Заңдылық пен әділдікке құштарлық

«Заңдылық пен әділдікке құштарлық». Бұл – кітап. Мақсаты сіз бен бізді қанатты сөздер, ақылды ойлар, мақал-мәтелдер арқылы заң әлемінің құдіретін сезінуге жетелеу екен. Кітаптың құрастырушы авторлары: Сағатбек Сүлеймен, Ертай Жұмағазиев. 2009 жылы Алматыда «Арыс» баспасында жарық көрген екен. Негізі, қолымдағы бұл кітап толықтырылған – екінші басылым. Ал бірінші басылымы сонау 2001 жылы «Жеті жарғы» баспасында жарық көрген екен.

Кітап екі тараудан тұрады. Бірінші тарауы құрастырма болса, екінші тарауы Жұмағазиевтің шығармашылығына арналған. Құрастырушылар эпиграф ретінде Ж.Делильдің сөзін таңдаған: «Адамның ғажап ойларын жинау ғаламат мол қазына болар еді». Мына бір абзацты жазбасқа болмады:

Ежелгі гректер заңды жіппен өлшеген. Заң шығарушы мойнына қыл арқанды салып тұрып, өзінің жазған заңының мәтінін орындыққа шығып оқитын болған. Көпшілік дауыспен заң қабылданбай қалса, орындықты құлату арқылы оны дарға асқан. Міне, сондықтан ежелгі римдіктерде (кітапта «римдіктерде» деп жазылған) керемет заңдар, ұлы заңгерлер және заңға бас иген халық қалыптасқан.

Құрметті оқырман, бүгінгі блогымда алғы сөз орнына жазылған дүниелермен бөлісемін. Алдағы уақытта кітап тақырыбы бойынша блогтар жазып, еңбекті соңғы парағына дейін жеткізуге уақытымды жұмсайтын боламын. Әрбір автордың жазған сөзіне оқырмандық көзқарасымды да білдіріп отырамын.

Жасымда ғылым бар деп ескермедім дегеніндей, мен де жас болғасын естілердің сөзін ескермей жүрдім. Алдымда не өмір күтіп тұрғанын білмегендіктен, ойнап-күліп жүре беріппін. Естілердің сөзін оқығаннан гөрі әңгімелерін тыңдағым кеп жүр. Әйтпесе, қазір айналамда есуас әңгімелер көп. Бас ауырады. Жігіттердің «ет» туралы өсектерінен оқшауланамын.

Жалпы, шешендіктің табиғатын білмеймін. Алайда біліп сөйлейтін адамның әңгімесі мен үшін қызық. Қазіргі күнде кісінің айтар сөзіне қарайтын болғанмын. Көбінесе адамдар көргені бойынша біліп сөйлейді ғой. Адамның айтқан әңгімесінен не көргенін байқауға болатын сияқты. Сондықтан жақсы сөз – жарым ырыс болғандықтан, шешендік кісінің көркі бола бермек.

Негізі, Квинтилианның бұл сөзін дұрыс түсіне алмадым. Алайда қазір көп алдында әділдікті жақтаушы боп көріну оңай болып тұр. Керісінше, әділдікті шын сүйетін адамның тұлғасын көлеңке басқан секілді.

Рас. Пәленің көбісі тілден шығады. Пендешілікке салынып, эмоция үстінде айтылған ауыр сөз кейінірек өзімізге зиян боп тиіп жатады. Бір жағынан сөзге жақсы кісінің сөз қадірін түсінбеуі екіталай. Қайта даналықтан алыс адам сөз салмағын өлшей бермейді. Сөзге сақ болғанның пайдасы өте көп. Тіпті, үнсіздіктің өзі де құтқарып жатады. Мектепте жүргенде Жанна апайым жақсы кеңес айтқан еді: «Сұрақ қойылған кезде білмейтін болсаң, үндемеген дұрыс». Оқушылар деген ойына не келсе, соны айта беруші еді.

Адам баласы болғасын сәтін таңдамай сөйлеп қалатынымыз бар. Көбінесе сөйлеп болған соң сөз мағынасын ойлай бастаймыз. Осы екі жағдайда сөйлеп үйренетін болсақ, өсек-аяң деген зиянды нәрседен аздап арылатын бе едік.

Адам көп сөйлей берген сайын қателеседі деген де түсінік бар ғой. Нені мысалға алатынымды білмеймін, бірақ дұрыс айтылған сөз екені белгілі. Айтқандай, өзімнің тым жақсы сөйлей жүріп, ақыры ақымақтық жасап қойғаным есіме түсті. Бұл әзірге құпия боп қала берсін.

Расында, кейде дұрыс түсінбеген нәрсені өзгеге де дұрыс жеткізе алмаймыз. Түсінбегенімізді уақытында мойындай бермейміз. Әсіресе, мына ақпараттық майдан ғасырында түсінбейтін дүниеге де алданып қалып жатамыз. Жалпы, жазуда да ойымыз шатасып жатады. Иә, бір жағынан қабілеттен де болар. Бірақ өзіміз түсіне қоймаған нәрсені де оңды-солды жаза береміз. Сөйтіп, оқырманның сынына ұшыраймыз. Тіпті, пунктуациялық, грамматикалық қателіктер де рөл ойнайды. Мұнда да ой шатасқаннан деп білемін.

Ойлаған нәрсеміз сөз боп шығатыны рас. Ал сөз іске айналып жатады. Иә, кейде көп сөйлеп, ойыма біраз тірлікті сыйдырамын-дағы, іске келгенде біреуі де бола бермейді. Ал жақсы ойда жүру деген жақсы нәрсе. Бірде автобуста валидаторға төлейтін тиын болмай, жұрттан 200 теңгені майдалап беруін сұрадым. Ешкім үндемеді. Жүргізушіге ескерттім. Дұрыстап сұрап көр деді. Орыс болған. Адамдар – жаман, бар болса да бергісі келмейді деп жеткіздім. Жұрт туралы жаман ойда екенсің деп ойландырып тастады. Сонымен қатар адамның бір-екі ісіне қарап, баға беріп жатамыз. Жаман ойға жүгінетініміз де бар. Иә, адамның жамандығын біліп қойып, мән бермей, жақсы ойда жүрсеңіз де жамандығын жасауы мүмкін. Дегенмен, әрдайым жақсы ойға ниеттенген дұрыс шешім, көркем мінез. Көбінесе адамды жақсы тани түскің келетін кезде біреу кеп, ол туралы лақпа сөзді лақ еткізе салады. Міне, сол кезде әлсіз болғандықтан күдік пен күмәнға беріліп кетеміз. Адам өзі көңіліне қарай өмір сүретін пенде ғой.

Рас, сөз сүйектен өтеді. Әділсіз, бірақ ауыр айтылса, көңіліңді оқтай теседі. Орынды, бірақ жұмсақ айтылса, сонда да жеткізетін жеріне жеткізеді. Екі ауыз сөзбен де мәселе шешіледі екен. Жалпы, сөз туралы көп дүниені жазып, астаң-кестең қылуға болады. Тілі нәрсіз дегенді сөзі құнсыз деп те түсінуге болады. Себебі ойы таяз адамның айтар сөзі де сондай деңгейден асып болмайды. Ал ойды өлтірмес үшін кітап оқу керек екен. Себебі кітап оқуды қойған адамның ойы да өледі деген мағынаға жақын келетін жақсы бір сөзді оқығаным бар еді.

Құрметті оқырман, суреттерде жазылған қанатты сөздер бойынша пікір алаңына өзіңіздің көзқарасыңызды білдірсеңіз де болады.



Бөлісу: