Бабаңнан қалған мұра бүтін бе?

Соңғы күндері өткерген сезім тасқа қашалған таңбадай жүрегімнің төрінен терең орын алып та үлгерді. Мен аталы сөзге тоқтаған, төсекте басы, төскейде малы қосылған қарға тармырлы қазақтың кешкен ғұмырын, қала берді "малым - жанымның, жаным - арымның садағасы" деген ұстанымды өмірінің өзегі еткен жандарды сағынсам керек, жұртта қалған аталарымыздың жұрнағын ақ парақ беттерінен оқып, өзеуресем керек. Бала күнінен бойына сіңген жүректілікпен намыстың туын жерге құлатпай, қаршадайынан садақ атып, жауға шапқан жауынгер халықты аңсасам керек.  "Бетегелі Сарыарқаның сауырын, беркінген жауға бастырсам, жер басып тірі жүрмен-ді" деп жырлап, ұланбайтақ атырапты ұрпағына аманаттаған жанкештілерге деген жүректе бұғып жатқан құрметті сезінсем керек?! Иә, сол ақтаңгерлер кезінде тіліне тиек, ғұмырына тірек еткен,

"Балығы тайдай тулаған,

Бақасы қойдай шулаған,

Шырмауығы шөккен түйе таптырмас,

Балығы көлге жылқы жаптырмас",- деп жырлаған Қазтуғанның Еділі қайда қалды?!

"Айнала бұлақ басы тең,

Азауланың Стамбұлдан несі кем?",-деген Доспамбеттің кіндік кесіп, кірін жуып өскен ұясы Азауды да жат жұрт тақымына баспады ма? Бабаларымыз найзасының ұшымен сызып кеткен кең байтақ қонысты қанша "ту-талақай етті" дегеннің өзінде осындай кеңістікте өмір сүріп отырған біздер бабалар қастерлеп кеткен дүниелерді ұқсата алып отырмыз ба?

Ал "Ай, заман-ай, заман-ай,

Түсті мұнау тұман-ай,

Істің бәрі күман-ай",-деген Бұқардың дәурені өткелі қашан...?! Қазақ бодандықтың қамытын кимеген Абылайдың тұсында көреген бабамыз Патша үкіметінен келер залалды алдын-ала біліп, осылайша шер толқытса керек. Арада екі ғасыр өткенде Кеңес дейтін қитұрқы қоғамның өздері қолдан жасаған аштығында 4 млн-ға тарта қазақты қырып саларын, 68 мың алаштың зиялысын "жапонның шпионы" деген айдар тағып, атып саларын білді ме екен?! Көшпенді қазақты отырықшы ұйғырлар мен дүнгендерге қарағанда ұстаудың әлдеқайда қиын екенін білген үкімет олардың алдына салып отырған малынан айырып, "конпескілеу" деу байлардан тартып алған мал-мүлікті Ресейге жөнелткенін, аш-арықтарға қимаған малды бір жерге жиып қойып сасытқанын, "Ресей халқы жылқы етін жемейді" дегенді алға тартып, қазақ даласындағы жылқы баласын тайлы-тұяғына дейін қалдырмай шұңқырға тастап өртейтінін сезді ме екен?! Шыбын жанын сақтап қалу үшін жәдігөйге де, жылпосқа да айналған, ұсақталған кей қазақтардың "ұлтым" дегендерді дүмшелерге ұстап берерін аңдады ма екен қарт абыз?! Міне, азаттықтың ақ таңы атқалы бақандай 25 жыл толса да, үш ғасыр жатқа телмірген күндерді санамызға қайта салғысы келгендей қазақтың бесіктегі баласына дейін орыстың тілінде сөйлейтінін қайтерсің?! Кезінде КСРО құрамында болған елдердің кейібірінде ғана қолданыста қалған, басынан бағы тайып, дәурені әлдеқашан көшкен тілді билік басындағы ағаларымыз «үштілділік» деп бүгінгі бүлдіршіндердің бойына жасынан сіңіруды ұсынып отырғаны қай сасқаны?! "Бір ұл бар, атадан өте туады, бір ұл бар атаға жете туады, бір ұл бар кері кете туады" демекші, бабадан өте туған ұлан болмасақ та, солар аманаттап кеткен асыл құндылықтарды өз биігінен аласартпай "кері кете туғандардың" санатынан табылмай жатсақ, ол да бір  жеңіс!

                                     

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 



Бөлісу: