Жас

Әнеу күні досыммен сөйлесем деп, аяқ асты басқа қан шапшып, маңдайдан тер болып, бұрқ етті. Бірінші келген ой кәртейдім бе? Үйге жеткенше мен емес, метро дірілдеп, өткен жерде асфальт дірілдеп, мен езілгелі аз қалдым. Үйге жетіп айнаға қарасам үш тал теке сақалым түсіпті де қапты... Сөйтіп қаптың ауылынан бірақ шықтым!!!

Неден басталды десеңіз... Қанағат етіп «қағанатта» түстеніп отырғанмын. Түстенуден бұрын аш жүрегім тойды. Ана қыздың еркесін-ай...Шап-шұп етіп алдына келген алушының көңілін еркелеп тұрып тапқанда мойындайсың. Қылықты. Қылығына таза сүйсіндім. Сүйсінген де қайта-қайта айта бердім. Бір кезде қалайша сөздің басы бұрылып: досымыз той жасайды дегенде қуандым. Бірақ екінші кезек менікі. Сүйсінген жүрегім жылап, еңіреді... Бір жағы байырғыда алам деп шешкен қызымнан қол үзгенім, екіншісі әлі түк көрмедім және қолда бір бөлме толық кітапханам бар. Одан басқа .....да жоқ!

Жас... Неткен жылы сөздердің бірі еді. Мен бұл күнде жаспын. Өкінішке орай жасым күн санап өсіп келеді.  Осы омонимдерден көрі өлім сөзі жылырақ. Өлім келсе сеспей қатасың.  Ал жас ақырын сені кеміріп құртады, тура бір қытай тектес дүние. Ал керек болса енді екі аттасақ        ай-хай жиырма  беске де жетіп қаламыз, міне қызық. Бүгіннен бастап фэнтези мен фантастика ағымдарына көшем-ау? Ең болмағанда мен жазар шығармадағы кейіпкерлер өлместің күнін кешеді.

Басымнан бір үлкен балғамен соғып қалғандай!!! Басымда екі сұрақ: Бүгінге дейін не іс істедім? Ертең не істеймін? Сол арам тамақтың ғана қамымен мына қу дүниенің  есігін жауып қана кетіп қалып жүрмейін!!! Ең болмағанда «Арыстан деген екі аяқты өмір сүріпті» деген екі ауыз сөз қалса табытым да ыржың қағып жатар ем! Күлмеңіз! Шын айтам!

Кей күндері айнаға қарап қарқылдап күлем... Кей күндері қалжыңға күлем... кей күндері адамдардың қылығына күлем... ал өмірші мен туғаннан маған күліп келеді... Анам ұстазым. Әкем де ұстазым. Қарындасым да, мектебім де, достарым да. Бірақ, өмір менің ең сыйлы ұстазым. Мені мазақ етет те жүреді, мазақ етет те жүреді. Кейде мына біз емес, өмір мен тағдыр атты ағайындылар қазақ па деймін..Істеген істері де, айтар ымдары да бәрі де қалжың...Упс!!!

Қой, өмір мен тағдырдың қытығына тиіп қу шекеме бәле таппайын! Тырнаны басқанда қақ шекеден бірақ салса тағы... төсекпен дос болатын ойым жоқ Аллаға шүкір. Төбелесіп жүріп уақытша болса да өлім мен сынақты құшақтастырып алаңнынң сыртына шығардым! Кең тыныстап өзімше қозы қарным өсіп жүргенде тағы бір шешілмес мәселе алдыма тоңқ ете қалды да!

Есейгеніңді сезіну ұзақ жүретін үрдеріс пе? Қазақтарды құрылыс салуындай созылып алды да, тұрып алды. Ей, кетсей! Құры ары десем де қу шекедегі ақымақ миды қағат та тұрады. Қазір мидың сау жері қалмады. Байқұстың аяқ киімі жыртылып қалды-ау? Ананы ойлап анда, мынаны ойлап мында жүгіреді. Ал дәл қазір көптен күткен демалысына қолы жетті. Бір орында тұрып жасты ғана ойлап тұр. Бір семіретін болды-ау!!!

Сынақта бір Алланың құдіреті. Сын мен дін атты екі бауырды маған ерте жабыстырды. Өмір мен өлім атты екі егізді көп ойлайтыным осыдан болар. Өлім болмаса өмір тәтті болмас еді, өмір болмаса өлім сондай қорқынышты болмас еді. Ал сағат санап өсіп жатқан жас болмаса уақыт сондай қажет болмас еді. Уақыт болмаса бір сәттік бақыттың түкке де қажеті болмас еді. Ал бақыт болмаса бәріміздің істеп жатқан еңбегіміздің бір тиынға да қажеті болмас еді. Ал еңбек болмаса сіз бен бізді адам еткен ілімнің бағасы жоқ болар еді. Ал ілім жоқ болса түсінуге адам түйсігі жетпейтін білімнің қажеті жоқ еді. Ал білім жоқ болса бастағы ми атты дүниенің дамылсыз істеуі қажет емес еді. Ал ми жоқ болса біз дамылсыз тамақ жеп, дамылсыз көбейіп, ұйықтап қана өтер едік. Онда кеуде де соққан жүректің түкте қажеті жоқ болар еді. Ал жүрек жоқ болса бұл ойлам тумас еді... қызық. Және «жас» сөзіне миым мен ойым осылай ауырмас еді. Бұл да қызық.

ТӨРЕХАН Арыстан



Бөлісу: