Cенсең, бар! Барсаң, өкінбейсің

      Театрға қазір көбіміз бармаймыз. Сенде уақыт жоқ, менде құлық жоқ. Ана біреуде ақша жоқ шығар. Ол да әрқайсымызды бір айналып өтетін себеп. Дей тұрғанмен ниеттенсең уақыт табылып, құлық өзгеріп, билет алуға ақшаң да табылады.
     Мен мынаны айтайын дегенмін. Қазір Алматыдағы қазақ және өзге ұлт театрлары ХХІ ғасыр ағымына барынша ілесіп келеді. Ол аз десеңіз спектакльде отырып, күнделікті ауыз екі сөздерді естисіз. Қатарластарыңыз қолданатын әзіл де, сахналық безендіру де қапысыз. Орыс, ұйғыр, кәріс, неміс театрларына бармасаңыз да, өзіміздің 2-3 театрға бас сұғып тұрған жанға арагідік жайлылық сыйлайды. Кейде спектакль ұнамай қалады. Сәтсіздіктер де жоқ емес қой өйткені.
     Сол себепті сіз барғанда рухани демалыс сыйлайтын бір қойылымды атайын. Осетин драматургі Георгий Хугаевтің "Қара шекпені". Саясат та, тарих та жоқ мұндай. Алмағайып тіршілік. Табиғат пәлсапасы. Ғаламтордан мазмұнын, рецензияларды да оқымай, тура "ТЮЗ-ға" (Мүсірепов театры) тартыңыз. Жүрегіңізді жұмсартып, өз бойыңыздағы қатыгездігіңізді айна арқылы көріңіз!
      Жалпы бұл жақсы қойылым екеніне сеніп бараңыз. Сенбесеңіз барған соң сенесіз.


Бөлісу: