Біз сырт көзге міндетті емеспіз

Біз адамның игі ісін үйінде отырып жамандайтын қоғамда өмір сүреміз. Расында арамызда өзінің қолынан келмегендіктен, өзге біреудің сол іспен айналысып жатқанын айтып, сынға алатындар көп. Олар мұны іштей көре алмағандықтан жасауы мүмкін.

«Кіші адамдар өзге адамдар туралы сөйлесе, орта адамдар оқиғаларға байланысты сөз өрбітеді. Ал ұлы адамдар идеяларды дамытумен айналысады» дегендей адам баласын серпінмен дамуына кедергі болатын нарселердің бір осы – көре алмаушылық.

• Қайырымдылықпен айналыссаң – «Егер қайырымдылық жасасаң, ол туралы жар салудың қажеті қанша? Сауапты үнсіз жина! Өзіңді-өзің жарнамаламай ...».

• Билікті мақтасаң – «Өзі саясаттан жұрдай болса да, билікті болмашы мақтай береді».

• Спортпен айналысып, салауатты өмір салтын жүргізіп жатсаң – «Ойй, спортпен айналыссаң өзің үшін айналыспайсың ба? Сурет жүктеудің қажеті қанша?» (Мүмкін мұнда кішкене мақтаншақтық та бар болар ...).

• Өзің болып қайтқан әсем қалалардан алған сезіміңді бөліссең – «Мажорик, әкесінің ақшасына қыдырып жүр. Ақшаның қалай келгенін білмейтін де шығар. Әке-шешесінің ақшасымен жетісіп жүр».

• Көмекке зәру адамдарға қолдау көрсетіп, бейжай қарайтындарды үгіттесең – «Өзіне-өзі PR жасап жүр. Арзан маркетолог».

Осындай пікір айтатын адамдар кез келген қоғамда болған, бар ... кейін де бола береді. Дегенмен мұндай әрекеттер туралы бөлісу кішкене мақтаншақтық болса да, қазіргі біздің қоғамға керек. Өскелең ұрпаққа тірек болып, үлгі тұтар азаматтары болуымыз керек. Біздің жас қоғамға жаңа идеология, сенім беретін өзіміздің Джобс, Гейтс, Цукербергтер жетпейді. 



Бөлісу: