Үздік деп танылған театр ұжымы Талдықорған қаласында
жеке
блог

Үздік деп танылған театр ұжымы Талдықорған қаласында

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына және театрдың 10 жылдығына орай  Астана қалалық Жастар театры 15-20 қазан аралығында Талдықорған қаласында гастрольдік сапарда болды. Сапар барысында көптеген спектакльдер қойылды. «...Көзіме бір көрінсең,бала ғашық...» , «Алғашқы махаббат» , «Ревизор», «Ақыл патшалығы» және т.б. Сонымен қатар театрдың Ернар Жұматаев, Әділ Ахметов, Азамат ЕсқұловБақыт  Хаджыбаев, Бекжан  Керімбаев сынды  актерларымен Жетісу Мемлекеттік Университетінде кездесу өтті. Кездесуде актерлар өз тәжірибелерімен бөлісіп, артта еріп келе жатқан тәлімгерлеріне ақыл айтса,  білімгерлер көкейінде жүрген сұрақтарын қойды. 

Жастар театры Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен 2007 жылы шілде айының  5 жұлдызында құрылды. Өнер ордасы өз шымылдығын Шыңғыс Айтматов пен Әбіш Кекілбаевтың «Шыңғысхан» спектаклімен түріп, жас театрдың тұңғыш директоры қызметіне Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты Ғани Құлжанов тағайындалған болатын. Бүгінгі таңда бұл қызметті Ернар  Құрбанбекұлы Жұматаев атқарып келеді. Театрдың көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері –  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.  

Сол жылдан бастап, өздерінің қабілеттерін дамыту үшін, қала мен аудандарда гастрольдік сапарларда болады. Атап айтар болсақ, 2007-2008 жылдан бастап театр ұжымы Батыс Қазақстан өңірі, Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Павлодар, Екібастұз, Ақсу, Қызылорда, Шымкент Қарағанды сынды еліміздің ірі-ірі қалалары мен елді-мекендерін аралап, өз өнерін паш етті. Бұл жұмыс өз нәтижесін берді деуге де болады.

    Қазіргі таңда ұжым қоржынында 30- дан астам қойылым бар. Әр спектакльдің актерлар үшін, оны тамашалап отырған көрермен үшін алар орны ерекше екені хақ.

Театр ұжымы Талдықорған қаласындағы гастрольдік сапарларын С.Жүнісовтың «Тырау, тырау,тырналар» драмасымен ашты. Басты рөлдегі Бақыт атты кейіптерді сомдаған Жастар театрының  белді, жас актері Мейірғат Амангелдин. Бұл спектакль 2015 жылдың қыркүйек айында Өскемен қаласында өткен Қазақстан драма театрларының ХХІІІ республикалық фестивалінде, шығыстық көрермендер мен сахна сарапшыларының назарына ұсынылды. Байқаудың қорытындысы бойынша театры ұжымы «Жоғары деңгейлі шығармашылық үйлесім» аталымында жеңімпаз деп танылып, арнайы диплом және қаржылай сыйлықты қанжығасына байлаған. Қойылым режиссеры -Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.

  Өткен спектакльдердің арасында Бердібек Соқпақбаев ағамыздың «Менің атым - Қожа» туындысына негізделіп жасалынған «...Көзіме бір көрінсең, бала ғашық...» атты қойылым көрерменнің көңілінен шықты. Балалық шаққа, мектепке, ауылға деген ыстық сезімдерді көрсете білді. Ана мен баланың, әже мен немеренің, ұстазбен оқышының, бозбала мен бойжеткеннің, достың арасындағы қарым-қатынасты тамаша бейнеледі.Қойылымдағы басты рөлде өзімізге таныс –Қожа. Кинода басқа әсер аласың, кітап өз алдына, ал театр мүлде басқа әлем екеніне көзіңді  жеткізеді. Кино мен кітаптан ала алмаған әсерді бастан кешіресің. Бұл жұмыс өте көп уақытты қажет ететіндігі айдан анық. Еңбектің арқасында бұл қойылым  2013 жылдың қыркүйек айында Ақтөбе қаласында жазушы, драматург Т.Ахтановтың 80 жылдығына арналған ХХI республикалық театр фестивалінде «Ең үздік жастар образы» номинациясын иеленді.

Қойылымдардың ішінде көпшілікке таныс Гогольдің «Ревизор» туындысы да болды. Бұл жердегі басты идея заман шындығы мен ақиқатын әжуалап көрсету. Бұрыннан келе жатқан екіжүзділік, парақорлық іспеттес адам бойында кездесетін жағымсыз қасиеттерді көрерменге басқа жағынан, әзіл-қалжыңмен жеткізді. Бұл қойылыммен театр ұжымы 2008 жылдың қазан айында Ш.Айтматовтың туғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылған Қырғызстан Республикасы Бішкек қаласында өткен Халықаралық «АРТ ОРДО» театр фестивалінде Ш.Айтматовтың шығармалары негізінде жасалған «Жан азабы» спектаклі үш бірдей номинация: «Ең үздік спектакль» – Гран-При, «Жоғарғы деңгейдегі көркемдік шешімі үшін» және «Үздік сазды безендіру» аталымдарында марапатталды. Ал дәл осы жылдың наурыз айында Халықаралық театр күніне орай ұйымдастырылған Астана қалалық театрларының жыл қорытындысына сәйкес Н.Гогольдің «Ревизоры» жоғары бағаланып, «Ең үздік спектакль» –    Гран-При жүлдесіне лайық  деп танылды. Бұл театр ұжымының гастрольдік сапарындағы  соңғы қойылған спектакль болды.  Қойылым  соңында Талдықорған қаласының атынан Нұрқанат Жақыпбай ағамызға істеген еңбегі үшін, өзінің артынан ерткен жас таланттарды осында алып келіп, көрерменге керемет көңіл күй сыйлағаны үшін алғыс білідіріп, шапан кигізілді. Сонымен қатар, қаламыздың ақ жаулықты аналары жас өнерпаздарға тілек айтып, шашу шашты.

          p.s Әр актердің театрда алар орны ерекше. Жастар театрындағы өзіндік орын алатын бәрімізге «Алдар Көсе » ретінде белгілі, кино әлемінде де өзін көрсетіп жүрген – Дәурен Серғазин. Қандай рольде болмасын, алған кейіпкерімен көрермен арасында қарым-қатынас жасай біледі. Ең бастысы әр кейіпкерін өзіндей қабылдап, соны көрерменге жеткізу үшін бар күш жігерін салады.   Сұхбаттарында «Мен театрсыз өмірімді елестете алмаймын» депті. Иә, оны өнер адамы болмаса, қандай маман ретінде елестете аласың. Мүмкін емес секілді... Қазіргі таңда режиссер саласында да бағын сынап жүр. Біздің ойымызша жаман емес сияқты... Атап айтсақ, «Алғашқы махаббат» комедиясы, У.Шекспир «Асауға тұсау», «...Көзіме бір көрінсең, бала ғашық...» т.б. туындаларды дүниеге әкелді. Әлі де болса бұл қабілетті толықтырады деген сенімдеміз...

Автор:
Аймарал ДАУЛЕТБЕКҚЫЗЫ