Ел аузында «еріккендер»...

                           Ел аузында «еріккендер»...
жеке
блог

Бүгінде ауруханаға барсаң, кезек күтіп, апта бойы айналарың белгілі. Басқалардай емес, студенттер сырқаттанса көп жүгіреді. Себебі, сабақтан қалған күндерінің сұрауы бар. Секемшіл мұғалімге «ауырдым» деген сөзден, бір парақ «справка» әкелу  әлдеқайда сенімдірек.  Сондықтан сіркесі су көтермейтін дәрігер алдындағы көп кезекті күтуге тура келеді.

Бірде сол «анықтаманың» жырымен тағы да емханаға бас сұқтым. Теледидардың даусы, дәрінің ащы иісі, ыстық ауа тынысты тарылтып, басты айналдырады.  Кең дәлізде «дәрігерге көрінемін» деп кәрі де, жас та қатарға тұрған. Кезектің басы көш ілгері. Сағат тілі сартылдай соғып, жылдам жүргенімен, адам аяғының алға жылжуы қарқынды емес. Сабырды тауысқан шақта, ермек боп тұрған қалтафонның да қуаты өшті.  Ендігі сәтте ел тағдырын шешердей боп даурыққан үлкендердің әңгімесіне құлақ салдым. Көздері қабырғадағы көк жәшікте, ауызға алғандары жердегі жұлдыздар. Бақсам, «Астана» арнасынан ересектердің есін шығарып, ежірейте үңілдіріп «Ел аузында» бағдарламасы беріліп жатыр екен. Бұл жолғы көрсетілімі «шопоголик жұлдыздарға» арналыпты.  Ә дегеннен-ақ әншілер ақшаларын бейсаналы түрде оңды-солды жұмсай бастады. Мадина баласы үшін 375 мыңды ойланбастан киімге айырбастады, Зарина Омарова 700 мыңды бір-ақ сәтте жоқ қылды. Сонымен қатар, көк шүберекті жақсы көретін жұлдыздар киімнің қайталануы қауіпті екенін де айта өтті.  Бағдарламаның бұл санын көргенде сіздің не ой түйгеніңізді қайдам, бірақ емханадағы бар адамның  пікірі бар арнаға тоғысты.

-Ерігіп, не істерлерін білмей жүр ғой бұлар,-деп бастады жасы үлкен апа.

-Иа, осылардың ауқатты түрін көріп, билік басындағылар қара халықтың қамсыз күй кешетіне сенеді -деп қостады көршісі.

-Біздің үш ай жүгіріп тапқан айлығымызды бұлар бір күнде тауып жоқ қылады,-деп келесі адам сөзге араласты.

-Әншілерді тойға шақырудың қажеті жоқ...

-Жалған дауыспен-ақ жалақы тауып жүргендері қаншама....

Осылай ойды сөз қуып, дертіне дауа іздегендердің әңгімесі жалғаса берді. Алайда ары қарай тыңдағам жоқ. Мендегі ой апалардың айтқан сөздерінен әлдеқайда алыс. Мүмкін, өзім қызмет етіп, қаржы таппағаннан болар.

Даусымен таңдай қақтырып, тойдың сәнін келістірсе бұл әншінің еңбегі. Оларға өз нәсіптерін «әншілік» кәсіптен табу бұйырған. Бірақ, тапқан табысын жарнамалағандай, киім таңдауға арнаған күндерін телеарнадан көрсетудің қажеті қанша? Қарапайым халықтың қошеметімен жетістікке жетіп, жұлдыз болғандар бұл әрекеттерінің «тәкаппарлық» екенін түсіне ме екен? Қайдам, түстеріне енбесе, түйсіктеріне түрткі болмасы анық.  Мейлі, көп тобырды ойлап мейірімі түспесін, бірақ құнсыз ақшамен мақтанғандары миға сыймайды. Сайып келгенде, бар адамның  күнкөрісі сол көк қағазға тіреледі. Аурумен алысқандарды  емхана есігіне телмірткен де сол қағаз ақша. Қатал дәрігердің қас-қабағына қарап жан баққан мұндағы жандардың күйінетін тұсы да осы. Әйтпесе, қай ана Мадина тәрізді ұлын киіндіргісі келмейді, қайсы ару «Лашынның» қыздарындай асыл матаға оранып жүруді қаламайды?! Не десек те, елдің көп бөлігі ертеңіне алаңдап есі шыққанда, еріккен жандардың  жағымсыз қарекеттері ерсі көрінеді екен. Бірақ, қай заманда болмасын «біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді». Бірі киіммен, енді бірі дертпен ауырады....