Адамзатқа аманат-Соңғы парыз
жеке
блог

Адамзатқа аманат-Соңғы парыз

Бүгінде «қоғам бұзылды, адамның пиғылы азды» деп үлкендер шошыса, кішілер елең етпейтін кезең екені көпке аян. Бетперде киіп, бетіңе күле қарайтын, ақша десе арын беріп, барын салатын жандар көбейгелі қашан. Бірде сабақ үстінде ағайым студенттердің кітап қарауға жиі құлқы болмайтынын көрді де күйініп кетіп, «қазір Дарвин эволюциясы кейін қарай орындалып, адамдар маймылға айналуда. «Ми демалсын» деп, жалқаулыққа көштік. Ендігіні интернетке тапсырып еңбекті ұмыттық» деп астарлы сөзбен ойын айтты. Иә, бұл бесенеден белгілі, түсінікті жайт.

Өткен жылы талай  өнерлі өмірге келген Сыр өңіріне қазақтың Әбесі келді. Атағы Алашқа ғана емес, әлемге мәлім, қаламына Аралды арқау етіп дүниеге әкелген «Қан мен тер», «Соңғы парыз» романдарының авторы Әбдіжәмил Нұрпейісов туған жердің топырағына аяқ басты. Саф алтындай сапалы туындылармен қазақ тарихында қалған абыз атаның ортамызға келуі сан жылда бір берілетін мүмкіндік деп ұқтық. Себебі, қазіргі кезде  халық қадірлеген қаламгерлерді кітап бетінен  ғана табатынымыз ақиқат. Сол кездесуде тарихи тұлғаның  «Соңғы парыз» атты романның  адамзатқа айтатын ойы қандай?» деген сауалға берген жауабы адамзат баласына артылған аманатты айқындағандай болды. Жасы тоқсанның төріне шықса да көп нәрсені жадынан жоғалтпаған жазушы  өткен өмірді саралай келіп «Адамзаттың бүгінгі парызы - адамдық қалпын және табиғи ортаны сақтау. Пендедегі бүгінде белең алған арсыздық пен әлеуметтік желіге қызығушылық  жойылмаса, экологияның зардабына алаңдау білдірмесе, біз көп ұзамай ақырзаманға аяқ басамыз. Сондықтан, адам мен қоршаған ортаны бұзатын зардаптарды тоқтату - соңғы парызымыз» деп түйіндеді.

Иә, әлемде қулығын ішіне бүгіп, өзінікін алдыға тартып ел қамын ойлайтын  Әзімдер де жетерлік. Тек сол Әзімдерді жақсы жолға бағыттауға Бәкизат ұшырған бозторғайдың шамасы жетпей жатқан тәрізді...