппаров Бекен (Астана ұлттық сурет галереясы), 3-орын Анафина Әйгерім (Астана ұлттық сурет галереясы). 

кіші лига

Супер лига (жоғарғы топта): 1-орын  Рүстем Санжар (ҚР Ұлттық музейі), 2-орын Әлібай Мейрамбек (Астана ұлттық сурет галереясы), 3-орынды екі адам иеленді: Хасенов Сырым (ҚР Ұлттық музейі) және Бағдат Эльдар (Астана ұлттық сурет галереясы).

 жог лига

Елбасы болашақ жастарымыздың саулығын әріден ойлап, бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын бірнеше рет ескертіп айтқан болатын.

«Спорт – денсаулық, спорт – сұлулық, спорт – жетістік, спорт – адам мүмкіндігінің қырлары. Біз осыны әрдайым жадымыздан шығармауымыз керек», - деген Елбасының ұлағатты бастамаларын толығымен қолдап, Елордамыздағы Астана ұлттық сурет галереясында үстел теннисінен жарысты өткізудің идея авторы, инициаторы әрі негізгі ұйымдастырушысы ретінде танылып жүрген Асылхан Жұмабайұлына қатысушылар зор ризашылығын білдірді.

6521

Қорытындылай келе, Қазақстандағы үстел теннисін дамыту ісіне айтарлықтай үлес қосып жүрген осындай спорт жанашырына айтар алғысымыз шексіз. Отансүйгіштік, елге деген жауапкершілік, патриоттық тәрбие беруді өзіне парыз еткен осындай ұғымды азаматтарымыз көп болғай!

 

 

 

                                                                                 Елемесова Дәмежан Байдоллақызы

                                                                                 «Астана» ұлттық сурет галереясы»

                                                                                  ғылыми қызметкері