Адамдар арасындағы қарым-қатынас жайлы
жеке
блог

Адамдар арасындағы қарым-қатынас жайлы

Адам – жаратылысы бөлек ақыл иесі, əрқайсысы – бір мектеп. Өмір жолымызда кездескен əр адамды тану арқылы өзімізді де танитынымыз рас. Кей адамдармен өтірік сөйлескенге де тақырып таба алмайсың, кей адамдарға ішіңдегінің бəрін айтып үлгермейсің, кей адамдар сені тыңдамайды да... Біреулерге «Маған керек кезде ғана хабарласады» деп ренжиміз, өзіміздің де сондай əдетіміздің барын ұмытып... Ойлап қарасақ, біреуге керек болғанның өзіне не жетсін? Адам «Керек кезде ғана хабарласса», демек сіздің қолыңыздан бірдеңе келеді, демек ол адам сіздің күш-қуатыңызға сенеді. Оның өзі қайда жатыр? Бұл – адамдар арасырдағы қарапайым қарым-қатынас. 

Кейбір жандар арасында қарым-қатынастың әлдеқайда биік түрі орнайды. Ол – рухани байланыс, рухани жақындық. Рухани жақындық екі адамның бір-бірін шынайы түсінуіне, кей көзқарастарының, мақсаттарының ортақтығына, бірін-бірі тыңдап, бір-біріне жанашырлық танытуларына негізделеді. Мұндай адамдар бір-бірінен ештеңе күтпейді, керісінше өздерінде барымен бөлісіп, сол арқылы өздерін бақытты сезінеді. Бір қуануыңызға себеп болатын, әлеуметтік желілердегі мәнді жазбаларымен бөлісетін, сізге кітап сыйлайтын немесе «Мына кітапты оқы» деп ақыл айтатын, жай ғана халіңізді білу үшін хабарласатын, ұйқысын қиып, сізбен сұхбаттаса алатын таныстырыңыз бар болса, соларды ерекше бағалаңыз. Олар күнде кездесе бермейді. Менің сондай жақындарым бар, шүкір! Ал сіздің ше? Тағы қандай қарым-қатынас түрлерін білесіз?
#Ой_бөлісейік