Ой да өзінше бір әлем...

Бүгін жолға шықтым. Әжемнің үйіне жеткенше, автобуста емес, ой деген бір өзгеше құбылысы бөлек әлемде болдым. Не ойлаймын? Несіне ойлаймын? Оны өзім де түсінбеймін. Бірақ ойланамын. Ой дегенің қиял әлеміне жетелеуші ғажайып құбылыстардың ерекшесі. Тосыны емес, ойлы адамның өзі баратын әлемі. Кей адамды ой өзі әкетсе, кейбіреулері өзі сұранып барушы. Негізі қиялдың шеңберінде жүру де адам үшін өте пайдалы іс. Өйткені, ойдың шырмауында жүріп адам өз жолын табады. Қандай да бір өмірлік сындардан қалай құтыламын деген сұрағына жауап іздейді. Әркімнің өз ойы бар. Өз тілегі, өз қасіреті бар. Әр адам өзінше бір мектеп, өзінше бір ой. Терезеге ұзақ үңіле, айналаның жарасымдылығы мен әсемдігіне көз жүгірте отырып, ой жетегінде кетіп не көргеніңнің бәрін білмейсің. Көзіңнің сырты жаңағыларды көріп, іші ой әлемінде болады ғой. Сырттағы орындықта бір тәте үн түнсіз отыр. Сәттік көрініс... Автобустың жылдамдығының әсерінен артқы терезден сол тәтеге қайта қарауыма тура келді. Ол да өзгеше бір әлемге кеткендей. Оның да өз ойы бар. Өз жолы бар. Не ойлап отырғаны қызық. Жанымда бір қыз отыр. Ол да ойланып кеткен. Бір тәтей әр адамға жалтақтап қарап отыр. Сынап отырған сияқты бір жағынан. Әйтеуір ол да біз туралы ойлап отырған шығар. Ананың киімі жаман екен, мынанікі жақсы деп отырған болар бәлкім. Немесе, басқа ма? Білмеймін... Ой оқығыш емеспін. Әрі ешкім ондай бола алмайды да. Адамның сырын Алла ғана білуші. Сол тәтейдің сыни көзбен қарағанын жақтырмай көзімді тайдырып әкетіп, терезенің ар жағындағы нағыз атмосфераға ұзақ қарап отырдым да қойдым. Әркімнің өзіндік ойлары бар... Ренішті ойлар... кімге өкпелі, не үшін өкпелі? Қиял әлемінен сарай тұрғызатын ойлар, арман жетегінде қалықтаған ойлар мұның бәрі ойсыз, мұңсыз әлемінен жақсырақ мен үшін. Өйткені, ойдың да маңызы зор. Ол адамға ерік-жігер сыйласа, кей кезде бүгінгі жоспарын ой елегінен өткізіп тастаса, міне, адамға нағыз көмек сол. Бірақ, дәме шіркін қиын екен... Сол нәрсеге дәмелі болып жүре берсең жетуің де, жетпеуің де мүмкін. Ұлы таудың ұлылығына қарап енді тау қайтіп тұр ей? деп тағы ойға кетесің.Сол таудың төбесінде қалықтаған құс, бұл таудың тіршілік тынысы: шегірткенің шырылы, қозының маңырағаны бәрі-бәрі тұнып тұрған бір ойға жетелейді. Ой сәулесі ыдырап, өзің түсетін бекетке дайындала бастаған сәтте бұл оймен қоштасуыңның өзі бір мұң. Тағы жүргенде... деп қаласың. Бірақ, өмірден өз орныңды тауып, жоспар құрып жететіндей де болып қалады екенсің. Жан сарайың ашылып та қалады бұл әлемде. Өз сүзгіңнің өлшемі сені сансыз ойдың қорытындысына әкеп тіреген сәтте-ақ, еркін ойдың ұшқыны қайтадан қайталап шығады да келеді. Қалың көк майсалы мекенге де жеттім. Шақырайған күннің астында тұрып-ақ бұл әлемнен жырақтап, өз әлеміңе ораласың.

Жан сарайым лезде тазарып та қалды. Бірақ ой әлемінің оты бірте-бірте сөніп барады.Автобустың ішінде желдей ескен ойдың ұшқыны басылды. Енде ол үйдің бір бөлмесінде жалғасатыны анық.



Бөлісу: