Альберт Хичкок. Ең маңыздысы– атақ-абырой (барлаушылық әңгіме)

Қонақүйдегі туристердің қымбат бағалы мүліктері бірінен соң бірі жоғала бастады. Қонақүй басшылығы бұл жағдайға ештеңе де істей алмады, тосқауыл қоя алмады. Сақшылар да ұрыны ұстай алмады. Денвер қаласының ақпарат құралдары бұл оқиға жайлы үзіліссіз хабарлар беріп, ұрлық қылмысын бірнеше ай бойы бас тақырыптарына қойып, сан-саққа жүгіртті.

Бір күні дәл осы қонақүйдің 306-бөлмесінде тұрып жатқан Кресс мырза әлгі қылмыскерлердің торына оңбай түсті. Оның қалтасындағы ақшасы ұрланғанымен қоймай, ұрылар оның әйелін де барымталап, өзінің аяқ-қолын байлап, орындыққа таңып кеткен.

Барлаушылар бастығы Брон қылмыстық іс жайлы ести сала, қонақүйге жетіп келді.

«Ұрылар бір миллон АҚШ долларын берсең ғана әйеліңді жіберемін деп отыр», деді жүрегі орнығып, өз-өзіне келе бастаған Кресс мырза барлаушылар бастығына.

«Кресс мырза, сақшыларға сеніңіз, біз әйеліңізді құтқару үшін міндетті түрде ең үлкен күш-қуатымызды жұмсаймыз. Барымташылардың шартына келер болсақ, бұл іс жайлы жан-жақты ойланып алған соң шешім шығарғаныңыз жөн» деді барлаушылар бастығы Брон.

«Хһмм, барлаушы мырза, әйелімнен айырылып қалғым келмейді, сондықтан мен ең дұрысы олардың шартына келісейін. Мен де ғой оларға бере қоятындай бір миллион доллар ақша жоқ, бірақ қайын атам маған көмек ретінде бұл ақшаны беруге келісті. Ақша қолыма тиісімен-ақ, әйелімді қайтарып аламын. Сендер, ішкі істер қызметкерлері, бұл іске ең дұрысы араласпай-ақ қойыңдар, өйтпегенде әлгі барымташылар әйелімнің жанын жаһаннамға жіберуі мүмкін»,- деді Кресс мырза ащы мысқылды күлкімен барлаушылар бастығына.

«Меніңше, сіздің шешіміңіз дұрыс, - деді бір жақ шетте тұрған қонақүй директоры оған қосыла, - бұл қонақүйде мұндай қылмыстық іс бірінші рет болып тұрған жоқ, ал сақшылар ешқандай да жіп ұшын тапқан жоқ» деп іштей барлаушыларға деген наразылығын жеткізді.

Барлаушылар бастығы Брон директорға ашулана бір алайды да бұл арадан кетті.

Ертесі түс уақытында Кресс қара түсті шабаданды көтеріп, қала сыртындағы өзгеше бір көнетоз үйдің алдына келді. Ол ізіне біреулердің түскен-түспегенін анықтау үшін арт жағына жалтақтай бір қауым уақыт тұрды. Ешкімнің де еріп келмегеніне көзі жеткен соң, лып етіп үйге еніп кетті. Үйде жас, әрі өңді бір әйел оны күтіп отыр еді. Крессті көрген әйел өзін оның құшағына қарай атты.

«Сүйіктім, тағы біраз кешіккеніңде мен жынданып кететін шығармын деп отыр едім» деді ол жыламсырай.

«Болды, барлық іс аяқтады, бір миллион доллар үшін мұндай жапа-машақатқа түсу татиды деп ойлаймын. Кім сенің әкеңді мұншама шық бермес Шығайбай болсын депті? Біз бұлай істемесек, ол ақшаны бізге қайдан берсін?!» деді Кресс ыржаңдай күліп.

Сол күні кеш бата қонақүйдің бірінші қабатында тілшілерге арнап шағын баспасөз мәслихаты шақырылды. Ол өзінің әлгі барымташылармен қалай айқасып, қалай баға таласып, қалай істеп әйелін құтқарып алғаны жайлы көпіріп сөйлеп жатты. Барлаушылар бастығы Брон болса қабағы түсіңкі күйде бір жақ шетте тұр еді.

Тілшілермен болған сұхбат аяқтайын деп қалғанда жоғарғы қабаттан бір сақшы жан ұшыра жүгіріп келді. Брон одан не болғанын сұрады.

«Мәлімет, барлаушылар бастығы! Біз әлгі қонақүй ұрысын қолға түсірдік. Ол қонақүйдің жүк тасушысы кейпінде киініп алып, Русс мырзаның бөлмесіне кірген...

Дәл сол сәтте зал іші у-шуға толып кетті.

«Ол не ұрламақшы екен?» деп сұрады барлаушылар бастығы.

«Мынау шабаданды. Сіз оның не айтқанын білесіз бе? Ол: "Басқалардың атақ-абыройымды пайдаланып ақша тапқанын қаламаймын" деп айтты». Сақшы осылай деп қолындағы шабаданды барлаушылар бастығының қолына ұстатты.

Барлаушылар бастығы Брон шабаданды ашты, көпшілік буда-буда жап-жаңа ақшаны көрді. Бұл – тұп-тура бір миллион доллар еді.


Аударған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: proza.ru