Қоғамдық сананың дамуы - еліміздің жаһандануы
жеке
блог

Қоғамдық сананың дамуы - еліміздің жаһандануы

Отан – төрт-ақ әріптен құралса да мағынасы тереңде жатқан қазына. Бұл сөз ақындардың жүрегін шабыттандырып қана қоймай, қаншама жазушылардың қаламын ұштағаны хақ. Отанға деген сүйіпеншілік тек ақындар мен жазушылардың ғана атағын шығарған жоқ. Отанға деген сүйіспеншілігі арқылы талай ғұламаларымыз бен талай тұлғалар биік белестерді бағындырып, елімізді әлемге танытқан жоқ па? Ол ол ма, осы сүйіспеншіліктің әсерімен қоғамдық сана қалыптасып еліміз ерекше гүлденді, жеріміз жұлдыздай жарқырады. Кеудеңді секунд сайын соғып тұрған жүрек түкпірінде патриоттық сезім алауламаса бұның бәрі болар ма, жаһандану дәуірі келер ме? Еліміздің дамуын қаласақ – қоғамдық сананы дамытқанымыз жөн шығар. Ал қоғамдық сана дегеніміз не? Оны қалай дамытуға болады?

Қоғамдық санаға тоқталмай тұрып, қоғам деген сөздің мағынасын ашып алайық. Қоғам – адамдардан құралған топ, жалпақ тілмен жандандыратын болсақ, белгілі бір мемлекеті бар, біртұтас адамдардың жиынтығы. Ал қоғамдық сана дегеніміз – әлеуметтік сезімдер мен көңіл-күйлерді, әдет-ғұрыптар мен мінез-құлықтарды, дәстүрлерді қамтитын сала. Мемлекеттің дамуы міне, осы қоғамдық санамен тығыз байланысты. Мектепте бастауыш сыныпты оқып жүргенде Ахмет Байтұрсыновтың Крыловтан аударған «Аққу, шортан һәм шаян» шығармасын оқыған едік қой. Бұл шығармада ұйымшылдықтың болмауы есебінен жүк орнынан қозғалмаған еді. Аққу  мен шортанның һәм шаянның ұйымшылдығы жеңсе жүк алға жылжитын еді. Бұдан шығатын мораль қандай? Қоғамдық сана да дәл сол сияқты. Егер қоғамдық сана дамымаған болса, онда мемлекеттің дамуының ықтималдығы тым төмен. Ортақ идея болмаса, ортақ саяси ұғым болмаса мемлекет дами ала ма? Жоқ! Сондықтан қоғамдық сананың жаһандануы – мемлекеттің жаһандануына алғашқы қадам екенін ұмытпайық.

Еліміздің гүлденуі үшін де ұлттық кодтың маңызы өте зор. Ұлттық код – ол ең алдымен тіл, қазақты қазақ етіп отырған дәстүріміз бен салтымыз, бізді айқындайтын мәдениетіміз. Егер бұл код жоғалса, еліміз жоғалды деп санай беріңіз. Сондықтан ұлттық кодты қызғыштай қорып сақтауымыз керек. Бұд біріншіден парыз! Ұлттық кодты келешек ұрпаққа сол күйінде аманат қылып табыстау үшін Ана тіліміз бен дінімімге, салтымыз бен мәдениетімізге құрметпен қарауымыз шарт. Сонда ғана елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқан «Мәңгілік ел» жобасы іс жүзінде жүзеге асады.

Біз қоғамдық сананың біліммен ғана жаһандана алатынын ұққан кезде біздің еліміз одан сайын гүлденеді. Ұлттық кодымызды сақтай білсек қана қазақты әлемге «қазақ» етіп таныстыра аламыз. Сондықтан бұл көтерілген мәселелер еліміздің болашағы үшін екенін ұмытпайық!