Бүгінгінің ата-әжесі

Бүгінгінің ата-әжесі
жеке
блог

Ата-әже деген ұғым қазақ үшін аса бағалы. Жастайынан бері қарттарын сыйлап өскен біздің халық оларды әрқашанда төрге шығарып, қадірлеп, пір тұтқан. Қай жерде көрсе де, қай жақта болса да, сәлемін түзу етіп, әрқашанда амандасып, хал-жағдайын біліп жүрген. Тіпті алыс сапарларға шықса да, әуелі үлкен кісілерден аталы бата алған. Ал қазір ше? Осылайша қарттарын сыйлаған дана халқымыз бүгінде қандай күй кешіп отыр деп пайымдайсыз?

Қазіргі таңда, әрине, көпке топырақ шашпаймын, бірақ ата-әжелеріміз өзгерген. Бұл-заман келбеті ме, әлде сұрауы ма, бірақ жағдай осылай секілді, менің ойымша. Аталар картақұмар, әжелер киноқұмар болып кеткен сыңайлы. Бұрын аталарымыздың карта ойнамақ түгілі, «сімбіруге» уақыты болмайтын. Әжелеріміз болса, ұршық иіріп, балаларына, немере-шөберелеріне киім тоқитын. Қазір бәрі басқаша.

Мен, шыны керек, ата-әженің қандай болатынын білмей өстім. Атаның ыстық ықыласы, әженің жылы сөзі дегенді естіп те, сезіп те көрмеппін. Ер бала болған соң, негізінде, әкемнің ата-анасына жақын болғаннан гөрі, анамның анасына қатты бауыр бастым. Өз анам ата-әжеңді сүй, нағыз атаң мен әжең – солар деп айтқан болатын, әлі де айтып келеді. Бірақ сәби кезімнен нағашы әжем мені бақты, мені еркелетті. Әрбір бала жас кезінде өзін кім тартады, соған қарай жақын болады емес пе?! Менде де сондай болды. Сол себепті мен нағашы әжемді қатты жақсы көремін.  

Бала кезімде далада ата мен әжесіне еркелеп, ойнақтап келе жатқан балаларды көргенде, қысылып қалатынмын. Сонда менің жүрегімде «Неге менің атам мен әжем солай емес?» деген сұрақ кернейтін. Атам мен әжеме қанша жақын болуға тырысқаныммен, тұңғыш немерелері болсам да, олар мені аса қатты бауырларына басып, жақсы көрмеді.  

«Әже – ақылдың кені, өткеннің шежіресі», «Ата өнері – балаға мұра», - дейді данагөй бабаларымыз. Расымен де дөп айтқан. Үлкен кісілердің әңгімелерін тыңдасаң, көп мағлұмат алғандай боласың. Олардың сөздері кітаптағы сөздермен пара-пар. Бұрында не болғанын, қалай болғанын көз алдыңа елестетесің. Сондай әсерлі, әдемі етіп жеткізеді. Құдайға шүкір, балаларына – балым, немерелеріне – жаным деп қарайтын ата-әжелер көп, әрине. Қазынасы сарқылмаған қарттарымыз баршылық.

Бірақ та қазынасыз қарттарымыз да бар арамызда. «Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра» деген осыдан шықты емес пе?! Көп жыл жасап, еш жетістікке жетпеген қарияларымыз ұрпаққа қалай үлгі болмақ? Түрлі әлеуметтік желілерде күлкі болған бір видео естеріңізде шығар. Дастархан басында отырып, асқа бата бере алмай, оған қоса соңында «әмин» деудің орнына «алып қойыңдар!» деп айтқан атамыз ел назарына іліккен болатын. Жасына қарамай, жастар секілді тойда билеген қарттарымыз, ішімдікке салынған үлкен кісілердің осындай жаман әрекеттеріне қарап, налисың. Болашақ ұрпақ қандай үлгі алуы керек сонда?!

Сондықтан ғой мешіттегі имамдар осы түйткілді мәселені көп көтереді. Себебі олар ата-әжелеріміздің ғана қоғамға ашық жол сілтей алып, дұрыс бағыт беріп, сақалымен емес, айтқан мақалымен  жөн бере білетінін біледі.

Ата да, әже де - әрбір адам үшін қымбат жандар. Ендеше қымбат адамдарды ешуақытта назардан тыс қалдырмайық. Шамамыз жеткенше көңіл аударайық. Оларды түсінуге тырысайық. Себебі олардың өкпелеп жүргенінің себепшісі сіз де болуыңыз мүмкін. Олар бала сияқты екенін ешуақытта есіңізден шығармаңыз. Сонда ғана, бәлкім, заманымыздың ата-әжелері "АТА-ӘЖЕ" деген атқа лайық болар...

 

Ата өліп, бала қалса, мұратына жеткені,

Бала өліп, ата қалса, арманы іште кеткені.

 

Әжім – әжемнің әрі, демеңіз оны кәрі, кәрінің сөзі – дәрі.

 

Қадірлі достар, жазған жазбам ұнап, көңілдеріңізден шығып жатса, пікір қалдырасыздар деген ойдамын. Сіздің пікіріңіз – мен үшін маңызды.

Дайындаған: журналистика факультетінің студенті Хан Абылай Өмірбай