Өмір жыры, немесе қазақ әдебиеті ХХІ ғасыр парадигмасында (бірінші тарау)
жеке
блог

Өмір жыры, немесе қазақ әдебиеті ХХІ ғасыр парадигмасында (бірінші тарау)

Өмір жыры,

немесе қазақ әдебиеті ХХІ ғасыр парадигмасында

 

Эссе

 

Бақыт Кәрібаева

Жазушы, профессор, фил.ғыл.докторы

 

... Мен Майра Мұхаммедқызының дауысынан «Алқоңырды» естіп қаларма екенмін деп, түн ұзақ телеарна күзетемін. Міні, сонда небір «қысыр әңгімеге» қанып,  «той жырына» тоямын. Телерна – халыққа тура жететін құрал, бар мәзір-жоқ жәйімізді осында базарлап қалғымыз келетіндей. Әрине, думанды халқымыздың жаны талмай ән іздейтіні – табиғи тілек. Адам жаны өзгермейді – талғам өзгереді. Тілі-ділі бөлек бөтен жұрт абзал ұлдары бойын балқытып, буынына түскен сиқыр үнге тамсанса, қарабайыр өмір емес, киелі өнермен бетескен болар... Тоталитаризмнің темір пердесін ысырған нәп-нәзік Күләш емес, қазақ әнінің құдіреті болатын. Күләш жанының төзім жібімен бірге ән үзілді ... «Қазақстан» телеарнасы кезекті бір ұпай-шоу үшін болса керек, «қазақ тілі» оқулығынан қазақша сөйлемдер оқып, қазақ тілінің мазақ-масқара халін көпшілікке ұсынғанда бойым мұздады. Бірақ «жан ұшыра қашпадым». Не нәрсеге де тура қарауға үйреніппін. Алайда, жарымжан әлгі жолдарды тыңдап отырып Абайдың: «ары кеткен алдағыш мені-ақ алда сөкпейін, балы тамған жас қайын ормасаңшы көктейін» – өлең жолдары ойымда қатар түзей қалды. Әлдеқайдан соққан өкпек жел өкпе-қолқамды қауып, жанымды қалтыратты. Қызық. Өмірде көзін көрмеген Күләш әні келеді құлағыма, осындайда. Нәзік жаны тоталитарлық қоғам шымылдығын бір сәтке болса да түріп тастағаны еске түседі. Алайда, дархан қазақ өнері екінші бір бұлбұлын ұсынып – туысынан  Ақжүніс ару – Ақмарал сұлу Жаманова алтын жамбыдай жарқылдап Абай атындағы Опера театрының қақ жарып жыға келгенде, Күләш қайғысы бір сәт тарқағандай еді. Алайда көп ұзамай оның да «ақ тауықтың қанындай» алау жүзіне әжім – көңіліне қаяу түсті. Тағы да көз жазып қалдық. Қазақ жаны кезінде бұлардан армансыз құмар қандырды.

Қазақ өнерінің-әнінің қара нары Ермекпен қоштасу сәтін де осы телеарна алдында отырып қарсылап алдым (18.11.2013). Жоғалту... Жоғалту... Әрине, өлмес өнер аспанымызда асқақтап тұрса бәлкім бұлар жоғалмас па еді?! Қазақ өнері сөнбес жұлдыздары руханиятты еш дертке бермес пе еді?! Сондықтан болар, қарашада жеткен Ермек ажалын аса салтанатпен қаралы күн санадым. Ұзақ сонар сөзге сенім аз, күдік көп. Ақылды Асанәлінің: «Ерекеңмен бірге ғасыр кетті» –  деген сыңар сөйлемі еңсемді тіктеп алуыма себін тигізді. Бір сәт дана халқымыздың «орнында бар оңалар» сөзінің қызуына өртендім. Қаршадай қазақ қызы Дина Хамзина Біржан әнін Италия сияқты өркениет отаны сахнасынан салған дауысы құлағыма талып жеткенде, қазақтың өнер даналығын паш еткен Мұхтар Әуезовтың жүрек тереңіне қоса бойладым. Бұл ақыл мен сезім қосындысынан көз жазуға, көңіл суытуға бола ма?! Иә, сондықтан өнерді қарабайырлауға қарсымын. Біржан әніне ессіз елтіген албырт Абайды ұлы ана Ұлжан тоқтатып: – Балам, той да көп, думан да көп тойлай берсе, ой да көп, уайым да көп, ойлай берсе – деген «сөз» құдіреті бойды билеген «желікті» жеңгендей еді. Ана сөзімен Абай алдынан дана кеңістік есік ашады. Теңіз толқыны өмір толқынына тартады. Мұхтармен бірге оны да ұмыттық ба? Осы «сөз» қазақ шекарасын бұзып өтіп адамзат құлағын елеңдеткен еді ғой.

«Ауылдың алты ауызы» шоуын тамашалап отырып, көңілім жетімсеріп жоқ іздейді. Кенет ұйқылы ояу Тоғжан үнін Әйгерім салған әнінен түсінде көріп-естіп жатып оянған Абай секілді селт еттім: «Бұлбұлым» деген әнді ғасырлар қойынынан сол Тоғжан-Әйгерім мәнерімен алдымда ақ көйлек, қара кәмшәт киген бір ару шырқап тұр. Сөйтсем, бұл реклама екен. Әйгерім салған «Топайкөкті» жаныммен сезіндім. Қимыл қозғалысына дейін сол Тоғжан дерсің! Әттен, мұндай құстың ғұмыры тым қысқа... Той жыры тұншықтырып тастайды. Арналарымызды көптің тілек-талғамы жаулап алады. Ер ағамның – қайраң Ермек Серкебаевтың қазақ әнін жоқтап көз жасына көл болып жылағанын көрген кісі бар: сезім ортақ. Өнер ғасыры бастан өтіп-ақ кете ме?! Соңғы тұяқ – Әмре өмірі көкбазар түбінде жұпын үйде қайғы-қасіретпен өтті... Ал дауысы Европаны дүрліктірді. Бізге ол тек реклама үшін керек. Елесі ғана қалды есте. Дала ән салып тұрған аураны сағынсам, сары уаыйым емес. Кеше Міржақып-Мұхтарлар қазақ эстетикасын жоқтап «пантюркист» атанды: алды атылып, арты қудалаудан көз ашпай қойған соң біз сол эстетика-сезім тұңығынан шошынып өзге әуенге ауыстық па?! Әңгіме өнердің уақытпен бірге жаңарып-жасарып, түлеуінде емес, Ілияс Жаңсүгіров айтқандай «Өзгеге түсіндірмес өзі бұзбай» - заманамен келген «бұзықтықта». Соның салдарынан бүтін Абай әндерін Латиф Хамидиге нотаға түсірткен Мұхаңның есіл еңбегі құмға құйған судай ма?! Бүгін мұның бәріне «жаңалау» тенденциясы жүріп жатыр. Мәселен, бүгін Европаға «Абай» операсын жаңалап ұсындық. Бақсақ, Моцарт-Бетховендерді бүгін Европада кім жаңалап жатыр? Қайта тарихты қалпына келтіріп – «реставрациялау» өркениет ережесі емес пе?! Біздегі бұл «түсініксіздік» (немесе білместік) – өнерге қиянат болмас па?! Ән салған қазақ даласының келбеті бүгінгі технология жетістігінде қалпына жетсе ашық аспан астындағы қазақ өнері музейі тұрғызылмас па еді? Мәселен, мен дана Мұхтардың «әнші» екенін Латыптан (Мұхаң осылай атаған – Б.К.) естідім. Атақты «Ақылбайдың әнін» нотаға түсіргенде композитор Латиф Хамиди жазушының әдемі қоңыр дауысына тамсана таңданады. Кейін оған авторлық құқық бермегеніне өкінеді. Бәсе, Абай маңайы – қазақ даласы әнге малынып тұрған аураны әнші емес қаламгер классикалық-әлемдік деңгейде игере алар ма еді?! Әйгерімнен бастап Абай сүйген арулардың бәрі әнші. Бұл бағытта Салтанат, Қуандықтар – саф алтындар. Алайда, олардың ауызша емес, жазбаша – образ тілінде тілдесетінін бізмен ұмытпайық. Оны ауызекіге ауыстыру мүмкін емес, қажеті қанша?! Шығармашылық тенденция төркіні бүгінгі таңда осы бір тетікке тіреліп тұрғандай. Жаппай ауыз әдебиетіне көшсек, өміріміз де жеңілдей ме?! Мұндай сәтте арман арқалап алты қырдық астын кезіп кеткің келеді...

Осы бір көңіл күйде келе жатыр едім көшедегі бейнекамерадан көріп тұрған кісідей қазақ әдебиетінің бір профессоры тоғыз жолдың торабында алдымнан ұшыраса кетті. Менің осы бір ішкі тілегімді тап басқандай, жақсыға жорыдым. Ойда жоқта – жол айрықта кездескен әріптесіме қуана құшақ аштым. Қолында ұлттық ою трафаретімен безіндірілген калың том тұр. Ақпарат және информация министрлігі (Құлмұхаммед мырза тұсы) жедел басылуға тиісті Бағдарламасы бойынша жарық көріпті. Әлі бояуы кеппеген – 2014 жыл. «Әдеби энциклопедия» – дейді, бағасы 3500 теңге. Тегін таратылатын әдебиет екенін білсем де, сөзге келмей сатып алдым. Сөйтсем, баяғыдан үзілмей келе жатқан тәсіл – Байтұрсыновты басына қойып, тек тізімнен тұратын бір өңкей бүгінгі әдебиеттанушылар қатарын түзепті. – Жаным-ау, мынау аты-жөні, атақ-марапаты көрсетілген, суреттері желімделген «анықтама» ғой, энциклопедия атын жамылған деймін, өлімсірей күлімсіреп. – Иә, мен кеңірек жазған едім, осылайша кесіп, қысқартып тастады, – дейді, тосылып. – Редактор, құрастырушы өзің емес пе, кім қысқартады? – деймін. Ол күмілжиді. Түсіндім. Керексіз көпірме сөз қаржыға тіреліп, қаржыгерлер қайшылаған... Ал бізге жарнама үшін осы нұсқа да толығынан жарап жатыр. Тіс жармадым, бірақ көңілім су сепкендей басылды. «Бүгін бір алаңсыз отыратын күнім еді, қырғышым сынып қалғанын-ай» - қазақ әйелінің кебін кидім. Алайда, әңгіме желісін үзгім жоқ. Бүгінгі әдеби ахуал, әлі қоламтасы суымаған, әдебиет тарихына қарай сыншы-әдебиет танушы әріптесімді қарпи тартамын. – Бұған бас қатырмаңыз, – дейді ол әлденеге алаңдаулы көңілмен қызарақтап. Өз сөзім өзіме өмірден тыс шарқ ұрған қиялдай артық сезіндім. Әңгіме арқауы осылайша үзіле бергенде ол қайтыдан тіл қатты: – Жуырда Америкаға барып қайттым. Онда да осы жәйт – әдебиет жоқ, ешкім бүгін әдебиет оқымайды. Сын мүлде қолданыстан шыққан: ешкім ешкімді сынамайды – демократия. Америкалық іс-сапары әріптесімнің анық болса, демеушілері де осал болмас. – Түркі академиясынан атынан бардым ба? деп қалдым. – Жоқ, басқа жағдай, – дейді ашылғысы келмей.

            «Ұлып жұртқа қайтқан ой» – үйге келе жатып, осы Абай жолдары еріксіз санама қона кетті. Мен күрсінемін: көшедегі кездейсоқ әңгіме еріксіз мені туған әдебиет туралы толғақты толғанысқа – асу бермес тулаған толқынға салып жібереді. Бұл – көше әңгімесі емес, ғылыми институт айналысатын ғылымның, мәдени ошақтардың көркем, мектептеріміздің тәрбие сабақтарының күрделі де жүйелі ісі емес пе еді, деймін іштей. Шетелшіл «жаңа демократтардың» діттегені не сонда?! Жаңалық деп жүргендері Қаратаев айтқандай «жаңа былық» болып жүрмесін. Үйткені, Батыс демократиясына қазақ руханияты ішкі мәселесі қатысы қанша?! Мәселе, мәселе, мәселе. Халықаралық дәрежедегі әдебиеттанушыларымыз әлгі «Энциклопедия» бойынша күн-сағат санап өсіп жатыр екен. Ал ішкі өзгеріс ше? Сірескен «советтік тізім» тіркестері руханиятқа не қосып жатыр?! Әсіресе «жаңа тізім» түйткілдері тұңғиығына қараудан бет аударамын. Себебі сол көген арасында жүрген көптеген әріптесім маған тонның ішкі бауындай жақын. Ал мына «Анықтамадағы» атақ-лауазымдарына қарап тіпті танымай қаламын. Неткен астамшылдық! Астамшылдық бұларда емес, бұлардың қамқор ағаларында. Ғылым әлдекімдерге қызмет қылатын немесе күн көретін жылы орын ба?! Түсінбеймін. Түсінгім де келмейді, бірақ жүрек сыздайды... Бір сәт Мәсіқұт ішкен «жынды су» есіме түседі. Абай атама іштей ренжимін. Өзі ішпеген «жынды суды» маған неге ұсынады?! «Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме» - деп, неге тыйым салады? Бұл көңіл-күйден мен әпсәтте-ақ арылдым. Қыстың соңы жазға ұласарын Алла о баста ойластырған-ау сірә! Мына бір оқыс оқиға жүрегімді көптен тоңдырып жүрген «тоңды» жадыраған жаз келіп жібітіп жібергендей болды. Үйдің қасындағы байланыс бөлімшесінен (почтамт) квитанция алдым. Ресейден бандероль келіпті. Таң қалдым – танысым, туғаным жоқ. Ол жақтан кім не жібереді менің адресіме? Барсам, адам айтса сенгісіз «қазынаға» тап болдым. Мен қыруар ақшаға сатып алған жылтыр томды он орап алғандай филология ілімінің бүгінгі бағалы толық жинағы-жаһандық жарты әлем қатынасқан конференцияның барлық баяндамасы бүтіндей еңгізілген, жоғарғы сапалы қағазға терілген шартабақтай қалың кітап қолыма тигенде өз көзіме өзім сенбедім. Сөйтсем, интернеттен менің «Жумекен с нами» мақаламды көріп – менің рұқсатыммен әлгі конференцияға қатынасқан едім: жол ақысына дейін өздері төлеп, міне бүгін өздері үйіме әкеліп беріп отыр. Бұлар құндылықты әлемнің түкпір-түкпіренен осылайша іздейді екен. Ал біз болсақ құндылықты қалай құнсыздандырудың қызығына ынта-шынтамен қызмет қылудамыз. Әрине, біршама жетісіп қалдым. Әлемдік бәсеке аламанына қазақтың жалғыз түйір қаны қосылса, бұл руханияттағы «қозғалыс» емес пе? Үйткені, қазақ әдебиетінің жаһандану тұсындағы хал-ахуалын жоғарыдағы профессор, Айтматов академиясының академигі анық айтты емес пе?

            19.01.2014 күні КТК телеарнасында қазақ руханиятының бұл түйткілді түйіні турасында халықаралық тілде әңгіме-сұхбат өтті. Журналист Артур Платонов пен қазақ тілі жанашыры-тарихшы Берік Әбдіғали ойын орағытпай бұлтартпас шындықпен айтты: «Қазақстан Евроодаққа рухани тоқырауы («духовный кризис») себепті мүшелікке өте алмай отыр». «Тоқырау тамыры тым тереңге түсіп кетті» деп, бұл екі азамат қазақ қоғамы – халқы үшін қам жеді – қамықты. Бұл – «би айтқанды құл да айтқан» таптауырын сөз емес еді. Сондықтан «бар тамырды қуалады» мен «сөзден» де бұрын Берік мырзадан «ынталы» жүрек көріп қалдым. Жүрек құпиясы – поэзияны танып әдебиет жоғалмағанына куә болдым. Себебі Абай атасының «ынталы жүрек сезген» сөзі еді бұл. Сөйтіп «әдебиет жоғалды» деген қазақ профессорының алдына мат болмаса да шах қоюға шақ қалдым. Егер руханият мәселесін кәсіби-ғылыми зерттейтін қазақ филологиясы профессорлары көшеде қауесет іздеп жүрсе, бұл жалқы емес жалпыға тән-тантық болса тоқырау тамыры тереңге түсіп кеткені рас болуы керек. Кездейсоқ кездесу екі мәртеден соң – заңдылық, үйткені. Қазақ қоғамының тереңіне бойлай айтылған Берік сөзінің салмағынан жаншылғандай күйімде тағы да телеарнадан осы тақырып ашық алаңға шықты. Бұл жолы Парламент Білім Министрлігіне «мектептерде коррупция бар» - ауыр айыпты халық алдында мойындатты. «Геноцид» - Нюрнберг процессіне парапар қылмыс қой. Дариға Назарбаеваның бұл пікірін Қамал Бұрқанов «бүгін докторлық диплом кез келген қойшы- сиыршының қолында кетті» - деді. «Ғылым сатылуда» - деді Дариға Назарбаева. Ал Парламент Үйінің төбесінен қарап отырған Н.Ә.Назарбаев: «Қанша ақша бөлдік, қаншама ғылым докторлар отыр, қазақ тілі, Қазақстан тарихы оқулықтарын оқып шықтым. Масқара! Бәріне сараптама жасаңдар. Ал оқулық түрі мынау» - деген еді мұғалімдердің 3-ші Құрылтайында 2004 жылы. Араға он жыл салып Елбасы сөзінің жаңғырығы бүгін Парламентте әлгіндей жаңа дерекпен толыға түссе құзырлы мекеме – құқық қорғау орындары да қауқарсыз болғаны ғой. Бірлі жарым болса да баспасөз беттерінде бұл жәйт бас көтермей тұрған жоқ. Елдің ішкі-сыртқы саясатына тікелей қатысы бар бұл мәселе әманда өткір тұратыны мәлім. Қызығы сонда, қазақ қоғамының бұл қабырғалы мәселесін қазақ басылымдары емес, бірі – түрік, бірі – орыс тілді «Central Asia Monitor» басылымы паш етті.

            «Заман Қазақстан» газеті қазақ тілі – ғылым-білім тілі ғылым-білім ордасында қай халде екенін қаз қалпында әдемі айшықтаса, аймақтық «Central Asia Monitor» газеті мәселенің ғылыми астарын ашқан. Кезекті бір Парламент дүмпуінен соң, әсіресе Елбасының «Еңбекке 20 қадам» мақаласына үн қату мақсатында болса керек, Білім және Ғылым министрлігі – білім беру департаменті және Абай атындағы Ұлттық Педагогикалық Университеті тізе қоса отырып республикадағы жетекші мамандарды шақыртып алқалы жиын өткізбекке жар салыпты. Бұл хабарды естіген патриот журналист жарнамада көрсетілген мекенжайға ҚазҰПУ-ға жетеді. Алайда, жарнамада аттары аталған әлгі хұзырлы мекеме жауапты тұлғалары түгілі бірде-бір кіші қызметкерін де жібермепті бұл азулы орындар. Тілші «болашақ білім кілті қолындағы «көкелердің» бұл қал ойыны?!» – деп ойланып үлгермей екінші парадоксқа тап болады. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегеннің шындығын ол шақшадай басына еш сиғыза алмапты. «Өнер алды – қызыл тіл» концепциясының авторы Абай атын жамылған ғылым-білім ордасы, ұлттық жалғыз педагогикалық университетте жоғарыдағы бейберекеттік өз жалғасын тауып: мемлекеттік тіл заңы маңсұқталған. Қазақ тілінің өз отанындағы қасіретті тағдырын осы күнге дейін өзгеден көріп келген тілші: «Жиынға жиналған жетекші – қосалқы маманның 99.9 пайызы қазақ нәсілі бола тұра бұл алқалы жиын бастан аяқ халықаралық тілде өтті» деп, қапаланады («Заман Қазақстан» - 23.06.2012). Бұл басылым әлгі мақаламен қатар орыс тілінде университетке мадақ (ода) айтқан екінші материалды ұсыныпты. Университет 23 шетел, 72 шетелдік университеттермен қоян-қолтық ғылыми байланыста екен. Ал тоқыраудың ішкі мәнін ғылыми зерттеген «Central Asia Monitor»: «... Парадокс в том, что многомиллиардные вливания в эту сферу качества самого образования не улучшают». Зерттеуші мамандармен тілдесе келе: «... как и полагается профессионалам, они сразу акцентировали наше внимание на методологической стороне дела, по их мнению в настоящее время еще не отработаны до конца и не приведены в необходимое соответствие стандарты образования. Сегодня разрешением этой в общем-то тупиковой ситуации в образовании занимаются в КазНПУ им.Абая и в Казахской академии образования. Однако их попытки привести стандарты образования в какое-то соответствие не приносит ощутимых результатов» (21-24.09.2012 «Central Asia Monitor»). Бұл тәрізді көзжасындай кермек әрі фотоға түсіргендей ақпардан түйгеніміз – білім-ғылымның, руханияттың асқындаған ұлттық мәселесін жарнамамен жауып-жасыра алмасымыз. Яғни, «бұл оқу орнында оқу тәрбие басым бағыты – ұлттық тіл-діл» деген жалған жарнамаға рухани сұраныс тойып, тоқырай қояр ма?! Ал мен өз басым осы жерде келесі парадоксқа кездестім. Шешім таппаған – «тупиковый» саналған методологиялық мәселемен қазақ филологиясының маманы Бақыт Кәрібаева шұғылданған еді. Жоғарыдағы басылымдар бас көтерген кезеңмен тұспа-тұс осы ҚазҰПУ соған екі жоба ұсынған еді. Біріншісі – «Қазақ әдебиеттануындағы методологиялық мәселелер», екіншісі – «Бітірушілердің білімін көтеру арқылы оқулық сапасын жетілдіру». Бұл жобалардың алдында автор «Қазақ әдебиеті ХХІ ғасыр парадигмасында» Жобасын жүзеге асырған болатын. Бұл бағыттағы ғалымның басқадай да еңбектеріне сүйене келе «Ана тілі» газеті «Қазақ әдебиетіне жаңа концепция керек, ол Бақыт Кәрібаева шығармашылығында бар» атты мақала жариялады (06.09.2012). Парадокс сонда «қазақ тілі мұңы» салтанат құрып тұрған әлгі білім ордасы отандық ғылым жетістігін қабылдауға кабілетсіз болып шықты. Абай атын алса да, «ақылға бірлік қылайық, малға бірлік қылғанша» - затын ала алмағаны ма?! Ғылыми – практикалық кетігін тапқан менің жобам шидің сыртына шығарылып, ҚазҰПУ алыс-жақын ағайынға сауын айтты: «Шерхантану», «Бауыржантануға» бейімделіп, Абайға сырт беріп Яссауи, Тараз, Шымкент университеттерінде көптен бері қызмет қылып жүрген Мекемтас Мырзахметов шақырылып «Абайтану» орталығын ашты. Жоғарыдағы «қазақ тілі заңы» мұнда аяқ асты болып жатқан сәтте бұл «орталық» даңқы тіпті Қытай қорғанының арғы жағынан дүрілдеп жатты. Сөйтіп, бір мезгілде шарпысқан диалектика көп нәрсені өз орнына қойып үлгерді. Ал «әдебиеттану» институты ашылып, оған басшылыққа Мәмбет Қойгелді келді. «Ана тілі» - ЖШС «Қазақ газеттері» филолог қалам қайрат ұшталған Бақыт Кәрібаеваны емес, инженер-физик С.Ж.Пірәлиевті (ҚазҰПУ-дың ректоры) редколлегия алқа мүшелігіне тартты. Оқулықпен тікелей айналысып жүрген маман мен емес, министр Жұмағұлов мырза бұл басылымдардың басты «қонағы» әлі шығармашылық тығыз пікірлестікте болды. Бұл «бірлестіктер» нені көрсетеді?! «Малға бірлік» демеген күнде «ақылға бірлік» еместігі айдан анық еді. «Бірлік» тамыры тармақтары тіпті де тамырлана түскені осы басылымдарды жүйелі оқыған кісіге тайға таңба басқандай көрінеді. Ал қадірменді Серік Жайлауұлы Пірәлиевтің қара басы турасындағы пікірім – өзгеше. Қызметтес болдым. Үлкен мәдениетіне, жылы жүрегіне кенелдім. Саналы лебізін есіттім: қолындағы алтын қаламды салмақтай отырып «мына қаламды сатып алуға болады, ал адамгершілікті сатып ала алмайсың» - деді, жанарының сәулесін жүрегіме тура түсіріп. Тағы бірде ректор кабинетін қаумалап тұрған топты қақ жарып келіп, күзет қызметкерін де кеудеден итеріп мені кабинетіне еңгізіп алды. «Не зат?», - дедім батысшылап. «Мен өзім де осы «күзеттен» қорқамын», - деді күлімсіреп. Сөйтіп, әлгі мен құрастырған Жобаларға қолын қойып Министрлікке аттандырды. (Бұл құжаттар менің қолымда қалды). Сонда, «ақылға бірлік қылуға» не кедергі?!

            Совет заманында Батысқа баспалдақ – Балтық жағалауы елдерін көп араладым. Мәдени – ғылыми – діни орын-ошақтарында болып, жеке адам тәрбиесін қалай жолға қою тәжірибе – тәсілдеріне тамсандым. Мен ғана емес орыс – өзбек ағайындар да бұл жетістіктерін қызыға – қызғана аңыз етісті. Жалғыз кірпіші қалмаған Тракай секілді қаланы қаз қалпында қалпына келтірген ғылыми зерде, тарихи санаға еріксіз тізе бүгесің. Ел есігін ашқанынан тоталитарлық емес, тарих қойнына енгендейсің. Мәселен, 600-жылдық тарихы бар мекенжайда бүгінгі ұрпақ дәріс алып – сол заманның ғылыми зертханаларында ой-қиялын ұштайды. Театрына келсем азиялық Айтматовты («Боранды Бекет») сахналап жатыр екен. Жарнамасы барша көпшілік орындарда ілінген. Мен қуанышымды жасыра алмадым. Оқу орындары – музей-кітапханалары тап бір мені күтіп отырғандай құрмет көрсетіп, қызмет қылды. Атым мен адресімді айтсам, тіпті де тік тұрып, көздері жайнап кетеді. Әрине, мұның бәрі көрме емес, жасап тасталған ғылым мен өнер храмына енгендей сезіндіретін фон – аурасы бар. Ғалым – профессорлар еңбектері мектеп-мектеп болып жік-жігімен жүйеленген. Оның үстіне, майлы бояумен кескінделген бет-бейнелері сізбен тірі кісідей тілдеседі. Ой ілімін түйсік – санаға салып өзің-ақ тірілтіп, жалғай бер. Мен өз үйіме келгендей еркінсимін... Содан бері қанша су ақты – тас қалды. Тарихи өтпелі өткелдерден өттік. Алайда сонда тұтанған өркениеттің мәңгі алауы Темірқазықтай төбемде тұр. Интуиция ақыны Мұқағалидің «Жігіттер, мақтанбалық, мақтанбалық! Бөрікті аспанға атып, аттан салып» жолдары жаңа ғана жазылғандай мұнша өзекті болар ма?

ҚазҰПУ – менің ұшқан ұям. Бұл мүйістегі әрбір тасы маған таныс – қымбат тарихым. Қазақ зиялылары тұрақ еткен – өшпес із қалдырған киелі орын. Кезінде жастықпен қапы қалған көп жәйттерді – сәттерімді қазір қайта тірілтіп тарихпен термелегім келеді. Бірақ кедергіге кездесемін. Төлқұжатымды көрсетіп туған университетіме өте алмаймын. Қарулы күзет көз алартады. «Күзет» демекші, төңкерістік Петербордан Парижға жер ауған ақын әйелдің «Сена жағалуында» мемуарынан мен Мандельштамның әскери тәртіптен жанұшыра – сәбише қорыққан болмыс, бет-бейнесін көзбен көріп, қолмен ұстағандай халде оқығаным бар еді. «Сонадайдан қызыл милиция қалпағын көріп қалса, қатар келе жатқан біздердің тасамызға көз іліспей тығыла қалатын» деп жазады, Блок – Гумилев заман – замандасы ақын Ирина Одоевцева.                      

Жуырда «Сағидың жыр кеші» атты жарнама оқып, туған театрыма – Айманов – Отеллоны, Ә.Мәмбетов қолтаңбасындағы Әуезов – Қарагөзді, Айтматов – Фариданы көрген өнер «мехрабыма» маңдай тигізбекке қуана жеттім. Алайда жыр кешін көрген алмадым. Залдың үштен бір бөлігін алған әскери ұландарымды көрдім. Жоғарыдағы Мандельштам кешкен кезеңді елестеттім. Жыр кешінің жүргізушісі белгілі ақын кеш соңында әскери ұландар жетекшісі полковникке ерекше рахметін жеткізді. Неткен ұқсастық – Сағи да дәл Мандельштам секілді сергек сезімнің ақыны еді ғой. Оның осы өлмес рухы тірі екеніне көз жеткіздім. Япыр-ай, деймін үйге келе жатып: ҚазҰПУ-да менің қарсы алдымнан шығатын «қарулы күзет» пен бұл әскерилер арасында қызыл жіп жатқан жоқ па екен?! Біз бүгін әскери коммунизм солдатына емес, өркениетке бет қойып отырған ел емес пе едік?! Өткеннің келмеске кеткен елесі қайдан жүр! – деймін. Халыққа жақын телеарналарымыз «Абайды» емес тарап кеткен «Тамашаны» талмай насихаттаса өнерге көңіл суынбас па! Мұның бәрі Берік мырза айтқан рухани тоқырау («духовный кризис» - Б.Ә.) белгісі емес пе екен?

2014 жылдын әз Наурызында тарих ғылымының докторы, профессор М.Қойгелді шетелдік тәжиребесін бетке алып «ауызша тарих» жазу, жасау Жобасын жария етті. Жеткіншектерге ендігі жерде дәстүрлі жазба тарих емес, «су жаңа» ауызша тарих оқытпақпыз. «Ауылдың алты ауызы» шоуынан ғылымды шоуға айналдыру әлдеқайда салмақты екені мәлім. Алаштанумен аты шыққан тарихшы Қойгелді жаңалығы шоушылардың алдын орап алған жоқ па?! Дәстүрлі тарихшылардың ортасына «Қазақстан» телеарнасы арқылы «көкпар» тастады: көксерке емес, «көклақ» тартуға жарамай тарихшылардың намысына ши жүгіртумен ғана тынды. Мәселеге тура қарап ғылыми сөз айтудан тайсақтап, әуелі «100 том Бабалар сөзін» алға тарта – арқа тұта отырып осы еңбекке мадақ айтумен тұйықтала берді. Жоба тоқетерін Қойгелдінің шәкірті айтты. Сан ғасырлық дәстүрлі жазба тарихтан «безінудің» себебін ол: «Жазба тарихты қазақша білмейтін орыстар жазған» деп жеткізді, жаңа концепция негізін. Бұл шоуға әрине күлесің. Жоғарыда орыс тілімен қазақ тілін ұрсақ, енді қазақ тілімен «орыстарды» ұрмақпыз ба? Ұлттық педагогика университетінің шығармашылық орталығындағы бұл көрініске кім қалай баға бермекші?! Әлде ондай маманның жоқ екеніне сенімдіміз бе? Ал телеарналар үшін шоу форматына бәрі де сия бермекші. Алайда Қазақстан халықтар ассамблеясы идеясын Елбасының әлгі су жаңа ілім аласартпаспа екен? Үйткені бұл халықтар достығына тура тиетінін айтпағанда, Ядринцев, Радлов, Малов, Томсен тәрізді орыс ғалымдары емес пе еді, біз малданып жүрген тас жазуындағы таңбаларды бізге тұңғыш түсіндіріп берген.

Ғалымдарымыздың бұл Жобалары жедел өмірге енгізіліп, жүзеге аса бастады. Телеарналар қалтқысыз қызмет етті. Алайда аясы тар – жоғарыдағыдай «білімсіздікке» негізделгендіктен тілге – тарихқа қызмет ете алмады. Қайта табиғи таланттан – дәстүрлі ғылым-білімнен алшақтай түсті. Бірі депутат, бірі одан дәмелі, енді бірі фермерге айналып, әлде қашан өнер емес, өмір қожайындарына айналған «Тамаша» авторларын қанша майлап-сулағанымен бұлар тіпті ауыз екі қарасөзге де шорқақтап калған екен. Ауызша тарихтың «жаңа қаһарманы» да сол «Тамашаны», «Айтысты» төңіректей берді. Сөзбасы – қайталанбас Қалдаяқов. Бара-бара кімдерден ауыз әдебиетінің хас батырларын сомдайтын өздері біледі... Әрине, мұның біріне де қарсы тұрып, дау айтудан аулақпыз. Тек сөздің құнсыздануына қарсымыз. Ауыз әдебиеті есебінен есе түгендеген «бақай есеп» шешендік пен көсемдікті көмескілеп бара жатқан жайдақтыққа қарсымыз. Әмәндә халық мұндай мүшкіл-мүскін пародияны қабылдай алмасы хақ. Республиканың бірінші телеарнасы талғам-танымсыз хабарлардың кіндік шешесіне айналуына қарсымыз. Сөзіміз құрғақ шықпасын. Осындай хабардың кейбір нұсқаларын оқырман назарына ұсынып көрейік. Айтушы: «... Шәмшінің үстіндегі костюмін әлдекім шешіп алып кетіпті. Сонда Шәмші: «Қызық. Біреуі кигізеді, біреуі шешіп алады депті» - дейді де, өзі мәз болып күледі, бұл ұзын құлақтан жеткен не анекдот, не тапқырлық тарта алмайтын сөз сүлемесіне ел күлмейді. Ауыз әдебиеті айтушыларын қалай таңдап-талғағанын филологиялық сауаты бар кез келген кісі жақсы біледі. Ауызша жанрдан жеткен жазба өнердегі ең қиын юмор, сатира сілемдерін классикалық қалам иелері алтын жамбыдай жамбасымыздың астына салып кеткен. Ал әлгі сөз сүлемесінен біз мұндай сөз асылы түгілі Шәмші сөзінің төркінінен де адасып қалғандаймыз. Яғни, ауызша тарих жобасы өмірге енбей жатып сүрінді деген сөз. Тек телеарна ғана қысыр сөзге тісі қышып жүргендердің тілегін қанағаттандырғандай. Осыдан «мәртебе – нәпақа» тауып, мұны кәсіп етіп алсақ, қазақ руханият үшін бұл – қайғы. Басқа емес, тіпті сол Шәмші бұл «әңгімелерге» қалай қараған болар еді?! Көпірме сөзге жоқ адам қайта сол ортадан халық арасына қашып кеткен ол өзі жайлы әлгі сөздерді естісе, көзі жәудіреп, құлағы қалқайып, тілсіз тұрып қалар ма еді, темекісін сораптап?! Өңі өзгерген әлгі оқиға сюжеті Шәкеңнің көзін көрген, әніне еріп жастық шақ вальсін билеген, студенттік кездесу кешіне сан қолқа салған біздер үшін де бейтарап емес. Шәкен бірде-бір рет сол шақыруларға мойынын ұстап келе алған емес – мен сөзімді сіздерге арналған, ертен радиодан айтамын дегеннен өзге тілге келген емес. Осындай бір кештен соң болса керек, былқып үйіне жаяулап келе жатқан «жалғызды» көше бұзақысы аясын ба, үстіндегі костюмін шешіндіріп кеткені – болған оқиғаға жақын. Бірақ бізге керегі бұл емес Шәмші сөзінің уыты, сол арқылы композитор жан әлемін тану болса керек. Айтушы осы үдеден шыға алды ма? Егер шыға алмаса «қысыр» әңгіме – «көшкен елге ертегі ермек» бүгінгі стиль ме?!                  

Әлқиса, түн ортасында (бәлкім таң алдында) үйден киіндіріп жіберген жолдасын тырдай – дірдек қаққан күйде көрген Шәмші әйелі шошына қамығып әрі қайталана беретін «түнгі жорықтарға» шын ашуланып: «Енді ертең ненді киесің?! Үйдегі жағдай ас-судан қаншалық артылады?! Тағы да басқа ар-намысқа тиетін ашу үстіндегі ащы сөздерге ұйқылы-ояу Шәмші сабырмен жауап қатыпты: «Бір қазақ кигізді, бір қазақ шешіп алды. Оған сенің нен кетті?!» – деп, қойнындағы «қатын дұшпанды» жеңіп кеткен екен – дейді, мен естіген ертегіде. «Атасының аталы сөзін тірілткен екен» – деймін, ертегі Шәмшіге риза болып. Ал жоғарыдағы мәнсіз-нәрсіз тіркестерді тыңдап отырып бұл сөз иесінің Шәмші еместігін бесенеден білдім. Ал театр үшін басты құрал – сөз, актерді ашатын оның бояу – интонациясы бұл жерде көрермен түгілі айтушының өзіне үлкен сын болып тұр емес пе? Айтпағымыз, ауыз әдебиеті оңай олжа емес, сондықтан оның өзі емес, шаңын қауып қалдық. Бұл Шәмші жайлы «ауызша тарих – ауыз әдебиеті» шамына қатты тиген Шөмішбай Сариев келесі кезекте: «Шәмші Әбілақат Есбаевтың өзінен артық композитор екенін мойындаған» деп, Шәмшіні асыра мақтаушыларға уәж айтты. Бірақ одан әріге бара алмады. Дерек-дәлелсіз тек қиялаған дау туғызуға – «айттып – бітті, кестім – үзілдіге» тірелдік. Есесіне Ә.Еспаев жәйлі бұл да дәл жоғарыдағыдай – егіздің сыңарындай әңгіме айтып берді. Бұл жолы да Еспаев ұтылды, Шөмішбайдың «аты озды». Бастысы – тұп-нұсқа бұзылды. Шөмішбай: «Әбілақатқа «Мәдениет және тұрмыс» журналы аз қаламақы қойыпты. Сонда ол: «Мәдениеттерін жақсы екен, ал тұрмыстарын нашар екен» - депті» (сөзбе-сөз – Б.К.) – дейді де, бұл да өзге емес өзі мәз болып күледі. Бұл сөздің несі күлкілі?! Түсініксіз. Бізді мазалағаны – дәл осы жердегі Әбілақат ауызынан шыққан мінсіз юмор мансұқталып жабайы күйге енуі. Бастысы – сөздің атасы өліп қалды. Әбілақаттың өзі емес елесі, сөзі емес ұсқынсыз сұлбасы жетіп отыр ұрпақ құлағына. Ал онымен тарихтас тұлға Зейнолла Қабдолов бұл әңгіменің нақты нұсқасын бізге былайша жеткізген еді. Зейнолла Қабдолов: «... Әбілақат «Мәдениет және тұрмыстағы» гонорарын ұзақ күтеді. Келсе, небәрі 23-ақ сом қойған екен. Сонда асыл адам бұл жүгенсіздікті сабырға жендіріп: «Мәдениеттерің жақсы екенін бұрыннан білетін едім. Тұрмыстарыңыз да жаман емес екен» деп, тұрып кетіпті. «Саптаяққа ас құйып сабынан қарауыл қараған» замана «құйымшағын» біз де көрдік. Әбілақат сөзі – сондықтан қалтқысыз заманауи сөз. Зекеңе ауызша тарихты бұзбай жеткізгені үшін – мың алғыс. Бұл сыңар сөзден мен замана келбетін – тарих тынысын таныдым, үйткені. Оның Еспаевтай «ерін» еріксіз ардақ тұтасың. Біздің театрларымыз, шіркін осындай шаммен іздейтін сөз – сөйлемдерден қапы қалмаса ғой. Сөз патшасы оңай тумайды – толғақтан туады. Әлгі сөз сары алтындай сабыр, тұнып тұрған мінез ғой. Театр тұлғасы – мінез. Оның тасасында тұрған – кісі-кісілік. Образ дегеніміз осылар ғой. Ия, өнер – соқырға таяқ ұстату емес. Біздің үлкен – ұлы театрымыз Шекспирден, Қобыландыдан осындай ірілік іріктеді. Оны бүлдіру бүгін қиянат қана ма?! Қып-қызыл қылмыс емес пе, біле-білгенге!

Екі нұсқа арасы жермен көктей. Неге? Әңгіме білімде. Әйтпесе Шөмішбай Зекеңнен бір елі де кем емес. Ол ауыл арасы ақыны ғана емес, өз сөзімен айтқанда (әрине телеарнадан), дүние жүзі ақындары бас қосқан небір құрылтайдың «королі» сонда Әбілақаттай ұлт мақтаныштарын осы өреде таныстырмақ па?! Ол – қажеттілігі болмаса да, тоқсаныншы жылдары қазақ лирикасы бойынша жарыса диссертация қорғалу үстінде диплом алған ғалым. Айтпағымыз – бұл саладағы бүгінгі ортақ жәйт. Ел атынан сөйлеп жүрген шешендеріміздің Шөмішбай секілді, көпшілігінде қарапайым филологиялық білім жоқ. Бұл –  «жаман бала жақсы әкенің (қазақтың асыл сөзі) төрдегі басын есікке сүреу» болмас па?! Телеарнада – өз үйінде хабарлы – лепті сөйлемді ажыратпағандар «кісі үйінде сызу сыза ма?!»

            Мен Әбілақат жәйлі екінші бір әңгімені академик З.Қабдоловтың жары Сәуле апайдан есіттім: «... Үйге жиі келетін Әбілақатқа қайсы бір күні есік ашпадым. Зекеңді де осыған көндіріп, тым-тырыс отыра қойдық. Терезе көзінен ерсілі-қарсылы жүргіштеді де, кетіп қалды. Ертеңіне есік көзінен тілдей қағаз тауып алдым. «Зейнолла – Сәуле! Сендерге не болған?!» деп жазыпты. Апай рахаттана күледі. Әрине, бұл күлкінің жөні бөлек – эстетикалық күлкі. Ал сөз – сахнада Шекспир айтатын сөз. Мен оның талант қырларына тәнті боламын. Трагедиялы тарихын удай өкінішпен еске аламын. Мәскеулік әріптестірі шетел асып, талантына тең қалам ақысын алды: өмір сүрді. Ал Әбілақат болса, Мәскеуден алған телегей-теңіз кәсіби мол білімін, туа бітті талантын қорлыққа көне жүріп халқына бағыштады. Қиын кезеңде отандастарының жанын жадыратты. Қысқасы, адамға қызмет қылды. «Лай суға май бітпесін» ол елемеді – есептеспеді. Мұндай жан дархандығы – дара туған – ұлтына тартып туғандар үлесі. Сондықтан ол тұтас замана кезеңіне сәулесін түсіреді. Мұны бірегей музыка мамандары жақсы біледі. Бірде қала сыртында – табиғат аясында бір музыканттың репродуктордан Еспаев әнің ұзақ тыңдап, соңынан үнсіз егіліп жылағанын көзім көрді. Осындай қиялға беріле қапаланып  төбеге қарап жатыр едім, «Бірінші канал Евразия» телеарнасы «ұрлығымның» үстінен түскендей, жылан жылдың – 2014, 2 қаңтар күні екі сағаттан артық Еспаевтың заманы – замандасы Александра Пахмутовамен Добронравов туралы бүгінгі ұрпақ үнінде ғажайып хабар таратты. Сол бір кезеңнің телеэпопеясы дерсің. Алқалы отырыста актер Лановой Пушкиннен ұзақ үзінді оқыды: еш кідіріс-мүдіріссіз. Өз жаныннан Пахмутова жүрегіне өз мүлкіндей етіп жеткізіп отыр. Дарынды композитор бүгінгі жасамыс қалпынан балғын жас шағына қайта оралғандай күй кешті. Оның ән құдіретінің кілтін тауып, өнер құпиясын ашып бергендей болды. Көрер көзге де, естір құлаққа да ескі – жаңа сөз жаңғырығы айықпас әсерге бөледі.  

Тіпті,бүтін қоғамға тіл – өнер сабағын жүргізіп жан байлығын үш сағатқа жуық су арған салауатты мәдени шараға айналды. Қайтып қана алғысынды айтпассың.

Әдебиет неге бүгін бұлайша балаң ойдың балдыр-батпағына айналып бара жатыр? Бұл – көп көкейін тескен мәселе. Дәл осы сауалдың жауабын да мен осы қарсаңда, дәл 14.01.2014 күні түн ортасы ауа қызыр атадай жалт етіп келіп, жоқ болып кеткен Жабайхан Мүбәрәк ұлы Әбділдин сынды абыздан есіттім. Ол әлгі «дерттен» арылудың емін айтты. Ол: «Бізге бүгін ғылым-білім керек. Ол Абайда бар. Дүниежүзі философиясын ақтарып-теңкеріп түгескенімде Абай данышпандығына таңқалдым» - деді. «Ал оны жүзеге асыру үшін кісілік керек, әйтпесе, бәрі бекер» - дейді ғұлама. Терең сөз – иланымды қарапайым ұғым. Ж.М.Әбділдин – қазақстандық философияның атасы. Ғылымдар атасы философия болса, бұл түйін сөз әрмән қарай сана – саналылықпен тарқатыла түсуі ләзім. Алайда бұл сөздің уыты жайылып, ізі суымай «Қазақстан» телеарнасы келесі хабары (18.01.2014) Абай жайлы екінші бір түсінік таратты. Философ Жабайхан немересі мектеп қабырғасында Абай қарасөздерін жаттап, халықаралық Олимпиадада бірінші орын алса, филолог Сұлтан Оразалин университет қабырғасында оқып жүрген немересіне «Абайды» оқыта алмай қор болып жүргенін хабарлады. Бұл кісі жоғарыдағы филология профессоры секілді «әдебиет жоғарып барады» тенденциясының туын көтерді. Абайды бүгін француз оқып, қазақ оқымаса бізге емес, қазақ қоғамына қара тастай салмақ. Абай суретін туалеттің қасында іліп қойып, өзіміз шетел асып – шетелдік атанып кеуде қақсақ, сол шетел университеттері өздері-ақ бізге руханият көзін іздеп келе бастады емес пе? Бұл ойланарлық жәйт. Абай әдебиет қана ма?! Осы хабар үстінде-ақ Абай – актуальды.

                        (Жалғасы бар)

    &nb